ӘКЕНІҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ ТАУДАН БИІК!
Отбасында әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам. Әке – бала үшін асқар тау. Әке қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әртүрлі бәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың парызы болмақ.
Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан.
Газетіміздің өткен санының бірінде Кеген ауданында өткен жайында «Әке көрген оқ жонар…!» атты Әкелердің аудандық форумы жайында жазғанбыз. Форум нәтижесінде «Әкелер мектебі» ұйымы құрылып, қарары қабылданған. Сол форумның жалғасы ретінде Тұйық ауылдық округінде «Әкенің қамқорлығы таудан биік!» атты форум болып өтті.
Форумда аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы, Тұйық ауылдық округінің әкімі Жеңісбек Мөңкебайұлы, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Нұрмаман Төкенұлы ұлттық тәрбиеге, әкелердің ұрпақ тәрбиесіндегі міндеттеріне тоқталып өтті. Форум аясында Тұйық орта мектебінің оқушыларын қолөнер бағыты бойынша тәрбиелеп жүрген Сатыбалдиев Фархад көрмемен таныстырды. Сондай-ақ, форум әке мен бала үйлесімін тапқан интеллектуалдық сайысқа ұласты.
Қазақта «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады, баулыған соң батыр болады», деген мақал бар. Қазақ даласында әсіресе, ер балаларды білімгерлікке, шешендікке, ерлікке, батырлыққа баулитын әкелер мектебі болған. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген мақал соның айғағы. Әке ұл-қызын намысшылдыққа, елі, өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отырады. Әкенің мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбеккерлігінің бала тәрбиесіне ықпалы зор.
Мақпал Шадан