Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратЕскелді айнасыҚоғамМәдениетМерекелерТұлға

БАБА РУХЫН АСҚАҚТАТТЫ

«Сақ ете тиді басыма, сақсырым толды қаныма. Жара бір қатты, жан тәтті» деп келетін хандық дәуір әдебиетіндегі ғажайып жырларды оқыған сайын қорамсаққа салып сақталған сайгез оқтай күреуке тесіп, сауыт бұзғың келеді-ақ. Қанша шамырқанып-шамданғаныңмен де сол сұрапыл шайқас өтінде жүріп жортуылды күн кешкен бабалар өмірі, «елім-айлаған» жұрттың сүргінді сүрдегі жүрегі бар жанның көзінен жас ыршытатыны хақ. Рухтан, айбаттан, бабалар ерлігін көзден жас боталатып еске ал, бәрібір тарих өзінің қатал да қатыгез шешімін кесіп қойған. Алаш ұлтарақтай жер үшін, ұлы елі үшін талай мәрте қан жұтқан…

Сайын даланың шөкім топырағын жат табанға таптатпау жолында жанқиярлыққа басып, қан жұтып, қасірет емсе де қазақ өзінің ұлы жауынгерлік рухын сан мәрте паш етті. Ентелеп келген жаудың сақсырын қанға, терлігін жасқа шылаған. Қазақ-қаламақ арасындағы ғасырлар бойғы сұрапыл шайқаста еліне ес болған ұлылар сапынан Ескелді би Жылкелдіұлы да табылып, батырлығымен, қолбасшылығымен, би-шешендігімен танылған. Міне, сол бабамыздың туғанына 330 жыл толған ұлы думанды жетісулық жұртшылық айрықша атап өтті. Алдымен зиялы қауым өкілдері Ескелді баба кесенесіне барып Құран бағыштап, рухына тағзым жасады.

Болашаққа деген кемел қадамның басы өткенді танып, кешегіге тағзым ету шарасымен басталса керек. Алмағайып заманда Алашына пана болған бабалардың өмірі мен шығармашылығын дәріптеу біз үшін парыз. Сол парызды парасат биігінде сезінген жетісулықтар Ескелді Жылкелдіұлының 330 жылдық мерейтойын Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында дүбірлетті. Алдымен «Ел қорғаны – Ескелді» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, соңынан баба ерлігін қаламға арқау еткен жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды.

Салтанатты шараның шымылдығын мұзарт таудың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың ақық жырымен ашып, бабалар ерлігін асқақтата жеткізген ҚР Мәдениет қайраткері, «Jetisy» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы рухани жиынның мәні мен мазмұнына тоқталды. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлиге сөз берді.

Ескелді баба атымен аталатын ауданда туып, сол жерде әкім ретінде қызмет еткенін ерекше мақтаныш тұтатынын жеткізіп, ұлы баба ерлігі мен өрлігі жөнінде, тарихты құрметтеу, қасиетті дүниелерімізді қастерлеу бүгінгілердің борышы екенін айтқан Рустам Әлиұлы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың құттықтау хатын оқыды.

Тарлан тарих тарауларындағы ізгіліп пен мейірімге, өрлік пен ерлікке шақыратын шежірелі оқиға, шалқар сырлардың қай-қайсысы да ұрпақ үшін қажет. Солардың қатарында Ескелді Жылкелдіұлы бастаған тарихи тұлғалардың әрбір өнегелі ісі ұрпаққа ғибрат шашатыны хақ. Сонау «Ақтабан шұбырынды» кезеңінде кеудемсоқтық жасаған, мұздай құрсанып келген жаудың сұрапыл екпініне төтеп беріп, жерінен шым-шым топырақ, шөкім тас бермей қуып шыққан бабалар қатарындағы Ескелдінің тарихи ерліктері мен би-шешендік өнерде қалдырған олжасын дәріптеген ғалымдар ғылыми-тәжірибелік конференция баяндама жасады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Бұлдыбай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, араб, парсы және шағатай тілдерінің маманы Зәріпбай Оразбай, Қазақстанның құрметті журналисті, «Құрмет» орденінің иегері, Ескелді бабаның ұрпағы Сәбит Биболов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық салт-дәстүр академиясының профессоры, халықаралық Ж. Жабаев атындағы сыйлықтың лауреаты. «Құрмет» орденінің иегері Қошан Мұстафаұлы сынды зиялы қауым өкілдері конференцияда ұлы баба ерліктерін паш етіп, тың жаңалықтармен бөлісті. Қазақ тарихының, жалайыр руының арғы-бергі шежіресінен сыр шертіп, Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат тауарих» атты кітабы, жалпы сан тараулы кітаптар, Алаш жұртының өткені үлкен бұрмалауға ұшырағанын жеткізді. Жаңа тарих жылнамасы қайта жазылып жатқанын, әр қазақтың түпкі шежіресі шалқар екенін термеледі. Осындай рух жаңғартқан жиыннан кейін «Ел қорғаны – Ескелді» республикалық мүшәйраның жеңімпаздары марапатталды.

Қара өлеңмен баба мүсінін қашап, ерлігін асқақтатқан ақындар додасына 60-тан астам өтінім келіп түсіпті. Солардың арасында асылын айшықтап, салмақтысын саралап шығарған Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым, Нұрила Бектемірова, Сағыныш Намазшамова, Жангелді Немеребай сынды белгілі ақындар қазылық еткен додада Жомарт Игіман, Айтақын Бұлағақов, Қалқаман Әбдірахмандар арнайы Қабан жырау, І. Жансүгіров, Ж. Жақыпбаев атындағы жүлдеге (150 мың теңге) ие болды. ІІІ орынды (300 мың теңге) астаналық Әбдіғани Бәзілхан, тараздық Хамит Есенаман, талдықорғандық Гүлбақыт Қасен иеленсе, ІІ орынды (400 мың теңге) Алматы облысының ақыны Ахмет Өмірзақ пен жетісулық Асыл Сұлтанғазы, Мұхтар Күмісбек өзара бөлісті. Ал, І орын (700 мың теңге) иегері деп алматылық Құрманғазы Жұмағұл танылса, «Қазақ поэзиясының Еңлікгүлі» атанған Заида Елғондинова бас бәйгені еншілеп, 1 млн. теңгенің сертификатымен марапатталды. Осылайша ғалымдар тарихтан сыр шертіп, ақындар жыр толғаған мерейтой Жетісу жерінің өнерпаздары салған әсем әнмен асқатап, күмбір күймен шырайланды

М. МАКСЫМ

Басқа жаңалықтар

Back to top button