#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратДенсаулықҚоғамСпорт

МЕДИЦИНА САЛАСЫНДАҒЫ ПАЛУАН

Іле аудандық орталық ауруханасында 10 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан зертханашы бар. Ол жай қызметкер емес. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, бір бойына бірнеше қабілетті біріктіре білген, білікті маман – Нұрайсанов Мақсатжан.

2016 жылы «Алматы» университетін биолог мамандығы бойынша бітіріп, бакалавр дәрежесін алған. Орталық аурухананың тәжірибелі, әрі білгір маманы.

Нұрайсанов Мақсатжан Тұрарбекұлы – 1990 жылы Абай облысы, Семей қаласының Таскескен ауылында дүниеге келген. Әкесі – Нұрайсанов Тұрарбек Нұрсыдықұлы. Мақсатжанның медицина саласына келуіне тікелей себепші анасы –Гүлмира Нұрайсанова. Ол – ұлының ақ халат киіп адамдарға көмегін тигізгенін қалайтынын үнемі айтып жүреді екен.  Мақсатжан анасының бір ауыз сөзін жерге тастамай, аудандық орталық ауруханада 10 жыл абыроймен жұмыс істеп келеді. Кейіпкеріміз отбасылы, екі баласы бар.

Америкалық профессор Адам Фокс джиу-джитсудағы жоғары көрсеткіштері үшін Мақсатжанға қоңыр белбеуді тағып беріпті. Ол Қазақ баласы бразилиялық джиу-джитсудан үздіктердің бірі екендігін білдіреді. Қазіргі таңда өзі кәсіби түрде айналыспаса да, тіс қаққан кәсібилермен бір деңгейде өнер көрсетіп жүрген батырымыз болашақта әлі талай додаларға қатысуды жоспарлап отырғанын айтты.

– «Мен медицина саласына анамның ықпалымен келдім. Сол кісінің көңіліне қарап, айтқанын екі етпейін деп аудандық орталық ауруханада 10 жыл уақытымның өткенін аңғармай қалыппын. Дегенмен, уақыт өте келе бұл мамандықтың ерекшелігі мені қызықтырып, өзіне баурай бастады. Бірақ, қайткен күнде де мен спортты тастамаймын деп шештім. Себебі, спорт ол – денсаулық, спорт ол – күш. Сол үшін, жұмыстан тыс уақытымды үнемі жаттығуға арнаймын. «Шынықсаң,  шымыр боласың» демекші, жоғары жетістіктерге жету үшін, жаттығуды да жоғары деңгейде жасау керек деп білемін. Менің спорттағы жетістіктерім осылай еленіп жатқаны үшін аурухана басшылығына және барша әріптестеріме алғысымды білдіремін» — дейді чемпион.

Айта кетейік, Мақсатжанның кәсіби спорт (грэпплинг) саласында да жеткен жетістіктері аз емес. Ол 2018 жылы Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатына, 2021 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатына қатысқан. Өзінің салмақ дәрежесінде Азия бойынша топ 5 үздіктер қатарында.

Сондай-ақ, өткен аптада Алматы қаласында грэпплинг спорты бойынша өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды.

Ол Алматы қаласының 5 дүркін, Қазақстанның 3 дүркін чемпионы.

Аталған жетістіктерін ескерген Іле аудандық орталық ауруханасының директоры, аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Ысқақ арнайы сый-сияпаттарын табыстап, алғысын жеткізді.

 

Бағдат ТОҚАНҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button