Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратКеген келбетіҚоғам

КЕГЕН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?!

Кеген ауылы аудан орталығы болғандықтан, кей ауылдарға қарағанда көп мәселе өз шешімін тапқан.  Алайда, биыл Кеген ауылындағы 2 бірдей мектептің күрделі жөндеуден өтіп жатқандығынан туындаған  3 ауысымда оқу балалардың мектепке уақытылы әрі қауіпсіз жағдайда жетуіне байланысты қоғамдық көлік мәселесін туындатып тұр. Одан бөлек қоқысты жинау мәдениетін де бір жолға қою керек еді. Одан да бөлекте халықтың көкейін тесіп жүрген сауалдарды талқылау болатын.

Құрметті ауылдастар!

Бүгінгі бас қосуымыздың басты себебі Кеген ауылында автобус жүргізу және әр түтіннен шығатын тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, шығару, залалсыздандыру мәселелерін қарап, Сіздермен кеңесіп, ауыл тұрғындарына, халыққа тиімді жағынан шешу жолдарын қарастыру болып тұр.

Бірінші мәселе бойынша Жанұзақова Бұлбұл Құдайбергенқызы – шаруашылық жүргізу құқындағы «Кеген аудандық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны директорының ана және бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары, жан-жақты түсіндіріп айтатын болады.

Екінші мәселе, ауыл ішіне автобус жүргізу болып тұр. Ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Бексұлтан Дүкенбаев өз қаражатына «Исузи» автобусын сатып әкеліп, автобустың техникалық жағдайын талапқа сай келтіріп, ауыл ішіне автобус жүргізетін болады. Автобус төмендегі маршрут бойынша жүретін болады.

№1 маршрут.

Таңғы 6:30-дан Райымбек көшесі жаңа ықшамауданнан (36 үй) шығып, Уалиханов көшесінен тура өтіп, Түп көшесімен жүріп, Көшкінов көшесінен Р. Мамбетов көшесін қиып өтіп, «Балауса» балалар бақшасының жанына аялдайды. Атыханұлы көшесіне түсіп, Ө. Жаңабаев мектебінің көлік тұрағына аялдап, Атыханұлы көшесімен С.Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясының көлік тұрағына келіп оқушыларды түсіреді.

№2 маршрут.

10:30-дан Райымбек көшесі жаңа ықшамауданнан (36 үй) шығып, Байғабылұлы көшесінен Абай көшесімен жүріп К. Нұрпейісұлы атындағы мектеп-лицейдің көлік тұрағына аялдайды.Момышұлы көшесімен жүріп Ө.Жаңабаев мектебінің көлік тұрағына аялдап, Атыханұлы көшесімен С.Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясының көлік тұрағына келіп оқушыларды түсіріп, сабақтан шыққан оқушыларды отырғызып, №1 маршрутты кері қарай жүріп өтеді.

№3 маршрут.

14:30-дан Әзімжанов көшесінен тіке жүріп Дархан көшесінен оңға бұрылып, Түркебаев көшесімен жүріп  Қорғасбай, Лебаев, Мықитанұлы көшелерін қиып өтіп, Жарқынбасұлы көшесінен солға бұрылып, жүріп Молдағұлова көшесінен Қонаев көшесіне шығады. Қонаев көшесінен Әзімжановқа түсіп С.Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясының көлік тұрағына келіп оқушыларды түсіріп, сабақтан шыққан оқушыларды отырғызып, №2 маршрутты кері қарай жүріп өтеді.

№4 маршрут.

18:30-дан С.Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясының көлік тұрағына келіп оқушыларды отырғызып №3 маршрут бойынша кері қарай жүріп өтеді.

Осы қозғалыс кестесіне ұсыныстарыңыз болса, жазбаша қалдыруларыңызға болады.Барлық ұсыныс-пікір қаралатын болады.

Үшінші мәселе – ауыл тұрғындарының тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, шығару жұмыстары.

Кеген ауылында «Кеген Тазалық» жеке кәсіпкерлігі биылғы жылдың тамыз айына дейін жұмыс істеген. Кейінгі айларда бұл кәсіпкерліктің жұмысы қожырап, өз міндеттерін орындай алмады.

Тазалық – ауыл айнасы, тазалық табалдырықтан басталады демекші, ауылымыздың әдемі көркіне нұқсан келтіріп, көзге оғаш көрінетін жағдай – тазалық мәселесі. Ауылдағы әрбір үйдің тұрғындары ауласын, үйдің жолға дейінгі аумағын таза ұстауға міндетті.Сіздер қоқыстарыңызды жинап, қапқа салып кесте бойынша қақпаңыздың алдына шығарып қойсаңыздар, қоқыс жинаумен айналысатын кәсіпкер жинап әкетіп тұрады. Бүгін сіздердің алдыларыңызға осы жұмысты атқарсам деген ниетпен «Заңғар» жеке кәсіпкері келіп отыр. Сіздер келіссеңіздер, кәсіпкер тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқыстарды белгіленген кесте бойынша аптасына бір рет арнаулы орынға шығарып отыратын болады. Қоқыстарды шығару төлемақысы жөнінде кәсіпкер айтып өтеді. Төлемақы бұрынғыдай қоқыс таситын автокөліктің жүргізушісіне емес, «Энергосбыттың» электр қуатының төлем түбіртегі арқылы төленеді.- деп Кеген ауылдық округінің әкімі Руслан Кеңесжанұлы жиын барысына шолу жасады.

Алғашқы болып Жанұзақова Бұлбұл Құдайбергенқызы – Шаруашылық жүргізу құқындағы «Кеген аудандық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны директорының ана және бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары МӘМС бойынша халыққа түсіндіріп, баяндамасын жасады. Баяндамадан кейін халық арасындағы МӘМС және МӘМС жүйесінде кеткен қателіктерді талқылады. Халықтың назы да орынды. Сонша уақыт МӘМС-ке төлем төлеп жүріп, соңғы бір жылда егер 1 төлемді өткізіп алсаңыз онда сақтандырылған мәртебесінен айрыласыз. Оған дейінгі МӘМС төленген уақытта сіз медициналық көмекке жүгінбесеңіз де. Парадокс.

Екінші мәселе бойынша жеке кәсіпкер Бексұлтан Дүкенбаев қоғамдық Кеген ауылының ішінде жүретін қоғамдық көліктің маңыздылығын және жолақысы туралы баяндады. Жолақының 150 теңге екенін және де жолақының баламалы әрі арзан жолы айлық жолақы билеттері екенін ескерткен. Жиын қатысушылары қоғамдық көлік маршрутына шеттегі кей көшелерді қосу керектігі жайында ұсыныс айттып, бұл тақырыпты құптады.

Соңғы болып  Оразбеков Жасұлан «Заңғар» жеке кәсіпкері Кеген ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару, жою туралы баяндамасын арнайы бейне роликтен бастады. Ол роликте тұрмыстық қалдықтардың табиғатқа зияндығы мен жоюлу уақыты туралы көптеген мағлұмат берілген. Солардың біріне негізделе отырып тұрмыстық қоқыс қалдықтарын жинау маңыздылығын талқылады. Халық арасынан қауіпті қоқысқа арнайы контейнерлер мен қоқыстың болашақта сұрыптау мүмкіншілігі жайында сауалдар жолдап, жауаптарын алған.

Жиын соңында халық арасында Кеген ауылындағы иесіз иттер, тұрғын үй кезегі сияқты көкейлерінде жүрген біраз мәселені айтып, тиісті мекемелер сол мәселелерге назар аударуын сұрады.

Мақпал ШАДАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button