Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратКеген келбетіҚоғамСпорт

САҒЫНЫШ ҚЫДЫРБЕКҰЛЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТТІ

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да ұстаздан білім алған. Кеген ауданы, Алғабас ауылында ардақты ұстаз Әбдіхалықов Сағыныш Қыдырбекұлын еске алуға арналған волейболдан  45 жастан асқан ауданның ардагер спортшылары және жастар арасында жарыс ұйымдастырды. Жарыстың салтанатты ашылуында Аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Мұқанқожаев Гайдар Әріпбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыс шымылдығын ашқан. Жарысқа ардагер спортшылар арасында 6 команда, жастар арасында 8 команда қатысып, өз шеберліктерін шыңдады. Жарыстың қорытындысында: Ардагер спортшылар арасында 1-орын Жылысай ауылының командасы; 2-орын Алғабас ауылының командасы; 3-орын Ұзынбұлақ ауылының командасы;  4-орынды Кеген ауылының командалары иеленіп, жеңімпаз атанса,  жастар арасында 1-орын 1987 жылғы жігіттер командасы; 2-орын 1982 жылғы жігіттер командасы; 3-орынды Қаранұр командасы жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылардың  дипломдарымен, медальдарымен, кубоктарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталса, жарысты ұйымдастырушылардың атынан спорт ардагерлеріне шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

Әбдіхалықов Сағыныш Қыдырбекұлы 1952 жылы 12 қараша күні Алматы облысы Шелек ауданы Малыбай ауылында ұстаздар отбасында  дүниеге келген.

1959 жылы мектепке барып,1969 жылы Кеген ауданы Жалаңаш орта мектебін жақсы бағалармен аяқтап, 1970-1975 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының география факультетінде білім алып, оны  ойдағыдай тамамдаған.

1975 жылдан 1993 жылға дейін, яғни өмірден озғанша Кеген ауданы Алғабас ауылында  Ұ.Бағаев атындағы  орта мектепте  Жоғарғы білімді ұстаз ретінде шәкірттерді тәрбиеледі. С.Қ.Əбдіхалықов жас кезінен зерек және алғыр болып өскен. Мектепте оқып жүргенде футбол,волейбол секілді спорт түрлерін жетік меңгерген.

Студенттік жылдарда волейбол ойнап, еркін күреспен айналысты және сол жылдарда Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының волейболдан құрама командасында ойыншы, əрі команда капитаны болды. Студенттер арасында өткен қала біріншілігінде жүлделі орындарды иеленіп жүрді.

Сағыныш Қыдырбекұлы мектепте дене тəрбиесі пəнінен сабақ бере жүріп оқушылардың, ауыл жастарының  спортқа деген құлшынысын арттырып, сонымен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыруда да үлкен еңбек сіңірді.

Еліне сыйлы азамат болуымен қатар, ол үлгілі отағасы да бола білген. Жары Бикеш Дурекеева да ұлағатты ұстаз қызметін атқарды. Ұл-қыздары Еркебұлан мен Ақерке еліне адал қызмет етіп жүр.

Мақпал ШАДАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button