Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратБілім және ғылымЗнай нашихҚоғамМәдениет

АУЫЛ КІТАПХАНАСЫ ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

27 қараша және 1 желтоқсан күндері аралығында Астана қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің ұйымдастыруымен мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің арасында жыл сайынғы дәстүрлі «Рухани қазына – 2023» фестивалі  өтті. Фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен өнер саласында өзіндік ізін қалдырып жүрген халық театрлары, кітапханашылар қатысты. Солардың қатарында Іле ауданынан «Ақши ауылдық кітапханасы» да барып, бағын сынап, қатысып қайтқан еді. Аталған іс-шараның басты мақсаты – мәдениет және өнер саласы ұйымдарының шығармашылық жетістіктерін анықтау, талантты, өзіндік ерекшелігі бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларды қолдау. Ұлттық және әлемдік мәдениет пен өнердің ең жақсы дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғырту, дамыту, насихаттау және қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, өңірлердің мәдени мұрасын таныстыру, қызметкерлердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтті. «Рухани қазына – 2023» фестивалінің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрайымы Сейітова Күміс Қарсақбайқызы сөз сөйлеп, фестивальге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Фестивальге қатысушылар кітапхана саласы бойынша «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана», «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар кітапхана», «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана», «Балалар, жасөспірімдер немесе балалар және жасөспірімдерге арналған үздік кітапхана», «Айрықша қажеттілігі бар азаматтарға арналған үздік кітапхана», сондай-ақ «Облыстық маңызы бар кітапхананың үздік қызметкері», «Аудандық (қалалық) маңызы бар кітапхананың үздік қызметкерлері»,  «Ауылдық маңызы бар кітапхананың үздік қызметкері», «Айрықша қажеттілігі бар азаматтарға арналған кітапхананың үздік қызметкері», «Т.Ахтановтың 100 жылдығы құрметіне орай» кітапханалар арасында номинациялары бойынша бақ сынады.

Кітапхана саласы бойынша қазылар алқасының шешімімен ұсынылған өтінімдер арасында жүлделі номинацияларға және арнайы жүлделерге лайық деп танылғандардың ішінде  Алматы облысы, Іле ауданы, Ақши ауылдық кітапханасы «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана» номинациясы бойынша үздік деп танылып, 1000000 (бір миллион) теңгені жеңіп алды. Марапаттау рәсіміне Ақши ауылдық кітапханасының кітапханашысы Амантаева Набира Тәжіғалиқызы қатысты.

Амантаева Набира Тәжіғалиқызы  Күрті жері  Ақши ауылында дүниеге келіп, осы өңірде  №41 Т.Бокин атындағы орта мектебін бітірді. Одан кейін Қаскелең мәдениет колледжінде «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша білім алып,  алғашқы еңбек жолын Ақши ауылдық кітапханасынан  бастап, қазіргі күнге дейін аталмыш кітапханада қызмет етіп келеді.  Өз кәсібін сүйетін жанның бірі. Отбасылы, аяулы жар, ата-енесінің ардақты келіні, бүгінде төрт баланың анасы.

Кітапханашы болу – өте үлкен жауапкершілікті, жаңашылдықты, шығармашылықты талап ететін ұлы жол,  мәртебелі мамандық.

Ақши ауылдық кітапханасы ең алғаш 32 дана кітаппен, мерзімдік басылымдармен 1941 жылы «Қызыл Отау»  болып құрылды. Сол кездегі  алғашқы кітапханашы Медеуова Салиха ауыл тұрғындарының сауатын ашуға көп еңбек  сіңірді. Бүгінгі таңда Ақши  кітапханасында 36315 кітап қорымен ауыл тұрғындарына, балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсетіп келеді. Кітапхана меңгерушісі – Шамиева Бұлбұл. Облыс көлемінде, ауыл кітапханашылары арасында  жоғары  көрсеткіштерге ие болғандығы үшін Алматы облыстық мәдениет  басқармасының ІІ дәрежелі дипломымен марапатталған. Алматы облысы көлемінде «Үздік ауылдық кітапхана»  атанған.  Қазіргі кезде ауылы тұрғындарына мәдени ақпараттық қызмет көрсетіп келеді.

 

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button