Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратЕскелді айнасыҚоғам

ӨРІСКЕ БАСТАЙТЫН ҚҰЖАТ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет әлеуетін арттыруға негізделген ауқымды жоба-жоспарымен таныстырып, ондағы негізгі мәселелерге тиянақты тоқталып, түйткілдерді шешудің нақты жолын көрсетті. Еліміздің даму жайын екшеп айтқан Жолдауында халықтың әлеуметтік ахуалының артуы жайын жан-жақты саралап, нақты жоспарлар ұсынды. Сонымен бір мезгілде Президент әрдайым айтылып жүрген «Әділетті Қазақстан» деген тіркестің шынайылығын паш етті.

Бұл атом стансысын салуға қатысты пікірлермен байланыстырылды. Шыны сол, әлеумет арасында әр алуан пікір бар. Пікірлер ядролық стансының қаупі күшті дегенге саяды. Алайда, Президенттің өзі айтқандай, еліміз – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет, сондықтан атом стансысын салуға әбден қақымыз бар. Дегенмен, Мемлекет басшысы: «Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем», – деді.

Мұнан өзге ұлттық экономиканың құрылымына қатысты реформаның басым бағыттары ашық сөз болды. Еліміздің экономикалық қауіпсіздігі, азық-түлік қауіпсіздігі, ұлттық экономиканың ішкі және сыртқы сын-қатерлерге төзімділігі алдыңғы қатарға шығарылды. Мұның себебі, қазіргі кезде геосаяси ахуал ушығып, әлемдік нарықта экономикалық тежелу анық байқалады.

Президент «Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді» деп барлық экономикалық құрылымды шұғыл түрде түпкілікті қайта қарап, өзгерту жолымен ғана өркендейтінімізді атап айтты. Өз экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету үшін қандай қадамдар жасауымыз қажеттігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Мысалы, жаңа өнеркәсіп саясатын жүргізіп, еліміздегі жұмысқа отандық шикізатты, тауар мен кадрларды пайдалану керегін нығырлады.

Жолдауда мемлекеттің экономикаға ықпалын барынша азайту үшін қажетті шаралар қабылдау керегі айтылды. Негізгі мақсат – кәсіпкерліктің жаңа деңгейге көтерілуіне жағдай жасау. Орта кәсіпкерлікті «қолмен көтеру» керек деген Президент орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажеттігін атап айтты.

Қозғалған мәселелердің ішінде көңілге қонып, қуантқаны көп-ақ. Соның бірі – мына мәселе. Қазақстанның көптеген тауарды шетелдерден алып отырғаны белгілі. Өзімізді өз өнімімізбен толық қамти алмай келеміз. Жолдаудағы: «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті» деген сөздер осы мәселенің бірден-бір шешу жолы болатынына сенім ұялатты. «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет», – деді Президент.

Бұл дәстүрлі Жолдау жаңалықтарға толы болды. Соңғы уақытта елімізде су мәселесі аса ауқымды қаузалды. БАҚ, әлеуметтік желі шаруалардың жанайқайына толы еді. Таза ауызсудың өзін айтпағанда, егінмен айналысатын қарапайым халық судан әбден зәрезап болды. Халық санының өсуі тұтынудың да артатынын аңғартса керек. Президенттің пайымынша, жиырма жылдан соң Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екен. Болжалды болғанмен қазірдің өзінде тапшылық сездірген су мәселесі тиісінше шешілмесе, тап сондай қиындықтарға жетелейді. Трансшегаралық су көздеріне тәуелді болғандықтан әділ, тиімді су саясатын жүргізбесек, болжал ақиқатқа айналады. Ал ондай саясатты жүргізу үшін тиісінше құрылым, яғни, министрлік керек. Мұны ескерген Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылып, ведомство аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтінін ақжолтайлады.

Президент сүйіншілеген екінші жаңалық – Көлік министрлігі құрылады. Стратегиялық жағынан маңызы зор көлік-логистиканы дамыту уақыт мінберіндегі мәселе еді. Президент осы уақытта еліміздің көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалана алмай отырғанына мысалдар келтірді. Сын көтермейтін автожолдар құрылысы, осы саладағы жемқорлықтың артуын Мемлекет басшысы айшықтап айтты. Арнаулы министрлік құру – осындай мәселелерді шешуге бағытталған қадам деп түйсіндік.

Президентіміз Жолдауда өңірлердің бюджет саласындағы дербестігін арттыруға арналған нақты тапсырмалар берді. Соған сәйкес салық төлемдерінің бір бөлігін аймақтарға беру көзделіп отыр. Бұдан былай аудандық әкімдіктер бюджетті өздері жасақтай алады. Бұл, өз кезегінде, жергілікті жердегі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады.

Айта кететін жайт, Мемлекет басшысы өз Жолдауларында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тапсырды. Нәтижесінде саяси реформа аясында былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Бір жыл ішінде көптеген елді мекенде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметіне кірісті. Президент дәстүрлі Жолдауында «Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындардың өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», – деді. Бұл да демократиялық үдерістің күшейе түскенін аңғартады.

Мемлекет басшысы дәстүрлі Жолдауда экожүйеге дұрыс көзбен қарау, креативтік индустрия мен орта кәсіпкерлікті өркендету, IT саланы дамыту, банк жүйесінің тиімділігін және оның ел экономикасына қосатын үлесін арттыру, «Келешек» атты жаңа бағдарлама әзірлеу және т.б. да уақыт талабына сай бастамаларды ортаға салды. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық саясаттың жаңа үлгісін жүзеге асыру еліміздің тұрақты дамуына бастайды. Бір сөзбен айтқанда, Жолдаудағы оңтайлы бастамалардың бәрі Әділетті Қазақстан құруға ауқымды үлес қосады.

 

Дина Бекетайқызы,

Ескелді аудандық

 аналар кеңесінің

төрайымы

Басқа жаңалықтар

Back to top button