Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратКеген келбетіҚоғамМәдениетМерекелер

КЕРЕГЕ ТАУЛЫ КИЕЛІ МЕКЕН – КЕГЕНІМ (КЕГЕН АУДАНЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНІНЕ АРНАЙЫ ШОЛУ)

Алматы облысының әкімдігінің қолдауымен қазан айының 5-жұлдызында «Кереге таулы киелі мекен – Кегенім» атты Кеген ауданының мәдениет күні аталып өтті. Аталған шара аудандық Мәдениет үйінің алдында дәстүрлер сабақтастығын ұштастыру мақсатында ұлттық өнер  және дәстүрімізді дәріптейтін танымдық көрме негізінде басталды. Текемет жасау, көрпе құрау, қабу, ұлттық тағамдар, ағаш ұсталарының шеберлігі, ұлттық спорт (асық ату, тоғызқұмалақ, ләңгі т.б.) түрлері және Кеген аудандық өнер мектебі, кітапхана мен өлкетану музейі өз экспонаттарын келушілер назарына ұсынған. Үлкендер жағы балалық шағын еске алып асық атып, ләңгі теуіп жатса, жастарға өлкетану музейінің Қарқара көтерілісі кезінде пайдаланған ұлттық қарулар қызық болды. Тоқпағы мен айбалтасы, қорғану үшін киген дулыға мен кіреукені  ұстап көру бөлек сезімге бөлейтіні рас.  Өнер мектебі де өз тәрбиеленушілерінің жасаған қолөнер бұйымдарын ерекше таныстырған.

Көрмеден кейін ауданның мәдениет күні «Кереге таулы киелі мекен – Кегенім» атты концерттік шарамен жалғасын тапты. Мерекелік концерттің ашылуы «Кеген» халық театрының Қазақ елінің басына өткен нәубетті жылдарын ашық көрсеткен әсерлі театрландырылған көрініспен шымылдығын ашқан. Қарқара көтерілісімен басталған көрініс Дінмұхамед Қонаев пен Кегеннен шыққан Социалисттік  Еңбек ері Жолсейіт Молдасановтың мәнді диалогымен аяқталды.

Алғашқы сөз кезегін аудан әкімі Теңізбаев Нұрбақыт Молдахметұлы алды.

– Мәдениет – мемлекет келбеті. Оны сақтау, болашаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мәдениет пен өнердің алтын  арқауына айналған облыс бойынша Кеген ауданы да ерекше құрметке ие. Ауданымыздан шыққан мәдениет пен өнер тарландары – М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры бас директорының кеңесшісі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Есмұқан Обаев, «Астана жастар театрының» көркемдік жетекшісі әрі бас режиссеры, ҚР білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері – Нұрғанат Жақыпбаев, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актеры — Жоламан Әміреев, Құрмет орденінің иегері, кино және театр актеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері — Омар Қиқым, дәстүрлі әнші, Құрмет орденінің иегері Рамазан Стамғазиев, әнші, мәдениет қайраткері – Ерболат Құдайбергенов, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор – Жақсылық Әбдіраманов, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, режиссер, Алматы облысының, Көксу, Райымбек, Кеген аудандарының Құрметті азаматы — Нағима Таласбаева, мәдениет саласының үздігі — Сержант Жетпісбаев секілді мәдениет майталмандарымыз елдің ықыласына бөленуде. Бүгінгі мереке ауданымыздың өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосса, облыс көлемінде бір-бірімізбен тәжірибе алмасуда айрықша мәнге ие. Сонымен қатар, әрбір мәдениет, өнер қызметкерлері үшін ерекше күн болып қалмақ. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, өнерімен әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Осы орайда, облыс әкімдігінің қолдауымен жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, мәдениет мекемелерінің материалдық жағдайлары жақсарып, жөндеу жұмыстары жасалынып, жаңа құрылыс нысандары да бой көтеруде. Кеген ауданының мәдениет мекемелерінің желісі, 10 Мәдениет үйі және 4 ауылдық клуб жұмыс жасаса, мәдениет үйлерінде 94 штат бірлігімен, 85 үйірме жұмыс істейді. Жаңа құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан мәдениет үйлері: Бөлексаз ауылында 140 орынды Мәдениет үйі, Қарқара ауылында 180 орынды спорт залымен біріктірілген Мәдениет үйі, Жалаңаш ауылында 140 орынды мәдениет үйлерінің жаңа құрылыс нысандары бой көтеруде. Сонымен қатар ауданда оқырмандарымызға 13 кітапханада – 31 штат қызмет етсе, Кітап қоры – 126 мың 359 кітапты құрайды. Және 12 штат бірлікпен аудандық тарихи-өлкетану музейі халыққа қызмет көрсетеді. Бүгінгі мереке туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген жандарды біріктірген, шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі, әрбір мәдениет қызметкері үшін ерекше күн. Ал мәдениет қызметкерлері – айналасын думанға бөлей білетін сан қырлы талант иесі және жан дүниесі бай, нағыз өз ісінің майталман шебері ретінде өнерге берілген азаматтар. Сондықтан халыққа үздіксіз мәдени қызмет көрсетіп жүрген мәдениет қызметкерлері мен сала ардагерлерін әрдайым мақтан тұтамыз. Бүгінде өңір өркениетінің дамуында мәдениет қызметкерлеріне артылар жүк ауыр. Осы орайда, ұлттық өнердің қанат жайып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуында – баршаңыздың үлестеріңіз зор, еңбектеріңіз ерен. Өнерді құрметтеп, мәдениетімізді өркендету жолындағы ортақ істеріңіз берекелі болсын! Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, өнер нәрімен сусындатып жүре беріңіздер! Қоғамның мәдени деңгейі мен көңіл күйін көтеріп, әрдайым еңбектеріңіз еселене берсін! — деп аудан әкімі өз лебізін білдірді.

– Құрметті аудан тұрғындары! Бүгінгі ауданда өткізіліп отырған мәдениет күні құтты болсын. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандарда мәдениет күндері өтуде. Бүгін, сіздерде игілікті шара жалғасын табуда. Кеген ауданы облысымыздағы көрікті табиғатымен, аудан тұрғындарының ерен еңбегімен белгілі. Облыс орталығынан шалғай әрі Қырғыз Республикасымен шекаралас аудан?! «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, табиғатынан адамдарының бітіс-болмысы, мінездерінің тау халқына тән қасиеті бар емес пе. Тау халқының өнері мен мәдениеті де ерекше. Оның мән-мағынасы да табиғатпен байланысты. Қонақжай, тау мінезді, шыңдалып шыныққан, өр кеуделі азаматтары да ерекшеленіп тұрады. Кеген аймағы айнала қоршаған биік таулар болса, қойнауында әдемі құрылысы көз тартатын ауылдар алыстан көрінеді. Кеген ауданы — нағыз туризмді дамытатын өлке. Аудан Республикаға ғана емес әлемнің көптеген елдеріне таныс. Олай дейтінім әр жылы шет елдерден келген туристер легі жыл он екі ай толастамайды. Қарқара, Кеген өзендері қосылып, биіктігі 200 метрден астам жақпар тасты Шарын шатқалы арқылы бұрқырап төмен қарай аққан өзенінің сұлулығына кім болса да еріксіз таң қалары сөзсіз. Шарын шатқалы — нағыз туристердің қызықтайтын жері. Сұлу Көлсай, Қайыңды көл. Қайыңдары бұрала өскен орманы, сарқырай аққан өзені бүгінде түрлі суреттері республика ғана емес шет елдерде де жарнамаланады. Биік тауларға әдемі көрініс берген жасыл шыршалар, қайың, тал-теректер жан саясы. Осындай өлкеде туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Атақты Қарқара жайлауы — ежелден шет елдерге белгілі өлке. Ауданның қай жеріне барсаңыз да тұнып тұрған табиғат. Мөлдір бұлағы, көбік шашып бұрқырай аққан тентек өзені, саф та таза ауасы кімді болса да өне бойын сергітіп, табиғаттан ләзәт алатыны сөзсіз. Сұлу табиғатты өлкенің тарихы да бай. Бұл өлкеден сал-серілер, ақын-жазушылар, ғалымдар, күміс көмей әншілер, күйшілер шыққан. Тау тұлғалы азаматтар елін, жерін жаудан қорғап, олардың ерлігі аңызға айналған.

Халқы өнер мен мәдениетке бай.

Ұлттық салт-дәстүрлері бұзылмаған, оны көздің қарашығындай сақтаған нағыз қазақ елінің иісі аңқып тұрған өлке десек артық айтқандығымыз емес. Мәдени мұрасы бай өлке екеніне куә болып отырмыз. Көптеген мәдени мұрамызды көрсетіп отырған аудан халқына шынайы ризашылығымзды білдіреміз. Мәдениет үйіне келгенде алдымыздан қазақтың ұлттық тағамдары, ұлттық киімдері, тұрмыстық заттары, қолөнер, қыл қаламнан туындаған табиғат көріністері, ақын-жазушылардың шығармалары, асық ойнап жүрген балаларды көріп қызықтадық. Енді, міне, сахнадағы өнерпаздардың шығармаларын да тамашаладық. Таулы өңір біздерді тағы бір жарқын істерімен қуантып отыр. Ауданның әкімі Молдахметұлы Нұрбақыт Теңізбаевтің осы қызметке тағайындалғанына аз ғана уақыт болыпты. Әңгімесінде ауданның игі істерін айтып, халыққа зор сенім білдіретініне тоқталды. Сізге еңбегіңізге сәттілік тілейміз. Өнер-мәдениетті дамытудағы атқарылған істер баянды болсын. Аудан халқын бастап жаңа белестерге көтеріле беріңіз демекпін, — деді келесі сөз кезегін алған Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев мырза.

«Мәдениет күнін әр ауданда өткізу, Қазақ халқының ұлттық өнерін, салт-дәстүрін кеңінен насихаттау, әрі кейінгі жастарға үлгі өнеге болады. Қазақ халқының мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрі сарқылмас қазына әрі мәдени шаралар да дамып, заманауи жаңа дәстүрлермен толыға түседі. Бүгінгі ауданымызда өтіп жатқан мәдениет күні – соның бір ғана жарқын көрінісі», — деді.

Қазақстанның мәдениет қайраткері, Алматы облысы, Көксу, Райымбек, Кеген аудандарының Құрметті азаматы, өнер жұлдызы Нағима Таласбаева

Концерт барысында ауданымыздың Айтбаева Бахаргүл, Байбала Нұрым, Жетпісбай Сержант, «Мәдениет саласының үздігі»   Облыстық, аудандық  бірнеше  байқаудың жеңімпазы

Самиға Алдекенова сынды күміс көмей әншілері әуезді ән шырқаса, Абдикаримов Медетбек пен Рақымқожа Ділмұрат айтыс өнерінен кенде емес екенін көрсеткен. Кеген аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздар оркестрі мен Мақпал Нұрқамытова күйімен тыңдарманға ерекше әсер еткен еді. Әсем ән мен тәтті күйге құлағының құрышын қандырған келушілер әсерлі сезіммен тарқасқан.

Ұрпақтар сабақтастығы мен ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық дәстүріміздің ерекшелігін көрсеткен Кеген ауданының мәдениет күні жылдағыдан өзгеше өтті.

Мақпал ШАДАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button