СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ТІЛ МӘСЕЛЕСІ
Егемен ел болып, етек женімізді жинаған жылдар ішінде заман өзгерді, дәлірек айтсақ заман түзелді, еліміз тәуелсіздік алып, қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Соның нәтижесінде оған деген қамкорлық, қолдау күн санап күшейіп келеді.
Бірақ, тек тіл мемлекеттік мәртебе алумен іс бітпейтіні белгілі ғой. Тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл үйрету іс кағаздарын ана тілімізде жүргізу және тағы да басқа проблемалар алдан шықты. Қазақ тілі мемлекеттік өмірдің барлық үдерісін қамтитын жұмыс тілі болуға тисті және мемлекеттік органдар мен ұйым, мекемелердің қолданыстағы басты тілі болуы керек. Мемлекеттік тіл мәселесі мемлекеттік деңгейдегі міндет ретінде ресми жане заңнамалық жағынан толық мойындалуы керек. Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі мемлекеттік жалпы міндет ретінде мемлекеттік органдарға талап коюы тиіс. Мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде мемлекеттік тілге қолайлы орта мен мүмкіндік жасау керек. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек.
Қазақ тілі — біздің рухани негізіміз. Біз ұрпактарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Осы маңызды мәселелені жүзеге асыру жолында еліміздің әрбір азаматы, әрбір мемлекеттік мекеме мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қолданыс аясын кеңейту жолында атсалысуға міндетті. Мәселен, сотқа жүгінуші азаматтардың әрқайсысы мемлекеттік тілде жүргізілетін істердің көбеюіне өз үлестерін қоса алады. Сондықтан мемлекеттік тілді сот саласындағы қолдану аясын да барынша арттыра түсу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланған жөн деп ойлаймын. Өйткені, сот ісін жүргізу тілі заң талаптары бойынша сотқа талап арыз берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Демек, әркім өзінің конституциялық құқықтарын дұрыс пайдаланып, жақсы білетін ана тілінде, яғни, қазақ тілінде арызын беретін болса, сотталы іс сол тілде жүргізіледі. Ал, көбіне қарапайым адамдар заңгерлердің, полиция қызметкерлерінің жетектерініне еріп кетіп, меңгермеген тілінде толтырылған құжаттарға қол коя беретіні құпия емес. Міне, осындай олқылықтардың орын алуына жол бермесе сот саласында қазақ тілінде өтетін істердің үлесі де арта түсер еді. Сонда істің ілгері басары даусыз.
Ұлан МАМЫТБЕК,
Ескелді аудандық
сотының судьясы