ҚҰСБЕГІЛІК — ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫНА СІҢГЕН ДӘСТҮР
Құсбегілік – халқымыздың қанына сіңген ұлттық дәстүрі. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық спорт түрі. Сол ұлттық спорт түрінін дамытуға үлес қосқан, «Жалайыр Шора» бүркітшілер мектебінің алғашқы негізін қалаушылардың бірі — Сәрсенбек Бәрменбекұлы Дәулетбақов. Ұлттық дәстүрді дамыту мен даңқты құсбегіні еске алу үшін 2023 жылдың 15 қазанында Алматы облысы, Кеген ауданы, Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты «Құлаған жар» тау баурайында «Салбурын – 2023» халықаралық турнирді өткізді. Турнурге Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Әбдірахым Нұрлан Ерғалиұлы, Кеген ауданының әкімі Теңізбаев Нұрбақыт Молдахметұлы, Құсбегіліктен Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Күнтуғанұлы Базарбек, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сарабеков Ерболат Сарабекұлы, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Республикалық құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы құрметті қонағы есебінде қатысқан.
Сәрсенбек Бәрменбекұлы Дәулетбақовты еске алуға арналған «Салбурын – 2023» халықаралық турниріне Моңғолия, Қытай, Қазақстан елінің 70-тен асқан құсбегілік дәстүрді жалғастарып келе жатқан халықаралық және әлемдік жарыстардың жеңімпаздары бақ сынады. Турнир барысында құсбегіліктің 3 бағыты бойынша жарыс өтті. Олар: бүркітпен, қаршығамен және ителгімен аң аулау.
Халықаралық турнирдың ашылуы кезеңінде құрметті қонақтар сөз сөйлеп, Алматы облысы әкімінің құрмет грамотасы мен Республикалық құсбегілік федерациясының вице-президентінің алғыс хатын келген қонақтарға табыстады. Артынан ұлттық дәстүрді жалғастырушылар арасындағы жарыс басталған. Халықты баурап алған тартыс барсында:
Қаршыға құсы бойынша:
1-орын Бабажан Берікболсын «Қоймас» құсымен Жамбыл облысынан келген спортшы чемпион атанса, 2-орын Сейітжан Бекасыл «Көкжендет» Алматы облысының спортшысына бұйырды, ал 3-орын қос спортшы Махмудхан Заки «Мизам» құсымен Түркістан облысы және Қошқаров Арман «Сомбалақ» Атырау облысының спортшылары қанжығалады.
Ителгі құсы бойынша:
1-орын Астана қаласынан келген Серікбекұлы Ерасыл «Қаракөз» құсымен чемпион атанды, 2-орынды Бабажан Берікболсын «Каракөз» атты құсы Жамбыл облысының спортшысы иеленсе, жүлделі 3-орынды қос спортшы Абдулкаримулы Сармат «Сомбалақ» Атырау облысының спортшысы мен Аршабай Дәурен «Аққаба» құсымен Түркістан облысының спортшылары өзара бөлісті.
Бүркіт құсы бойынша:
1-орын Кунтуған Серікбек «Алғыр» құсымен Астана қаласының спортшысы турнир чемпионы атағын иеленді. 2-орын Абдулкаримулы Сармат «Каспий» атты құспен Атырау облысының спортшысына бұйырды. 3-орынды Шаймерден Әзен «Ерке» атты құсымен Жетісу облысының спортшысы және Самғат Ердана «Тұйғын» атты құсымен ШҚО спортшысы жүлдегер атанды. Жүлдергерлер арнайы сый-сыяпатпен және ақшалай сертификатпен марапатталған.
Адамзат тарихындағы ең қызықты әрі қиын ұлттық спорт түрі осы – құсбегілік. Жабайы жыртқыш құсты баптау мен аңға салу көп жылғы үзілісссіз еңбекті талап етері хақ. Онымен қоса құсбегілік түрік тілдес халықтар арасында қазаққа бір табан жақындағы да бар. Көшпенділік дәстүрді ұстанған халқымыз үшін құсбегіліктің де орны ерекше. Еліміздің ұлттық болымысын көрсететін қыран құстың мемлекеттік рәмізіміз туымыздан орын алу да бекер емес. Еркіндік пен кеңдіктің символы — қыран құспен аң аулау жарысы түрнур қонақтарына ерекше атмосфера мен жақсы көңіл-күй сыйлауы да бекер емес. Қаланың шуы мен күйбең тіршілікті бір сәтке болсын ұмыттырар «Салбурын – 2023» халықаралық турнирі Кеген ауданында өте сәтті өтті.
Мақпал Шадан