Электр энергиясын пайдалану қағидалары бойынша «электр энергиясын беруді тоқтату (шектеу) шарттары»
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша аумақтық департаменті электр энергиясын жабдықтауды тоқтату (шектеу) туралы келесіні хабарлайды.
- Электр энергиясын жабдықтау тоқтату (шектеу) тұтынушымен жасалған электрмен жабдықтау шартының негізінде жүзеге асырылады. Электр қабылдағыштарының санаты мен электрмен жабдықтау сенімділігімен қамтамасыз ету және электрлік желіге қосу схемасы нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес белгіленеді және электрмен жабдықтау шартында келісіледі.
2.Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым мынадай жағдайларда:
1) энергиямен жабдықтаушы ұйымның өтінімі бойынша электрмен жабдықтау шартында белгіленген мерзімде электр энергиясы үшін төлем жүргізілмегенде, сондай-ақ толық төленбеген жағдайда;
2) электрмен жабдықтау шартында белгіленген электрді тұтыну режимі бұзылғанда;
3) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның осы Қағидалардың бұзушылықтарын жою туралы талабы белгіленген мерзімде орындалмағанда электр энергиясын беруді толық немесе ішінара тоқтатады.
Бұл ретте энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыға электр энергиясын жеткізуді тоқтатуға (шектеуге) дейін кемінде 5 (бес) жұмыс күні бұрын мерзімде тұтынушыны (электр энергиясын тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланатын тұтынушыны — кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын) жазбаша ескерте отырып (хабарлама беру жолымен) немесе тұтынушыларға тұтынушының шарт акцептінде көрсетілген тәсілдермен (электрондық пошта, факс, пошта жөнелтілімі, қысқа мәтіндік хабарлама, мультимедиялық хабарлама, қолданыстағы мессенджерлермен) хабарлама жіберу арқылы электр энергиясын жеткізуді тоқтатуға (шектеуге) өтінімді энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға жібереді.
- Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым электр энергиясын беруді мына жағдайларда алдын ала хабарламай, толық тоқтатады:
1) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның желісіне электр энергиясының қабылдағыштарын өз еркімен жалғау;
2) электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарынан басқа (есепсіз) электр энергиясының қабылдағыштарын қосу;
3) тұтынушының кінәсінен электр энергиясы сапасының көрсеткіштерін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның және басқа тұтынушылардың электр қондырғыларының қызметін бұзатын мәнге дейін түсіру;
4) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның және энергетикалық қадағалау және бақылау органының өкілдерін жұмыс уақытында тұтынушының электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдары мен электр қондырғыларына жібермеу (іссапарға жіберілген жұмыскер құқығында);
5) апатты жағдайда.
- Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым резервтік қуаттандыру болмаған жағдайда, жабдықты жөндеу және жаңа тұтынушыларды қосу бойынша жоспарлы жұмыстарды жүргізу үшін тұтынушыны электр энергиясымен жабдықтауды тоқтату туралы ажыратудан күнтізбелік үш күн бұрын ескертеді.
- Энергия беруші ұйым адам өміріне қауіпті, айтарлықтай экономикалық зиянға, коммуналдық шаруашылықтың және электрмен жабдықтау жүйесінің айрықша маңызды элементтерінің істен шығуына әкелуі мүмкін апаттардың алдын алу немесе жою бойынша шұғыл шараларды қабылдау үшін тұтынушыны дереу хабарлап, сұраныс бойынша электр энергиясымен жабдықтауды тоқтатады.
- Тұтынушы электрмен жабдықтау шарты бойынша қолдануға рұқсат етілген электр қуатынан асып кеткен жағдайда, энергия беруші (энергия өндіруші) және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыдан жүктемені электрмен жабдықтау шартында белгіленген мәнге дейін түсіруін талап етеді. Тұтынушыны электр жүктемесін түсіру жөнінде хабарлау тәртібі электрмен жабдықтау шартымен белгіленеді.