НАҚТЫ ҚОЙЫЛҒАН МІНДЕТТЕР – ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ
Мен әрқашан Президентіміз Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауын тікелей эфирден мұқият тыңдаймын. Өйткені, бұл нақты іс-әрекеттермен ұштасатын өте маңызды стратегиялық құжат екенін түсінемін. Жолдауға қатысты өз пікірімді айта кеткенді жөн көрдім.
Уақыт зымырап өткен сайын онымен бірге бәрі де өзгереді, бұл ең алдымен өзімізді өзгертуіміз керек дегенді білдіреді. Үйде жатып, айналаңыздағы болып жатқан жағдайлар мен адамдарды сөз етіп отырғаннан ешқашан қалағаныңызға жете алмайсыз. Сондықтан, алға мақсат қойып, оған жету үшін міндеттерді нақты белгілеп, кішігірім қадамдар болса да алға жылжу маңызды.
Жолдауда көптеген мәселелер мен оларды шешу жолдарына назар аударылды. Жолдаудың маңызды тұстарының бірі – экономика мен өнеркәсіпті дамытуға баса мән беру. Кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасап, шетел инвестициясын тарту қажеттігін айтып отыр. Бұл ұлттық кәсіпорындардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға және жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік береді.
Мен Президентіміздің болашаққа жасап отырған стратегиясын толық қолдаймын. Егер министрлер мен әкімдер өз міндеттерін орындап, өз істеріне жеке жауапкершілікпен қарайтын болса, бұл болашақта Қазақстанның дамуына септігін тигізеді. Бірқатар салықтарды аудару арқылы аудандардың бюджеттік дербестігін арттыру туралы ақпаратты қуана қабылдадым. Ең бастысы, бюджетті әкімдердің өздері қалыптастырады. Менің жеке пікірім – кім қанша табыс тапса, сонша жұмсау керек. Егер әкімдер халықтың өмір сүру сапасы жақсы деңгейде болғанын қаласа, аумақта бар ресурстардан табыс табудың стратегиясын әзірлеуі керек.
Президент қазір бәріміз қолдап отырған Жаңа Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған су ресурстары мәселесіне тоқталды. Жамбыл облысындағы су тапшылығы мен қуаңшылық, еліміздің көптеген елдімекендеріндегі сумен қамтамасыз етудегі мәселелер жауапты құрылымдардың нақты шараларды қолға алып, тұрғындарға пайдалануды үйренетін бір белгісі – суды үнемдеп жұмсау. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер ауласындағы жеміс-жидектерін де суарып, көліктерін таза ауыз сумен жуады. Орталық ұңғымадан берілетін ауыз судың шамасы жетпейді. Салдарынан, тұрғындары тығыз орналасқан ауылдардың ауыз суы азайып, елдің наразылығына әкелетінін бәріміз білеміз.
Саналы түрде ысырапшылдықтың алдын алу түзелген уақытта, су тапшылығының да алдын алар едік.
Жаңа Қазақстанның берекелі бірлігі, алға қарай қарыштап дамуы біздің қолымызда екенін естен шығармасақ екен, ағайын!
Роза АБИЛОВА, Іле аудандық мәслихаттың төрағасы