ТІЛДІ ҚҰРМЕТТЕУ – ОТАНДЫ СҮЮ
Адам мен адамды, халық пен халықты жақындастыратын құрал – тіл. Тіл – достықтың кепілі, ел татулығының негізі. Ұлтымыздың ұлы ұстазы, руханиятымыздың көсемі атанған қазақ халқының біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлы өзінің сан салалы нақыл сөздерінің бірінде: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп айтқан екен.
Сонымен бірге «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған. Қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысының туған күнімен орайластырып, 2017 жылы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысымен Тілдер мерекесін 5 қыркүйекке ауыстырған болатын. 1998 жылдың 20 қаңтарынан бастап 22 қыркүйекте атап өтілетін мерекенің өзгеру себебі – қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым Ахмет Байтұрсыновтың туған күнімен байланысып жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа емле, төте жазу, араб графикасы сынды жаңа үлгі ұсынған реформатор. Ол – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.
Білім алушылардың бойындағы тілге деген құрмет пен жанашырлықты оятып, тарихымызды тереңдете меңгертуді мақсат етіп, №1 орта мектебінде «Тіл – ұлттың жаны, халықтың үні» тақырыбымен жоспарланған тіл айлығы өткізілді. Іс-шараға оқушылар, ұстаздар да белсене атсалысып, өздерін білімділік, біліктілік жағынан көрсете білді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әдістемелік бірлестік жетекшісі Р. Матакбаева «Тіл – ұлттың жаны, халықтың үні» атты тілдер күні мерекесінің жоспарымен таныстырып өтті. Салтанатты жиынның ашылуында «Тіл – татулық тірегі» атты үш тілде әдеби монтаж және «Туған жер» әні шырқалды. Негізгі іс-шараларды атап өтсек: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Каменгазина 10-11 сыныптарда «Туған тілім – тұғырым» атты эссе байқауын, К. Токбосынова 11 сынып «Тілім менің – тірлігімнің айғағы», атты сынып сағатын және 8 сынып жетекшісі А. Керимтаева, 6-сынып жетекшісі С. Кусаинова «Ана тілім – байлығым» атты тәрбие сағатын, 7 сыныптар арасында А. Худайбергенова, Н. Сансызбаева. «Ана тілімізді құрметтейік» дебатын, 9-сынып оқушылары арасында І. Тоғызбай, И. Жанысбаева «Ойлы болсаң, озып көр» тақырыбында интеллектуалды сайыс, 5-11 сыныптар арасында А. Сейтказина, Касабулатова Ж.Д. Тілім менің – тірлігімнің айғағы» мәнерлеп өлең оқу сайысын өткізді. 4 сыныптар арасында сынып жетекшілері Г. Жылқайдарова, А. Тасболатова ұйымдастыруымен «Өнер алды – қызыл тіл» атты әдеби кеш өткізілді. Жоспарға сай ұйымдастырылған «Тіл – татулық тірегі» атты кітап көрмесі «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясын да қамтып өтсе, түрлі іс-шара, танымдық сайыстар, тәрбие сағаттары білім алушыларды рухани құндылықтарға баулыды. Информатика пәнінің мұғалімдері М. Мұқаш, М. Еспенбетова. «Aqyl battle» тақырыбындағы ой мен ойын интеллектуалды ойынын өткізіп, қызықты сұрақтары мен тапсырмалары қатысушылардың қызығушылығын тудырып, ойларын қозғай білді. Бастауыш сынып мұғалімдері А. Қоржынбаева, Р. Жуыстаева оқушыларды тапқыр сөйлеуге, салмақты ой айтуға үйрету, қазақ тілінде сөйлеу шеберлігін арттыру, сөздік қорын молайту мақсатында «Тілден асқан жүйрік жоқ» мақал-мәтел жарысын ұйымдастырды. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Х. Шариф-оглы, З. Шамшидинова «Язык – основа дружбы» сабақтан тыс іс-шара, 3-сынып жетекшісі Р. Кожабаева. «День языков народов Казахстана, бастауыш сынып жетекшілері «Тіл жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» атты танымдық-ақпараттық тәрбие сағаттарында білім алушыларды тілдің қадір-қасиетін біліп, көп тіл білудің маңызы мен құдіретін сезінуге тәрбиеледі.
Жоғары сынып оқушыларымен жас ұрпақты қазақ елін, қазақ тілін қастерлеуге, ой өрісін кеңейтуге, халқымыздың бай тілінің қыр сырын ұғына білуге тәрбиелеу, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру мақсатында «Ана тілім – ажарым, асыл мұрам» тақырыбында кездесу кешін мектебіміздің кітапхана меңгерушісі А. Елбаева мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А. Байгараева ұйымдастырды. Кеш қонағы ақын, сазгер, әнші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Серпер» сыйлығының иегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, PhD докторы, ҚҰУ ұстазы, АО Үржар ауданының құрметті азаматы, тіл жанашыры Ержан Жұмабекұлы. Оқушылар толғандырған сұрақтарын қойып, ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Ақын өз шығармашылығындағы өлеңдерін оқып, Сүгірдің әнін орындады. Кешке қатысушылар үлкен әсер алды. «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты дөңгелек үстел де тартымды өтті.
Бұл мерекенің негізгі мақсаты туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік, сондай-ақ, өзге ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін танып-білуге бағытталған десек, осындай шаралар арқылы оқушылар өзіне керегін алып, білім қоржынын кеңейтеді, тілдің маңызын түсінеді деп білеміз.
Осындай онкүндік іс-шаралардың нәтижесінде оқушылардың тыңдау және есте сақтау қабілеттері арқылы сайыс тапсырмаларына нақты жауапты ойлылықпен айта білетіндіктері байқалды. Жан-жақты білім танымдылықтары арқылы ізденіс, талпыныс мүмкіндіктері көрінді. Сөйлеу дағдысы жақсы қалыптасқан, тіл мәдениетінде нақты жауап беру ұшқырлығы сыналды. Ұлт бар жерде – тіл бар. Демек, ауызбіршілік осы тілден бастау алады. Қазақстан Республиксында дүниеге келіп, өмір сүре жүріп мемлекеттік тілін, қастерлей білмеу әрқайсысымызға ұят дер едім. Тіл айлығы «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» айдарымен қорытындыланды.
Кенжегуль Токбосынова,
№1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, магистр