ПАТРИОТИЗМ — ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ АСҚАҚ БЕЛГІСІ
Патриоттық тəрбиені ойға алғанда бірінші санаға Отан түсінігі келеді. Отанға құрмет көрсету тұрғысындағы патриоттық сезім жалпы адам баласына тəн туған түйсік-қасиет, оның еліне, туған жеріне, өз тілі мен мəдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын, қуаттап-қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады. Патриоттық сезімнің нысаны мен қайнар көзіне Отан, туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дəстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі ұлттық құндылықтар жатады. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті, өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігі, адам өз халқымен қан жағынан да жəне шыққан тегі, аумағы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық жəне этностық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи дəстүрлері жағынан да, əбден айқын əрі дербес басқа қасиеттері жəне ерекшеліктерімен де байланысты. Сол патриотизмді баланың бойына сіңіру үшін қандай шара қолға алынды? Соны талдап көрсек.
Жалпы ұлттық рухтың ояну кезеңін 1986 жылғы қазақ жастарының азаттыққа ұмтылған «Желтоқсан» оқиғасынан бастасақ қателеспейміз. Қылышынан қан тамған Кеңес одағының ыдырауына да, еркіндіктің ел үшін бір қадам жақындауында да «Желтоқсанның» лебі бар еді. Қашанда патриотизм мен «Желтоқсан» оқиғасының қатарласа айтылуы да сол себептен. Сол ұлттық рух пен патриотизмді ояту мақсатында 25 қазан Республика күнінің құрметіне «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық патриоттық бірлестігінің Кеген аудандық бөлімшесі Шырғанақ ауылында «Грек-Рим» күресінен жасөспірімдер арасында аймақтық біріншілік өткізді. Аймақтық біріншіліктің ұйымдастырушылар: Республикалық «Желтоқсан Ақиқаты» қоғамдық патриоттық бірлестігінің Кеген ауданының бөлімшесінің жетекшісі Талипов Ерғали, ұйымның мүшелері Бекбатыров Оразбай, Қызайбекова Нұргүл және Кеген аудандық спорт мектебінің директоры Дүмбіров Азамат.
Шараның мақсаты:
- Жасөспірімдерді достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетті дамытуға тәрбиелеу;
- Жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау;
- Спортшылардың шеберлік деңгейін арттыру;
- Бұқаралық спортты дамыту.
Жаһандану заманында ұлттық мәдениет пен рухты жастардың бойында қалыптастыру қажырлы еңбекті талап етеді. Оған міндетті түрде кезең бойынша қызмет еті қажет. Бірде мүшайра болса, бірде бұқаралық спорт, келесі жолы тоғызқұмалақ немесе айтыс. Бұның бәрі қоғамдық бірлестіктің болашақ жоспарында барын бөлімше жетекшісі Ерғали Талипов айтты:
– Осы Республикалық «Желтоқсан Ақиқаты» қоғамдық патриоттық бірлестігің Кеген аудандық бөлімшесі құрылғалы ауданда Желтоқсан батырларының бар екенінін, қоғамдық бірлестіктің біздің ауданда жұмыс істейтінін елге таныту мақсатында осындай шаралар ұйымдастыра бастадық. Алғашқы шарамыз Жалаңаш аймағында мектеп оқушылары арасындағы «Жыр мүшәйрасы» шарасын ұйымдастырдық. Қатысушылар саны 40 адамға жуықтады. Мүшәйраның басты ерекшелігі қатысушылардың ешқайсы құры қол қайтпады. Одан бөлек Желтоқсаншылар «9 мамыр Жеңіс күнінде» Жалаңаш ауылындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, ардагерлергке құрмет көрсетумен жалғасты. Дәл осы «Грек-Рим» күресінен жасөспірімдер арасында аймақтық біріншілік сол жоспарланған шараларымыздың бірі. Мұнда 7 салмақ дәрежесінен жарыс ұйымдастырылды. Шараға 30дан аса оқушы қатысып, барлық жеңімпаздарға арнайы және қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды. Барлық шара Республикалық «Желтоқсан Ақиқаты» қоғамдық патриоттық бірлестігінің Кеген ауданының бөлімшесінің мүшелерінің қолдауымен іске асырылып отырған. Бұл шара ары да жалғасын табады. Бұның бәрі баланың бойындағы патриоттық сезімді ояту үшін қажет. Өйткені шара барысында Желтоқсаншы ата-апаларының әңгімесін тыңдайды, өткенге көз жүгіртеді.
Шынымен жәй ғана кездесуге ешкімнің көңілі тартпайы мүмкін, бос әңгіме деп қашады. Ал мұнда спорттық немесе мәдени шара, сонымен қоса егемендіктің келуі жолы қалай болғандығы жайындағы мәнді әңгіме. Бастама керемет. Тек аудандық әкімдік қолдап масштабын кеңейтсе тіптен жақсы болар еді.
Патриотизмды насихаттау шарасының тағы бір ұйымдастырушысы, қоғамдық бірлестіктің мүшесі Оразбай Бекбатыров мырзамен де сұхбаттастық:
– 25 қазан Республика күніне орай ұйымдастырылған «Грек-Рим» күресінен жасөспірімдер арасында аймақтық біріншілік Шырғанақ ауылында ұйымдастырылды. Оның өзі бекер емес. Дәл осы Шырғанақтағы спорт комплекс мемлекеттің қаражатынсыз, халықтың бастамасымен қоғамдық негізде ашылған. Кейіннен сол кездегі Алматы облыстық Спорт басқармасының басшысы Теңізбаев Нұрбақыт Молдахметұлының көмегімен облыстық спорт комитетінің теңгеріміне алынып, штат берілді. Қазір толықтай мемлекет қамтамассыз етіуде. Жақында онымен қоса микроавтобус балансына қосылған. Осы спорт комлекстің ашылуына толықтай ықпал еткен едім. Кезінде осы спорт кешеннің мемлекет балансына алынып, штат берілуіне де көмегін тигізген бұрынғы облыстық спорт басқармасының басшысы, қазіргі Кеген ауданының әкімі екенінде айта кеткен жөн. Қазіргі кезеңде кіші ауылдардардан спортшы балаларды тасымалдап, жатықтырады. Бұл шара қатысушыларына «Киелі Шырғанақ» деген тарихаи-деректемелік кітапты табыстадық. Балалардың қуанышында шек жоқ. балаларға арналаған сыйлықтарды Желтоқсаншылар өзіміз ұйымдастырдық- деді.
Республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық патриоттық бірлестігінің Кеген аудандық бөлімшесі Шырғанақ ауылында «Грек-Рим» күресінен жасөспірімдер арасында аймақтық біріншілігінің нәтижесі:
21 кг салмақта – Оразбақ Кенесары
24 кг – Мышырбек Әли
27 кг – Сүлеймен Аңсар
30 кг – Ақжол Әли
35 кг – Мышырбек Шыңғыс
40 кг – Биәділ Асқар
45 кг – Болат Айназар жеңімпаз болды.
Соңғы жылдары ауылдық жердегі бұқаралық спорт түрлеріне көп көңіл бөлінуде. Бұл үрдіс өте жақсы. Онымен қоса шаралар патриоттық тәрбиемен ұштасса, біраз әлемдік аренада көк туымыз тоқтаусыз желбірейтініне сеніміміх кәміл.
Мақпал Шадан