Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғам

САЯЖАЙДЫҢ ЖАҒДАЙЫН КІМ ОЙЛАЙДЫ?

Әсем Алматы шаһарының айналасында тұрғыны 1000 асатын елдімекенге айналған саяжайлар көбейген. Бұл жалғыз жергілікті әкімдіктің ғана емес, жаппай халықтың бас ауыртар мәселесіне айналды.  Әрине, ауылдың көшелеріне бюджеттен асфальт төселіп немесе мектеп салынып жатқанда, осы сүбелі дүниеден құралақан қалатын саяжай тұрғындарының нан сұраған  баладай кейіпке енетіні сөзсіз. Тұрғындардың кейбірі бюджеттен «бір тиын көмек көрмегенге» ренжіп жатады. Өйткені, біздің мемлекеттің саясаты бойынша саяжай тек маусымдық тұрғыда пайдаланатын уақытша баспана ретінде қарастырылған. Замана ағымы мен нарықтың қыспағы ауылдағы қазақтың күнелту үшін үлкен шаһарлардың маңындағы саяжайларға көшіп келу миграциясын туғызды. Міне барлық «Дайрабайдың бітпес дауына» айналған мәселе осы жерден басталды.  Шенеуніктер саяжайлар мәселесі көтерілсе болды, қара бастарын ала қашады. Өйткені, ауыл статусын беріле қалған жағдайда ауылын жарылқай алмай отырған жерігілікті әкімдікке енді тағы бір көшесі тар, халқы жан-жақтан келген салты мен сарсаңы әртүрлі халық келіп қосылады. Бюджеттен ақша бөліп, мектеп салып, амбулатория қарастырғанға не жері жоқ, тіпті оған ниеті де ауа қоймасы анық. Үлкен мәселеге білек сыбана кірісетін жанашыр әкім қайда?

Біз халқы 300 мыңға жуық Іле ауданына көңіл аударайық. Ондағы Ащыбұлақ ауылдық округінде орыналасқан «Жомарт» саяжайы Алматы қаласынан 15 километр жерде, Жәпек батыр, Төле би ауылдарымен іргелес орналасқан. Көгілдір отынды кооператив төрағаларымен бірге алысып жүріп тартылған, электр желілерінде әр «столбағанды» саяжай тұрғындары өз есебінен  орнатылған. Көшелердің тұрғындары бірігіп жолға тас та төсеген. . Тұрғындар саяжайға ауыл мәртебесі берілмегендіктен, үкімет тарапынан қайыр-қолдаудың жоқ екенін айтып зар қақсағанына ширек ғасырға жуықтаған шығар?І Саяжайда мектеп, балабақша, қоғамдық көлік қатынасы сияқты әлеуметтік қызмет инфрақұрылымы жоқ.

Ауылдық округ әкімдігі өкілдері «2 мыңнан астам халық тұрады» деген саяжайдың билік назарынан тыс қалғаны мұнда келген адамға бірден білінеді. Алғашқы байқағанымыз — саяжай ішіндегі шұрық-тесік жиырмадан астам көшеден көлік түгілі жаяу жүрудің өзі мұң.

                                                                                 САЯЖАЙ ҚАЗАҚҚА ЖАЙЛЫ МА?            

– Бізде жиырмадан астам көше бар, мыңнан астам үйлер салынған.  Әр отбасыда бес-алтыдан бала бар. Өзімде үшеу, мектепке қатынау жағынан өзім алып-барып келемін. Мектеп алыс. Көрші Жәпек ауылына не болмаса Төле би ауылының «Жаңа құрылыс» жағында жаңадан салынған мектепке барады. Кейде көлігім бұзылғанда қиналатынымыз рас,- дейді саяжай тұрғыны Мэлс Қорғасбаев.

Ауылға қаладан қоғамдық көлік анда-санда бір қатынайтындықтан, саяжай тұрғындары көрші ауылға таксимен барады. Жәпек батыр ауылының дәл ортасында «Орталық» деп аталып кеткен Алтай көшесінің тұйықталған жері  топталып тұрған таксистерге және такси күткен тұрғындарға толы. Арасында оқушылар да ара-кідік кездесіп қалады.

– Автобус ауылдарға тұрақты жүргенімен, саяжайларға кірмейді. Біз ғана емес осы М.Түймебаев ауылындағы үлкен кептелісті көрсеңіз сол кептелістің де бірден бір себебі саяжай болып тұр. М.Түймебаев ауылының етегінде орналасқан «Батыр» саяжайының тұрғындары мен Көкқайнар ауылының адамдары такси ұстап, жолды бөгейді. Әсіресе, кешке қаладан жұмыстан қайтқан адамдар қол бұлғап такси ұстайды. Тар жолда адам алуға ынталы такси қауымы арттағы көліктердің өтуіне үлкен кедергі тудырады.  Содан анау айналма жолдан бері 5-6 шақырымға созылған көлік кептелісі бар. Оны зарлап келе жатқанымызға көп болды. Құлақ асатын жан болса, осыны қолға алса екен. Әкімшілік қиылысқа темір қаша жасап, тосқауыл қойғандай болған, қазір оны да елеп жатқан жоқ. Біздің ойымызша сол жаққа бір маршрут керек-ау» — деп жөн сілтеді жол бойындағы тұрғындар.

МЕКТЕПКЕ ЖОЛ

Біз тұрғыны көп «Жомарт» саяжайында мектеп жасындағы шәкірттерге оралайық.  Кемінде мыңға жуық бала бар. Олар М. Түймебаев, Төле би, Жәпек батыр ауылдарына қатынайды. Жергілікті әкімшіліктен 13 тасымалдауға арналған көліктер бөлінген.  Саяжайлар мен ауыл мектептерінің арасы кем дегенде  5 шақырым қашық жатыр. Қоғамдық көлік тұрақты тасмалдайды. Саяжайлықтардың сан жылдар бойы айтылған уәжіне құлақ асып биыл әкімшілік тарапынан жаңа көліктер берілген. Қыстың көзі қырауда бала тасымалы үлкен мәселе туғызып жататын еді. Қазір бір жақты шешілген. Десе де, саяжайдан мектепке бала тасымалдау күн тәртібіннен түскен жоқ.

САЯЖАЙ ТУРАЛЫ ДЕПУТАТ МІНБЕРІНЕН

Өткен жолы ғана «Әр қазақ – менің жалғызым» — деп шырылдап жүрген Парламент мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай Алматының айналасында тұратын жарты миллион адамның үндеуін мәжілістің жалпы отырысында Үкіметке жолдады. Ол таяуда Алматы облысының аудандарын аралап, мыңдаған тұрғынмен кездесу өткізгенін айтты.

Халықпен кездесу барысында саяжай алаптарында тұратын елдің тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп қайтқанын айтты.

Ол: «Саяжай алаптарында тұратын елдің  қалай күнелтіп отырғанын көріп шошыдым. Қонаев қаласы, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Іле ауданының өзінде 674 саяжай бар. Тұрғындарының саны бес жүз мыңға жақындаған. Бұл деректің өзін де нақты айту қиын. Себебі, азаматтар тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеле алмаған соң, жәрдемақы мен мемлекеттік көмек алу үшін Алматы қаласына тіркелуге мәжбүр», — деді депутат өз баяндамасында.

Депутаттың атап өткеніндей, халық қысы-жазы тұрғынжай етіп отырған жүздеген саяжайда мектеп, балабақша, қоғамдық көлік қатынасы, медициналық жәрдем көрсету, асфальт, пошта, байланыс пунктері әлеуметтік қызмет инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Электр қуатына дейін жекенің қолында. Жергілікті тұрғын екі есе тарифпен төлеуге мәжбүр.

«Оқу жылы басталғалы балалар бірнеше шақырым жердегі мектепке балшықпен барып, кейде иттерге таланып жатыр. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Қысқасы, жүздеген мың отандасымыздың сұрайтыны – «ауыл» статусы. Өйткені, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын қалалық және ауылдық аумақтарды дамытуға ғана бөле алады. Бұл түйткілді мәселені үкіметтің деңгейінде күн тәртібіне шығармасақ, бұның арты үлкен әлеуметтік шиеленіске алып келуі мүмкін. Көп қаржыны қажет етеді. Сондықтан, Үкімет жедел әрекет етіп, саяжай мәселесін шешуге арналған нақты, ауқымды бағдарлама әзірлеу керек. Ашығында, бұл Алматы облысында ғана емес, байтақ қазақстанның әр өңіріндегі түйнек. Өз тарапымыздан аталған мәселені бақылауға алып, қоғамдық талқылау жасайтын боламыз», — деді ол.

Сөз соңында айта кетсек. Дәл біз әңгіме қылған Ащыбұлақ ауылдық округінде 57 мыңға жуық халық тұрады. Дәл сол округті 48 саяжай қоршап тұр. Ең үлкен саяжайлар қатарында «Жомарт», «Ардагер», «Ақжол» деп аталды. Жалпы саяжайларда тұратын халық саны 37 мыңнан асады екен. Қазір «Жомарт» сияқты стихиялы түрде елді мекенге айналып кеткен саяжайлардың мәселелерін қарау және оны шешу облыс әкімшілігінде күн тәртібінен түскен жоқ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button