Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамМәдениет

ЖАҢАРҒАН ҚАЗАҚ ЕЛІ — АҚ ЖАУЛЫҚТЫ АНАЛАР

Осыдан, екі жарым жыл бұрын ашылған «Қазақ аналары дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Серікқызы Жүгінісова  Астана қаласына барып, бірлестікті ауданымызда ашу туралы келісіліп ауданымызда өз ақ отауын тігіп, ашылған еді.

Бірлестіктің негізі атқаратын жұмысы салт-дәстүрімізді, ата- бабамыздан қалған ұлттық мұрамызбен барлық ғұрып әдеттерімізді ұрпаққа насихаттау арқылы аманаттау, әсіресе  кешегі өткен- аналарымыздың киелі ақ кимешегімен қасиетті ақ жаулығын қазақ аналарына қыз келіншектерге барынша насихаттап  үндеу тастау.

Жақсы дәстүр өмір қажеттігінен туындап, жаңғырып отырады. Біздің мақсат – ұлттық құндылығымыздың кеңінен қолданылуына әсер ету, оны санаға сіңіруге, білім, тәрбие, руханият, мәдениет пен дәстүрдің биіктеуіне ықпал жасау. Ауданда ұрпақ тәрбиесінде үлгі-өнеге болып жүрген алтын құрсақты аналар жетерлік. Оларға мемлекет тарапынан қолдаулар жыл сайын жасалуда. Жағдайы төмен көпбалалы отбасы үшін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері де артып келеді. Отбасы құндылығын сақтауда аналардың қоғамдағы рөлі ерекше. Ауданымызда әйелдер қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Бірлестіктің ұйымдастыруымен отбасы құндылығын дәріптеуде түрлі шара іске асуда. Үй мен түздің тізгінін тең ұстап, қазанын қайнатып, баласын ойната жүріп, еңбектің бел ортасынан табылатын әйелдердің тындырымды іс-әрекеттері көпке үлгі болып отыр.

Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген даналық сөз бар. Отбасын құрайтын үштаған – әке, ана, бала. Қазақ халқы қашанда отбасын қасиетті құрылым ретінде қабылдап, ұлттық құндылықтарын дәріптеп отырған. Отбасының ар намысты жоғары қоюға, ішкі сырын сақтауға, адалдыққа тәрбиелеген. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындайды. Дәстүрлі құндылықтар ауданымыздағы көп отбасының өмірінде сақталып келеді. Ата-ананың басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүрістұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бірін-бірі құрметтеп сыйлауы – үлкен мектеп. Отбасынан тыс та тәрбие бар. Қазақ «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деген. Аналарымыз ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды нығайтуда әрбір отбасының жарасым тауып, мемлекетіміздің бақытты ошағына айналуын тілейді. Балаларын саламатты өмір салтына сай бейімдеп отырған өнегелі отбасыларын мақтан тұтамыз.

Ауданда «Қазақ аналары дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі (РҚБ) Алматы облысы Іле ауданы филиалының  мұрындық болуымен үлгілі отбасыларды анықтайтын байқаулар, ұлттық құндылықты насихаттайтын түрлі іс-шара тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай шаралар отбасының іргетасын жаңа қалағалы жатқан жастарға үлгі болары сөзсіз. Аудандық әйелдер кеңесі құрылған күннен бастап, ажырасудың алдын алу, отбасындағы ұрпақ тәрбиесi, жасөспiрiмдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, отбасылық зорлықзомбылық сынды өзектi мәселелер төңiрегiнде iс-шара ұйымдастырып, бірқатар ауқымды бастамаларды қолға алды. Сонымен бірге, әйелдер кеңесі жастар денсаулық орталығымен, ауылдық әйелдер кеңесімен, аудандық қоғамдық бірлестігімен, ҮЕҰ-мен бірлесіп жұмыс істеуде. Ақсақалдар алқасының, әкелер кеңесінің мүшелері шақырылып дөңгелек үстелдер, пікір алмасу кештері, тақырыптық әңгімелер өткізіліп отырады. Басты талқыланатын мәселе – ата-баба дәстүрі бойынша жастардың тәрбиеленуі, оқушылардың ұлтымызға жат қылықтары қарастырылады.

Ауданда «Жас отбасылар», «Жас келіндер», Жыл басында «Алғыс айту» күніне орай «Ақ бата» жарысы, «Жастарды жат әрекеттен сақтау «семинар тренинг, байқаулар, ұлттық қолөнерімізді дәріптеуге байланысты шебер қолдар көрмесі, елдімекендер арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар тұрақты ұйымдастырылып отырады. Отбасы – мемлекеттің берік іргесін қалайтын да, дәстүрлерін жалғастыратын да, ұрпақ тәрбиелейтін де қастерлі ұя. Осы орайда, ата-аналар отбасында баланы халқымыздың салт-дәстүрімен тәрбиелеп, ұлттық отбасы құндылықтарын дәріптеп отыруы қажет. Ұрпақты дүниеге әкеліп, ақ сүтін беріп өсірген ананың арманы – қызының ақ некесін қидырып, ақ босаға аттатып, ақ отауының иесі болғанын көру. Үйлену, үй болудың түп негізінде ұрпақ қалдыру, тәрбиелеу, ұрпақ көбейту деген құндылықтарымыз бар. Көпбалалы отбасында өскендердің бір-біріне бауырмалдығы мен еңбексүйгіштігі көпке үлгі боларлық жайт. Біріншіден, біз балаға дұрыс тәрбие беруіміз керек. Әрбір отбасының баласы тәрбиелі болса, қоғам тәрбиелі болады. Екіншіден, әрқайсымыз өз үйімізді таза ұстауымыз керек. Әр үйдің іші, есігінің алды таза болса, ауылымыз, еліміз таза болады. Үшіншіден, өз көршімізбен тату тұруымыз қажет. Әр көрші тату болса, еліміз тыныш, татулықта, ынтымақта болады. Отбасының мызғымас беріктігі мен тұрақтылығы біздің әрқайсымыздың қолымызда. Қашанда ұрпағымыз үшін өміршең, өнегесі мол ұлттық отбасы құндылығымызды дәріптей білуіміз керек демекпін.

Кәмила Сапархайыр, «Қазақ аналары дәстүрге жол» РҚБ  Іле ауданы филиалы төрайымы

Басқа жаңалықтар

Back to top button