Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБез рубрикиЗнай нашихМерекелерТұлға

БАБАЛАР РУХЫН ТУ ЕТКЕН

Бүркіт баласын құзар шыңнан төмен қарай лақтырып жіберіп, қасында ұшып жүреді екен. Егер балапаны  қанатын тіктеп жайып алып ұшып кетсе,  қыран бүркіттің көңілі тоқ болады, ал, егер қанатын жая алмай, құлдилай төмен кетсе,  қыран оны қағып алып, қайта  шыңға алып шығып, қанаты қатайғанша баптап, бағады екен. Міне, осы бір тәмсілден құс екеш құстың төресі бүркіт пен адам арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ екенін аңғаруға болады. Адам да жан баласын  жақсы жолда тәрбиелеп, өсіріп, үлкен өмірге қанаттандырып жібереді емес пе. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала жаняұсында әке-шешеден қандай тағылым алса, ересек өмірінде сондай адам болады. Мектеп — білім беріп қана қоймай, өмірлік тәрбие берудің де басты ордасы екендігін естен шығармағанымыз абзал. Мақаламыздың арқауы болып отырған осындай бір жан, ауыл өтінде қыран құстай шыңдалып өсіп, төл күресімізден  бір шоғыр таланттарды тәрбиелеп шығарған,  қазақ күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР «Құрметті спорт қызметкері» төс белгісінің иегері, Іле ауданының құрметті азаматы,  Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері – Рауанов Қапар Тоқтарбайұлының өнегелі өмір жолын назарларыңызға ұсынуды ұйғардық.

Рауанов Қапар Тоқтарбайұлы – 1963 жылы 28 қазан күні Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сарыбастау ауылында дүниеге келген. 1971-1981 жылдары Сарыбастау ауылында В. И. Ленин атындағы орта мектепті оқып бітіргеннен кейін, 1981-1985 жылдары аралығында Алматы қаласындағы Дене шынықтыру институтына  оқуға түседі. 1985-1987 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтқан сарбаз туған жерге оралған соң, 1987 жылдан бастап Сарыбастау ауылындағы Ленин атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінен мұғалім және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен жаттықтырушы болып жұмыс істеп, көптеген ауыл балаларының талантын ашуға сеп болады. «Өзім жетпеген биіктерге шәкірттерім жетеді» дегенді мақсат еткен, Қапар Тоқтарбайұлы қаладағы жастарды қазақ күресіне үйретемін деп Алматыға  аттанып кетеді.  Қыр баласы құйтырқы қала өміріне үйрене жүріп, Өтеген батыр ауылында орналасқан №13 М. Мақатаев атындағы қазақ  орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің  мұғалімі болып жұмысқа орналасады.

Өтеген батыр ауылында жасөспірімдерге арналған спорт мектебі бар екені баршаңызға мәлім. Ойында үздік спортшыларды баптап шығару, бойында тулап тұрған ыстық қаны бар, жалындап тұрған жас жігіт 1998 жылдан бастап Іле ауданына қарасты аталмыш  спорт мектебінде оқытушы — жаттықтырушы болып жұмыс істеп көптеген жастарды қазақ күресіне баулиды. Осылайша, Қапар ағамыздың қазақ күресіндегі «қасқа жолы» басталады. Жаттықтырушылық қабілеті жоғары азамат спорт мектебінде қызмет ете жүріп  1 еңбегі  сіңген спорт шебері, 1 халықаралық спорт шебері, 17 спорт шебері және 150-ге жуық спорт шеберіне үміткер дайындап шығарды. Қапар Тоқтарбайұлының үздік шәкірттері  бүгінде қазақ күресінен ұлттық құраманың мүшелері болып, Азия және дүниежүзілік  чемпионаттарға қатысып жүлделі орындардан көрініп жүр.

Қазақтың кең байтақ даласы қаншама қилы, қатпар-қатпар тарихты қойнына құшып жатыр десеңізші. Осын-ау байтақ жерімізді сыртқы жаудан қорғап қалу үшін қаншама жаужүрек батырларымыз қан майданда жандарын құрбан етті. Тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ақтарғанда елімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған ержүрек батырлардың ішінде, Ханкелдіұлы Райымбек бабамызды ерекше айтатынымыз белгілі. Райымбек  батырдың рухына арналып елімізде қазақ күресінен дәстүрлі түрде турнирлер өткізіліп тұратынынан хабардарсыздар. Ал, осы байрақты бәсекенің негізін қалаған, басты ұйымдастырушысы Қапар Тоқтарбайұлы екендігін біреу білсе, біреу білмес.

Қазақ күресі десе ішкен асын жерге қоятын майталман бапкердің ұлттық спортты дамытудағы ең биік жеңісі – ол қазақтың әйгілі батыр қолбасшысы Райымбек Ханкелдіұлы атындағы дәстүрлі  жарысты ашуға ұйтқы болды. Бұл жарыс алғаш 2000-2002 жылдары облыс деңгейінде өткізіледі. Кейіннен жарыстың беделі артып, қатысушылардың саны өсуіне байланысты, 2002 жылдан бастап жасөпірімдер арасында республикалық деңгейде жасалды. Міне, содан бері, күні бүгінге дейін Райымбек батыр атындағы қазақ күресінен өтетін байрақты бәсеке тоқтаусыз жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Қанша жылдардан бері жарыстың басты ұйымдастырушысы Қапар ағаның мұрындық болуымен, батыр рухына арналған жекпе-жектің абыройы жыл сайын арта түсіп, таланттар қатары көбеймесе, азайған емес.

Қапар ағамыздың шәкірттері екі дүркін әлем чемпионы — Тәліп Бауыржан, екі дүркін Азия чемпионы және әлем кубогінің иегері  Жұмажан Нұржан, әлем чемпионатының күміс жүлдегері  Қажымұқан Қайнар, Қазақстан және спартакиада жүлдегерлері мен чемпиондары Ж. Есенбердиев, Д. Жұмаханов, М. Терлікбаев, Ғ. Қуаныш, А.Тоқтарбай, А. Қарғабай, Н. Тұрсынжан, Е. Қожабеков, А. Совет, М. Әшірбекова, А. Дүйсенбаева. Сарыбастаулық сайыпқырандар: Е. Жалбағаев, С. Әлімжанов, А. Мекебаев сынды жалаңтөс батыр балуандардың барлығы дерлік осы Райымбек батырдың турнирінде күресіп, шыңдалып жетілген деуге болады. Райымбек батыр атындағы бұл  жарыс, тәуелсіз Қазақстандағы қазақ күресінің дамуына зор үлесін қосқан еліміздегі жасөпірімдер арасындағы бірегей дабыралы жекпе-жек деп толық айта аламыз. Қапар Тоқтарбайұлы  2008–2023 жылдар аралығында Іле ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келсе, 2023 жылдың 29 наурызынан бастап, Іле ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры лауазымына тағайындалды.

Елдегі ұлттық күресті дамытуда 34 жыл бойы ауыз толтырып айтарлық еңбек сіңірген жан көптеген жоғары марапаттарға ие болды. 2011 жылы қазақ күресінен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы», 2013 жылы «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қызметкері» төс белгісімен, 2017 жылы Іле ауданының «Құрметті азаматы», 2018 жылы «Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері» атағымен марапатталды. Қазақстан Республикасының туризм және спорт Министірлігі Спорт комитетінің Алғыс хаты да бар.

Қазақ күресінің дамуы мен қатар, Райымбек Ханкелдіұлы секілді дәстүрлі жарыс арқылы көптеген саңылақтардың тұсауын кесіп, әлемдік аренаға шығаруға үлес қосқан ардақты жанды бақытты бапкерлердің қатарына жатқызамыз. Сәбит Дөнентаевтың: «Қызмет қылсаң халқыңа,  Игі ат қалар артыңда», —  деген сөзі бар. Қазақ күресінің қайраткері  Қапар Тоқтарбайұлының қазақтың қанша қара домалақ балаларын баптап, батыр қылғандығы, болашақта чемпион болатын балғындарының көп болуы, артында тек жақсы сөз қалып, алдында тек жарқын болашақ күтіп тұрғандығын білдірсе керек.

Ер ағаның ел үшін еткен ерен еңбегі, ешқашан ескерусіз қалмайды. Айта кетелік, 28 қазан күні ағамыз асқаралы 60 жас мерейтойын тойламақшы. Өз ісінің шеберіне мықты денсаулық, отбасылық бақыт, жұмысына мол табыс тілейміз. Қазақ күресіндегі Қапардың қолынан азуын айға білеген қас шеберлер шыға берсін.

 

Б. ТОҚАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button