БАБА РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ
Жуырда Қаратал ауданы Кәлпе ауылының маңында үлкен тарихи күн аталып өтті. Ежелден Қаратал өңірін әулиелер мекені деп атап келеді. Бұл, расымен де, тегін емес. Қаратал күндіз күміс, түнде алтын аққан қасиетті мекенде он сегіз әулие-әмбиелер жатыр. Қаратал өзенінің екі жақ сағасына қоныс тепкен ағайын қыс қыстап, жаз жайлап өмір сүрген ел.
Осы жұрт бір ғана шаруашылықпен айналысқан жоқ, ел басына күн туған шақта елін қорғап, бес қаруын асынып атқа қонды. Ұлттың намысы сыналған шақта алмас қылыштай жарқылдап, ұлы шайқастарға атойлап кірді. Міне, сондай батырлардың бірі Құланбай батыр. Құланбай Сыпатай бабамыздың Сәуіктен тарайтын ұрпағы. Сыпатай – әрі би, әрі батыр болған тарихи тұлға. Атасының қасиеті бойына қонған Құланбай да жай адам болмады. Қолына қылыш алып елін, жерін қорғады. Намысы тапталғанда би болып күркіреп дауға түсті. Қасиет қонған әулиелі кісі қолына көрік алып, темір иледі. Осындай қасиетті кісінің жамбасы Қаратал өзенінің оң жақ жағасына Кәлпе ауылының қасына тиген екен. Бүгінде ұрпақтары аталарының зиратын қайта жаңғыртып, Құланбай батыр жатқан жерді жаңадан қоршады. Батырдың кесенесінің ашылу салтанатына қонақтар көп жиналды. Баба рухын асқақтатып, ұрпақтары ас беріп, батырдың өмір жолынан сыр шертетін сырлы әңгімелер мен тарихи деректермен дәлелденген оқиғаларды келген жұртқа таныстырды. Кесененің жаңғыруына атсалысқан азаматтардың арасында Айтжан Тінәлиев, Рахымғали Өтегенов, Жеңіс Жексембіұлының еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Құланбай Оразбақұлының кесенесін ашу алдында бірінші болып сөз алған Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев батыр жайлы кеңінен толғады. Қаратал өңірінен шыққан бабалардың ерлігін, өмір тарихын, ұлт үшін істеген істерін айта келе, Құланбай батыр да осындай қасиетті кісілердің ұрпағы екенін және оның қайсарлығы мен қаһармандығын жиылған жұртқа деректермен жеткізді. Одан кейін қадірменді қонақтың бірі, батырдың ұрпағы Жомартқали Жексембинов сөз алып, Құланбай батырдың кесенесінің жағыруына атсалысқан барлық бауырларына алғысын білдіріп, баба рухы шат болсын деген тілегін арнады. Кезек-кезегімен сөз сөйлеген қонақтардың барлығы Құланбай батырға деген құрметтерін көрсетіп, болашақта атқарылатын істерді де тілге тиек етті. Бұл жұмыстар бір ғана кесенесін тұрғызып қоймай батырдың тұтынған заттарын да іздестіру жұмысы жүргізілетін болды. Ертеректе батырдың дулығасы облыстық мұражайға өткізіліп, кейіннен жоқ болып кеткен. Міне, осы істі қайта қолға алып, алдағы уақытта дулығаны тауып, мұражайға қою, ел ішінде, ұрпақтарының бірінде Құланбай батырдың көрігі бар деген әңгіме тараған. Міне, осындай қасиетті кісінің тәбәріктерін кейінгі ұрпаққа кеңінен таныстырып, батыр жайлы толғақты дүниені қалпына келтіру жұмыстары жалғасын таба бермек. Мұндай әңгіме кесененің ашылу салтанатында айтылды.
Сонымен, қасетті Құланбай батырдың кесенесінің алдына орналасқан ескерткішінің ақ матасы түсіріліп, батырға арнап Құран қатым оқылды. Артынан ас беріліп, келген қонақтар мен ауыл тұрғындары дәмнен ауыз тиді.
М. МАКСЫМ