ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Халықаралық қарттар күні – бұл аталар мен апалардың, ата-аналардың, бір-бірінің қадірін білетін жақын адамдардың мерекесі. Бұл – жан дүниенің жомарттығы мен адамдық даналықтың, азаматтықтың кемел шағына деген құрмет. Ардагерлер қажеттілігінен алшақ қалмай, үлкендерге құрмет көрсету халықтың мәдениеттілігін сипаттайтын негізгі белгі. Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар.
Бүгін аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен Қарттар күніне орай қазыналы қарияларымызға арналған тағылымды іс-шара өтті. Үлкен ас беріліп, Құран оқылды. Аудан әкімі Ұлан Досымбеков қарияларымызды мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Ардагерлер – еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Сондықтан xалқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген. «Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген ғибратты сөз бекер айтылмаса керек. Сіздер сабырлылық, қарапайымдылық қасиеттеріңізбен біздерді мейірімділік пен еңбексүйгіштікке, Отанға, отбасына деген адалдыққа және абыройлы болуға тәрбиелеп келесіздер, — деді аудан әкімі.
Мұндай құрметке қариялар ризашылықтарын білдіріп, баталарын беріп жатты.
– Ұлан Әлдибекұлы қыруар жұмысқа қарамастан, үлкендерді сыйлау мен құрметтеуге әрдайым уақыт тауып жатасыз. Ол үшін өз атымнан, ақсақалдар атынан мың алғыс. Сізді өз басым жүрегі үлкен, парасат — пайымы кең азамат ретінде өте құрметтеймін. Еңбегіңізге табыс тілеймін. Еліміздің мәртебесі биіктеп, ел — жұртымыздың береке — бірлігі таси берсін! – деді Төлеухан Сүттібаев.
Мереке күні көркемөнерпаздардың ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
М. МАКСЫМ