Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамЭнергетический ауылдық округі

АҚЖОЛ – БҮГІНГІ КҮННІҢ НАҒЫЗ БАТЫРЫ

Өтеген батыр ауылындағы №24 лицейдің 8 сынып оқушысы Герой Ақжол Нұрланұлы ерлік көрсетті. Ақжол мінген №219 автобустың жүргізушісі кенеттен есін жоғалтып, талып қалған екен. Өзінің ғана емес барлық жолаушылардың өміріне қауіп төнгенін түсінген батыл бала дереу іске көшіп, ойланбастан автобус руліне жармасыпты. Сөйтіп, тежеуішті дер кезінде басып үлгеріп, барлық жолаушылардың өміріне төнген қауіпке тосқауыл болған.

Ақжол №24 лицейдің 8 сыныбында оқиды. Ол – ата-әжесімен, әке-анасымен, бауырларымен бір шаңырақ астында өсіп келе жатқан, көпбалалы отбасынан шыққан үлгілі оқушы. Ақжол – әрдайым жасы кішілерге, қыздарға қамқор болып жүретін, ұстаздарға да құрмет пен ілтипат көрсететін тәрбиелі оқушы. Өз ісіне тиянақты, ақкөңіл, алғыр оқушымыздың осындай батыл қадамға барған жанкешті әрекеті әркімді тәнті етері сөзсіз. «Ерлік білекте емес, жүректе» деп қазақ айтпақшы, мұндай шешімге жүрегінде түгі бар адам ғана бара алатыны айтпаса да түсінікті. Иә, Ақжолдың бұл ерлігін батылдық десек те, батырлық десек те жарасады. Ендеше, осындай батыр ұлды тәрбиелеп отырған ата-анасы мен ұстаздарына мың алғыс айтсақ артық болмас. Ақжол – бүгінгі күннің нағыз батыры.

Әлеуметтік желілерде халық Ақжолға түрлі ақ тілектерін жаудыруда. Желі қолданушылары «Міне, батыр бала!», «Жарайсың, балам! Осындай жастар көп болсын! Өте дұрыс жасадың! Үлкен алғыс!», «Нағыз бүгінгі күннің батыры! Жарайсың, Ақжол!», «Жарайсың Ақжол», «Сол аман қалған адамдардың ақ тілегі қабыл болып, 100-ге кел, өмірің мәнді де сәнді болсын Ақжол, атыңа сай жігіт болдың ғой», «Мария Бейсетбаевна, тәрбиелеген әр балаңыз осындай абыройлы бола берсін», «Молодец! не растерялся! Успехов, Акжол!» — деп бірауыздан жас батырды қолдап жатыр.

Айта кетейік, бүгін Іле ауданының әкімі №24 лицейге арнайы ат басын бұрып, Ақжол Нұрланұлының жағдайын сұрап, оқуда озат болуын тілеп, ноутбук сыйға тартты. Ол: «Біз өзің сияқты ержүрек шәкірттерімізбен мақтанамыз. Аудан ғана емес Республикамыздағы бүкіл ер азаматтарға үлгі бола білдің. Қысылтаяң уақытта абдырамай, қоғамдық көлікті дұрыс бағындырдың. Сені тәрбиелеп отырған ата-анаңа, ұстаздар қауымына  шексіз алғысымды білдіремін. Осы ержүрек қадамыңның нәтижесінде адамдардың өмірін сақтап қалдың! Саған алдағы өмірде тек жақсылықтар мен сәттіліктер тілеймін», — деді.

Сынып жетекшісі Махаметжан Гүлсім Тілектесқызы: «Ақжол көпбалаы отбасынан шыққан бала. Сыныпта байсалды, өз ісіне ұқыпты, жауапкершілігі жоғары. Болашақта тіс дәрігері болуды армандайды. Мен шәкірітіме ақ жол тілеймін!» — деп шәкіртімен мақтанатындығын білдірді.

Ақжолдың өзі ағынан жарылып, алғысын айтты. «№219 маршрут – жиі қатынайтын қоғамдық көлігім. Жүргізушінің қиындыққа тап болғанын бірден сезіп, автобустың рөлін тез өз қолыма алдым. Ол жерде ойланып тұруға уақыт болмады. Осылай көлікті де ішіндегі жолаушыларды да аман алып қалдық. Мен қаһарман емеспін, менің орнымда кез келген адам баласы осындай қадамға баратын еді. Көрсетіп жатқан сый-сияпаттарыңызға үлкен рақмет!» — деді жас батыр.

Б. ТОҚАНҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button