ҚИЯ БАСЫП, ҚАПЫДА ҚАЛМАҢЫЗ
Апта ортасында Өтеген батыр ауылы «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» КММ орталығында «Стандартты емес өмірлік жағдайлар: мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – қоғамдағы өмірлік қиын жағдайда қалған адамдардың проблемаларын шешу, пайда болған қалыптан тыс жағдайдан шығару кезіндегі бірігіп көмек көрсету, оларды өмірге бейімдеу.
Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына тап болған адамдардың мәселелерін шешу үшін Іле ауданы әкімдігінің өкілдері, полиция қызметкерлері, ХҚКО және көші-қон қызметі, денсаулық сақтау және СЭС, жұмыспен қамту бөлімі мен Мансап орталығының қызметкерлері дөңгелек үстелге шақырылды.
Дөңгелек үстелді Алматы облысы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ахметова Айгүл Матанқызы ашты. Ол өз сөзінде «Бұл өмірде ешбір адам теріс бағытқа түсіп, қиын жағдайға қалмасына кепіл болмайды. Қиын жағдайға түсем деп ешкім ойламайды. Қиын жағдайға түскендерін байқамай қалады. Бұл орталыққа қалыпты стандартты өмірден, қиын жағдайға түсіп, сағы сынған адамдар келеді.
Сондықтан тек әлеуметтік шұғыл көмекпен шектелмей, бірлесіп жұмыс істеу арқылы қиын жағдайға тап болған адамдардың өмірге бейімделу жолындағы мәселелерін шешуге шұғыл кешенді түрде жұмыс істеуге шақырамын», — деді басқарма басшысы.
Әлеуметтік бейімдеу орталығында атқарылған жұмыстар туралы баяндаманы орталық директоры Г. Жолдыбаев оқыды. Ол баяндама барысында статистикалық санақ бойынша мәлімет берді: орталыққа 6 ай жұмыс барысында 65 қызмет алушы жүгінді. Бүгінгі таңда орталықта 26 адам тұрады.
Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Н. Маликова, психолог Г. Қонысбаева баяндама жасады. Олар қатысушы қонақтарға қызмет алушылардың өмірлік жағдайларымен таныстырып, бейімделу орталығының психологиялық жұмыс әдістері туралы баяндады.
Дөңгелек үстелді директордың әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Ж. Сабирова қорытындылады. Ол өз сөзінде бейімделу орталығының қызметкерлері күнделікті жұмыс барысында кездесетін мәселелерге баса назар аударды. Яғни «Біз Іле ауданының барлық қызмет көрсету өкілдерін кездейсоқ шақырған жоқпыз, өйткені біздің жұмысымыз сіздердің көмектеріңіз бен бірге атқаратын жұмыстарымызға тікелей байланысты», — деп тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтты.
Дөңгелек үстел айтылған мәселелерді талқылаумен аяқталып, барлық қатысушылар өздеріне қатысты белгілі бір қызмет түрлеріне байланысты мәселелерді шешуде қолдан келгенше көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Б. ШОЙБАС