МӘСЛИХАТТЫҢ КӨТЕРЕТІН ЖҮГІ АУЫР
Іле ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуымен» өзге де өзекті мәселелері және алдағы уақытта жоспарланған жобаларына, аудан көлеміндегі құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу мақсатында Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Талғат Ескендірұлы Байедиловпен кездесу жиыны өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, Боралдай кенті және ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары қатысты.
Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Т.Байедилов 1-қыркүйектегі мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауының бағыттарына тоқталып, соның ішінде әр деңгейдегі депутаттардың көптеген заң жобасына бастамашылдық етіп, өзекті мәселелерді батыл көтере бастағандары жөнінде айтылғанын және шынайы ризашылығын білдіргенін баса айтты.
Сондай-ақ, мемлекет басшысының 5-қыркүйекте Алматы облысына келген іссапары барысындағы бірнеше маңызды тұстарына да тоқталды:
Ол өз сөзінде: «Алдағы уақытта осы іссапар барысында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында сіздермен бірге ел мүддесіне бағытталған болашағы зор жобаларға басымдық бере отырып, мемлекетіміздің экономикасын одан әрі дамытуға, халқымыздың әлеуеті мен мәдениетін көтеруге, ынтымақтастық пен бірлікті арттыруға жұмыс істеуге шақырамын. Құрметті әріптестер, Іле ауданы тек Алматы облысының ғана емес, Республика аумағындағы әлеуметтік-экономикалық жағынан ең ірі өнеркәсіпті аудан екені бәрімізге мәлім облыс бюджетіне түскен түсімдердің 56% Іле ауданына тиесілі. Бұл Алматы облысының дамуына ауқымды үлес қосу деп есептеймін. Бүгін осы мәселелерді бірлесіп талқылау мақсатында сіздермен бас қосып отырмыз», — деді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен ауыл-аймақтарды қатар өркендету басты назарда екенін баса айтты.
Сөзінің жалғасында «Инфляция өскен сайын, халықтың нақты табысы құнсызданып жатқаны да ешкімге жасырын емес. Сондықтан азаматтардың әл-ауқатын көтеру қазіргі мәселелердің ең өзектілерінің бірі болып отыр. Іле ауданында іске асырылып жатқан шаралар өте көп, шешімін таппаған мәселелер де аз емес. Бүгінгі таңда облыстық және аудандық мәслихаттар арасындағы жұмыс жандандырылуы тиіс. Жалпы мәслихаттар өңірлердің мүддесін қорғайтын өкілетті орган болып есептеледі. Маңызды экономикалық және әлеуметтік процестер негізінен аудандардан басталады. Аудандарды кешенді түрде дамытпай, облысты жаңа деңгейге көтеру мүмкін емес. Сондықтан мәслихат үшін аудан, қаланы өркендету ісіне үлес қосу негізгі міндетке айналып отыр. Осы мақсаттарды іске асыру жолында біз өздеріңізбен – аудан-қалалық мәслихаттар тығыз жұмыс істейтін боламыз» — деп аяқтады. Мәслихаттың 5 бағыт бойынша жұмысына да тоқиалып, нақты тапсырмалар берілді.
Кездесу барысында өзекті мәселелер талқыланып, облыс деңгейінде шешуді талап ететін бірсыпыра сұрақтар бойынша ұсыныстар айтылды. Жиыннан соң облыстық мәслихат төрағасы басқарма басшыларымен бірге Іле ауданының Жаңаталап ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысына және ҮАААЖ жол пайдалану учаскесі әкімшілігінің жұмыс барысына шолу жасады.