Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғам

ДАРЫНДЫЛАРДЫ ІЗДЕУ АУЫЛДАН БАСТАЛДЫ

Қазақстанда алғаш рет ауыл мектептерінің балаларына арналған республикалық олимпиада өткізіледі. Бастаманың басты міндеті қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайту. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 85401 оқушы атсалыспақ. Алматы облысынан 389 мектептен 8684 оқушы қатысады. Облысымыз Республика бойынша екінші орында.

Іле ауданында Олимпиада Өтеген батыр ауылы, Қуат ықшам ауданында 20 қараша күні №24 лицей базасында өтті.

Іс-шараны ашқан Алматы облысы Білім басқармасы басшысы С. Д. Беспаева жас қатысушыларды құттықтап, жаңа жеңістер мен жоғары нәтижелер тіледі.

Ол: — Олимпиаданың мақсаты — ауыл оқушыларының таланттары мен қабілеттерін анықтау, дамыту және қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, оларды одан әрі зияткерлік дамыту және кәсіби бағдарлау, — деп атап өтті.

Айта кетейік, аудандардан олимпиадаға Балқаш — 325, Еңбекшіқазақ — 1202, Жамбыл — 1007, Іле — 2370, Кеген — 339, Қарасай — 1645, Райымбек — 312, Талғар — 832, Ұйғыр – 513 оқушы, Қонаев қаласынан – 139 шәкірт өз білімдерін ортаға салды.

Олимпиада үш кезеңде өтеді: біріншісі-қарашада іріктеу,  желтоқсанда тағы да өтеді және келесі жылдың қаңтарында дарындыларды анықтайтын болады.

Бірінші кезеңге ауылдық жерлердегі мектептердің 9-11 сыныптарында оқитын барлық тілек білдірушілер қатысады. Ол ережені сақтай отырып, интернетке қосылған дербес компьютерлермен жабдықталған орындарда онлайн-платформада өтеді: 1 парта-1 қатысушы-1 компьютер, — деді ұйымдастырушылар.

Бірінші кезең қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған қатысушылардың жалпы санының 35 пайызы екінші кезеңге қатысуға жіберіледі. Таңдалған оқушылардың тізімі ұйымдастыру комитетінің ресми ресурсында жарияланады.

Зияткерлік жарыстар жаратылыстану-математика (математика, физика, химия, биология, информатика, география) және қоғамдық-гуманитарлық (қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі Орыс тілі, Орыс тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі Қазақ тілі, Қазақстан тарихы, негіздері) пәндер тек қана тест түрінде өтеді. Қатысушылар арасында №24 лицейдің 10 «а» сынып оқушысы, Іле ауданының информатика пәні олимпиадасының жеңімпазы Иса Ержігіт бар. Ол өзінің әсерімен бөлісіп: «Мен биыл математиканы таңдадым. Бұл  – менің сүйікті пәндерімнің бірі. Мұндай олимпиадаларға қатысу тек оқуға ғана емес, сонымен қатар тәжірибе жинауға, жалпы логикалық ойлау мен дағдыларды дамытуға көмектеседі. Мен Олимпиадаға математика пәнінің мұғалімі Талғат Шагаевпен дайындалдым және жақсы нәтижеге қол жеткізгеніме сенемін» – деді.

Ал, көрші Ұйғыр ауданымен салыстырғанда өткен олимпиаданың салтанатты ашылуына өңірдің 32 ауылдық мектебінен бес жүзден астам жоғары сынып оқушылары қатысқан.

Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінің ашылу салтанаты орта мектеп-гимназиясында өтті. Онда басшылық, аймақ жұртшылығы, оқытушылар мен оқушылар жиналды.

Қазақстан Республикасының Әнұраны салтанатты түрде шырқалды. Салтанатты сапта әскери-патриоттық клубтардың мүшелері мен олимпиада қатысушылары сап түзеді. Мектеп оркестрі халық композиторларының белгілі шығармаларын орындап, ал жас дарындар жарқын флешмоб ұсынды.

Аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Багбаев, «Жас дарын» облыстық оқу-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Нарық Қымадиев құттықтау сөз сөйледі. Балаларға сәттілік тілей отырып, олар олимпиадаға қатысушыларды тынымсыз оқуға, сауатты, еңбекқор азаматтар, өз елінің нағыз патриоттары болуға шақырды.

Олимпиада қатысушылары Рауан Зейнеғабыл мен Перизат Өмірқан осындай зияткерлік жарыстарға қатысу-өзін таныту, өз білімін, қабілеттері мен таланттарын көрсету мүмкіндігі екенін атап өтті. Өскелең ұрпақтың атынан олар ел Президентіне, облыс басшылығына дарынды балаларды қолдағаны үшін, жаңа көкжиектерді үйренуге және игеруге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.

Содан кейін ең маңызды бөлім ауданның ең жақсы оқушылары 13 мектеп пәні бойынша білімдерін дәлелдеуге барған кезде басталды. Қатысушыларға сәттілік тілейміз және мүмкіндігінше балалар көбірек зияткерлік жарыстарға қатысып, өз білімдерін ұштай берсін демекпіз.

Б. Тоқанұлы

Басқа жаңалықтар

Back to top button