ІЗДЕНІСІ МОЛ ЖАС МАМАН
Жас мaманмен жұмыс – жaс маманның кәсіби және тұлғалық дамуының қайнар көзі болғандықтан, білім беру үдерісіндегі маңызды жұмыстардың бірі. Педагог алға қойған мaқсатқа жету үшін үнемі шығармашылықпен жұмыс жасап, педагогикалық құзыреттілігін дaмытып отыруы қажет. Осы мақсатта Қаратал орта мектебінде «Жас ұстаз мектебі» әдістемелік жұмыс жоспарына сәйкес жұмыс істепп келеді. Жетекшісі физика пәнінің мұғалімі, жас ұстаз А.Ә.Напиханов.
Мұғалім болып мектеп табалдырығын аттағаннан бастап өмір бойы білім алу, өмір бойы үйрену бұрынғыдан артпаса, кемімейді. Соның ішінде әріптестеріңнен үйрену, тәжірибе арқылы үйрену мықты құралың болады. Жас маман болып мектебімізге келген мұғалімдерімізге педагогикалық- психологиялық және әдістемелік қолдау көрсету сол ұжымның ішіндегі тәжірибелі ұстаздарға жүктелген аса жауапты міндет. Былтырғы оқу жылында мектепке ЖОО-нан кейін бір мұғалім ағылшын тілі мұғалімі А.Л.Шағраева қабылданып, тәлімгер ретінде мұғалімдік пен оқытушылық қызметті қатар алып жүрген PhD докторант, «педагог-зерттеуші», тәжірибелі ұстаз Е.Совет тағайындалды. Биылғы оқу жылында ЖОО-нан кейін келген жас маман А.Абдрасиловаға «педагог-зерттеуші», аудан, облыс, республикалық конкурстардың жеңімпазы, шығармашыл да креативті ұстаз, новатор, білікті тренер информатика пәнінің мұғалімі К.И.Михов тағайындалды. Мектепке келген жас мамандар жаңа технологияны жақсы меңгергенімен, теориялық білімі жетік болғанымен әдістемелік сүйемелдеуді қажет етеді. Осыған орай 2022-2023 оқу жылында «Жас ұстаз мектебі» жұмыс жоспарына сәйкес : «Жаңа МЕН», «Кәсіби даму жоспары туралы ойыңыз?», «ҚМЖ құрудың тиімді жолдары», «Оқытудың белсенді әдіс-тәсілдері», «Күнделік.кз толтыру үшін лайфкахтар» т.б шаралар семинар-практикум, воркшоп, интенсив формаларында өткізілді. Қазіргі таңда жан-жақты білімді, өз істерінің білгірлері болғысы келетін жас ұстаздар қатары көбейіп келеді. Олар түрлі сайыстарға қатысып, өздерінің жетістіктерімен көзге түсіп жатыр. Атап айтар болсақ, облыстық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасына физика пәні мұғалімі А.Напиханов қатысып Алғыс хат алса, жас маман О.Нүкен мен тәлімгері Е.Советпен бірге «Педтандем» байқауының аудандық кезеңінен бас жүлдені жеңіп, облыстық кезеңде жүлделі ІІ орын иеленді. Сондай-ақ, мектепішілік және аудандық семинарларға қатысып, тәжірибе бөліскен жас ұстаздар да бар. «Жас келсе, іске» -демекші, бала оқыту мен қоғамдық шараларды қатар алып жүруге дағдыланған мұғалімдеріміз аудандық «Жайдарман» ойынында Бас жүлдені қанжығасына байласа, оқыту мен спортты хобби етіп жүрген физика пәнінің мұғалімі А.Ә.Напиханов облыстық армрестлингтен І орын, Текелі қаласында өткен армрестлинг чемпионатында І орынды иеленіп жүргені көңіл қуантарлық.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін! – деп, жетпеген жеңісіне, орындай алмаған арманына, артында қалған жастардың жететініне нық сенім білдірген Мағжан Жұмабаевтың сенімін сөзбен емес, іспен көрсететін жастарымызға тек қана «Сәттілік!» деп еңбектеріне табыс тілеп, осы бағыттағы сайыстың «жеңіс кубогін» ауданнан, облыстан, Республикадан алып, жас ұрпақ үшін талмайтын қанаттың қағылатындығына ұжым болып сенім артамыз.
С.Турсункулова,
Қаратал орта мектебінің
мектеп әдіскері