Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратЗнай нашихҚоғам

ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Абай облысы, Семей қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Ес-Аймақ» халықтық театрлар фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған мәдени шараға еліміздің 8 облысынан өнер ұжымдары қатысты. Байқау қорытындысы бойынша жерлестеріміз Іле аудандық «Ақши» халық театры үздік деп танылып, бас жүлдені жеңіп алды.

Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген шараның ашылу салтанаты Абай атындағы театр бастаған әртістердің көрінісімен басталып, қызыл кілем жайылып, еліміздің әр қаласынан келген өнерпаздарымызды қошеметпен қарсы алды. Фестивальге Республиканың әр облысынан «Халықтық» атақтары бар бір театрдан қатысу бекітілген. Халықтық театрлар Алматы облысы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Ұлытау, Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының аудандарынан қатысты. Фестивальге қатысатын «Халықтық» театрлар ұзақтығы 40-45 минуттан аспайтын бір спектакль ұсынуы қажет болатын.

— «Халық театрларының фестивалінің Семей топырағында, Абай театрында ұйымдастырылуы және «Ес аймақ» деп аталуы бұл символикалық мәні өте зор фестиваль. Және де біз халық театрларын қолдауымыз керек. Жылда немесе екі жылда бір өтетін немесе, тұрақты түрдегі фестиваль болса тіпті де құба құп болар еді», — дейді қазылар алқасының төрағасы Әубәкір Рахымов.

Айта кетейік, фестиваль аясында «Ең үздік қойылым», «Үздік режиссерлік жұмыс»,«Үздік әйел және ер адам бейнесі» аталымдары бойынша жүлделер табысталды. Темірбек Жүргенов және Әмина Өмірзақова атындағы арнайы сыйлық та тағайындалды. Халық театрлары арасындағы мұндай байқау алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Және оның алғашқы жеңімпаздары біздің жерлестеріміз «Ақши» халық театрының ұжымы екені қуантпай қоймайды. Жеңіс құтты болсын, жерлестер!

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button