Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратКеген келбетіМәдениетМерекелер

КЕГЕНІМ, БІР ӨЗІҢЕ БОЛДЫМ ҒАШЫҚ

«Кегенім, бір өзіңе болдым ғашық» атты жобасы биыл алтыншы жылға аяқ артып, бес жыл бойы өте жоғары деңгейде өтіп келеді. Бұл жоба халық пен өнердің арасына алтын көпір іспетті жол салып, мазмұндылығы мен мақсаты жағынан халықтың көңілінен шықты және үлкен сұранысқа ие болды. Міне, соның арқасында жобаның ауқымдылығы кеңейді. Ел арасына кеңінен танылып жыл сайын Республика көлемінде өтетін ірі жобаға айналды. Осы жоба арқылы туған жеріміз туралы қаншама әндер насихатталып қазақтың киелі сахнасынан көрермендер мен тыңдармандарға жол тартты.

Аудан көлеміндегі сазгерлеріміз бен әншілеріміздің бағы жанды. Елге танылды. Олар әртүрлі марапаттарға ие болды. Жоба болған соң, оның ауыртпашылығы да көп болады. Ұйымдастырудың өзінің шаш етектен қиындығы тағы бар. «Мынау Республика көлемінде өтетін ірі жоба ғой» деп Мәдениет министрлігінен, болмаса облыстық, аудандық басшылықтардан бөлініп жатқан қаражат мүлде жоқ. Бүгінгі таңда өздерінің маңдай терімен болашағы зор жобаға жеткізген ұйымдастырушылар ғана тыным таппай еңбек етуде.

Олар сабылып демеушілер іздеп тауып, одан қалса өз қалталарынан қаражат құйып, жобаны сақтап қалу жолында аянбай тер төгуде. Бұл ретте жобаның Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы, ақын, драматург Сұлтан Жарқынбековтің, жобаның продюсері, Қазақ мәдениетінің қайраткері, әнші Қаламқас Бексұлтанованың, жобаның бас кеңесшісі, «Құрмет» орденінің иегері, Райымбек, Кеген аудандарының «Құрметті азаматы», кино және театр актері Жоламан Әміровтің орасан зор еңбектерін айта кету орынды деп білемін. Олар «жоқтан барды жасап» жүрген жандар. «Елге қызмет ету» деген осы болар сірә да?!… Сондықтан, да болар оларға деген халықтың ризашылықтары шексіз. Алғыстан басқа айтарлары жоқ!

2017 жылдан бастап жыл сайын Тәуелсіздік мерекесінің құрметіне қарай ұйымдастырылып «КазГУград» қалашығындағы Студенттер сарайында өткізілетін осы «Кегенім, бір өзіңе болдым ғашық» атты концерт жоғары деңгейде өтіп келе жатыр. Концертте аудан өнерпаздарымен қатар есімдері елге танымал бірталай өнер саңлақтары да ән шырқайды.

Аспантаулар елінен шыққан өнер майталмандары Сұлушаш Нұрмағамбетова, Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер бастаған көптеген елге танымал әншілердің әнін тыңдап, өнеріне риза болып қол соғамыз.

«Зәкеңнің елі мен жері дегенде жан қала ма? Қайын жұртқа қызмет етуге келдім» деп қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісова да көрермендерді риза етіп қатарынан үш ән шырқап, арасында әзіл-қалжыңын айтып халықты күлкіге қарық қылған кездер де болған. «Жақсы сөз – жан азығы» демекші жақсы ән де адамға қанат бітіреді ғой. Концерттен соң өзгелер сияқты біз де студенттер сарайынан көтеріңкі көңіл күймен шығатынбыз. 2019 жылы біздің Кеген ауданының құрылғанына 90 жыл толды. Осыған байланысты «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламасы бойынша аудан көлемінде қаншама игі шаралар өткізілді.

Сондай шараның бірі осы Қазақстанға белгілі эстрада әншілері мен Райымбек пен Кеген аудандарынан шыққан өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін «Кегенім, бір өзіңе болдым ғашық» атты концерт болатын. Концертте туған жеріміздің әні мен жыры үлкен дәрежеде насихатталды. Сол насихаттың арқасында аспантаулар елінің сұлу табиғатына, қонақжай халқына құмар болған қаншама қала халқы жерұйық атанған Кегенді барып көрмесе де концертке барып жақсы ән тыңдап, сырттай болса да Кегенге ғашық болып қайтты.

2022 жылы да жоба Алматы қаласындағы Студенттер сарайында өтіп, Райымбек, Кеген аудандарында қызмет еткен еңбек ардагерлері мен қоғам қайраткерлері және аудан мақтаныштарына арналды. Сөйтіп концерттік жоба өзінің бес жылдығын атап өтті. Туған жердің аты аталып тұрғанда жүрегі «елім» деп соққан жан әсте үйде отыра алмас. Ауылдан алыстап кетіп, қалалық болсақ та біз ауылды ұмытқан жоқпыз. Ылғи да туған жерді сағынып жүреміз. Ауыл — біздің темірқазығымыз. Ол әрқашан бізді өзіне қарай тартып тұрады.

Әр адамға туған жерден ыстық, туған жерден артық жер болмайды екен. Жан дүниеңді сағыныштың отына орап көзіңнің алдында тұрады. «Адамның кіндік қаны тамған жерге, Маңдайының тері де таму керек!» деп ақтаулық ақын Бауыржан Шеримеденұлы айтпақшы, кейде қаланың ызың-шуынан алыс мамыражай ауылға барып тұрғың келеді.

Туған жеріңе қызмет етсем деп армандайсың. Ауылдың тұрмыс-тіршілігін сағынасың. «Жамау киім, жарым көңіл балалық шағымды сағынамын да тұрамын» деп Дулат Исабеков ағамыз айтпақшы, жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қыр кешкен бейкүнә балалық шағыңды аңсайсың. Шынымен де ауылдағы өмір қызық еді ғой.

Біз үшін бар қызық, бар өмір ауылда сияқты болып көрінетін. Әлі де солай. «Ауылда қалған өмір бір арман» деп баритон дауысымен ән салатын Нұрлан Абдуллин інімізге ризамыз. Ол осы әні арқылы жүрегімізді бір «қозғап» тастайды.

Бұл күнде біздің балалық шағымыз жеткізбес сағымға айналған. Бір ауылда өсіп, бір-бірімізді бауыр десіп өскен күндеріміздің бәрі де ауылда қалды. Ал ауылымыз таусылмас әнімізге айналды…

Сол себептен де шығар туған жер туралы әндер мен оны айтатын әншілер көп болғанмен туған жерге арналған бүтіндей бір жоба болған емес. Және ол жоба Республика көлемінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп жатса қалай мақтанбайсың?!… Әрине мақтанамыз, қуанамыз.

Туған жеріміздің жақсылығына сүйініп, кемшілігі болса күйініп жүрген жанның бірімін. «Туған жердің әр перзенті осылайша құрмет көрсетіп, ықылас білдіріп отырсақ жаман болмас» деген ниетпен жыл сайын осы жобаны қолдау мақсатында демеушілік жасап, аз да болса да көмегім тисін деп 5-6 құрбым мен 3-4 туыстарымды концертке ертіп барамын. Қолымнан бар келгені осы ғана.

Концерт барысында еңбек ардагерлерімен бірге аспантаудың жазушы қызы ретінде атымды атап, азынаулақ еңбегімді айтып орнымнан бір тұрғызып қойып жатқан ұйымдастыру алқасына көп рахмет! Туған жеріміз гүлдене берсін!…

Адамға туған жерден ыстық, туған жерден қымбат, туған елден құнды ештеңе жоқ екен. Балалық балдәурен шағың өткен жерлер жүргіңді толқытып, сағынышыңды маздатып тұрады. Туған жерім мен өскен елімді жанымдай жақсы көремін. Өзімді оның бөлінбес бөлшегіндей сезінемін. Туып-өскен жерді ұмыту мүмкін емес екен. Сағынып, аңсап тұрасың. Көкіректен бір сағыныш кетпейді. Туған жерім әлі күнге дейін ояу жүрсем көз алдымнан, ұйықтасам түсімнен кеткен емес. Тіпті жасым ұлғайған сайын оған деген сағынышым артып бара жатқандай.

Бала кезден көргенім тау болғандықтан болар таусыз жерде өмір сүре алмайтын адам секілдімін.

Күн сайын көңіл құсымды ұшырып туған жерге бір барып қайту менің жаңылмас әдетіме айналған. Мен ауылсыз өмір сүре алмайтын жандаймын. Кейде қолымды бір сілтеп тастап ауылға тартып отырғым келеді. Қазақстанның қаншама жерінде болдым. Сұлулыққа тұнып тұрған көп жерлер бар. Бірақ мен оларды туған жеріммен теңестіре алмадым. Әлемдегі ең сұлу жер менің туған жерім секілді болып тұрады.

«Әркімге өзінің туған жері – Мысыр шаһары» деген осы екен ғой. Туған жерімді біраз уақыт көрмей қалсам көкірегім «қарс» айрылып сағынатыным рас. Қолым қалт еткенде «Туған жер, қайдасың?» деп ауылға тартып кететін әдетім бар. Туған елім мен жеріме деген шексіз махаббатым менің кітаптарыма арқау болды. Оның көркем табиғатын өлместей етіп жазып қалдырдым. Иә, ойлап отырсақ, туған жерімізден артық ешнәрсе жоқ екен.

Алты қырдың арғы жағында жүрсек те ойымыздан кетпейтін туған жерімізге деген құрметіміз бен сүйіспеншілігіміз күн өткен сайын артпаса, кемімейтіні хақ.

Ендеше, биыл да әншілерімізді қолдайық!… Концертке барып өз үлесімізді қосайық!…

Тау балалары жүретін биіктерден көрінейік, қымбатты жерлестерім! Кезінде ауылы үшін «жаны ауырған», оның алдыңғы қатардан көрінуіне үлесін қосқан талай-талай басшылар, «дәрия кеуде, тау мүсін» ақылшы ақсақалдар болған.

Туған өлкеміз сол ардақты адамдарымен, абыройлы азаматтарымен елге танылып, мерейі өсті. «Кешегіні ұмытсаң – ертеңгіні армандай алмайсың» деген ғой. Ел-жұртының ертеңін ойлаған ақылшы ағаларымыздың жанкешті еңбектерін жас та болса көріп, естіп өстік. Ауылдың береке-ынтымағын сақтап, сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсетіп, елдің жүгін арқалап, көшін алға жетектеген сыйлы жандар ел басқарып тұрды.

Олар қызмет істеген кездерінде жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарады. Қара халықтың қамын ойлады. Өз ортасына сыйлы, беделді болды. Сондықтан да болар бүгінгі күні ол кісілер туралы ел аузынан тек алғыс пен ризашылық қана айтылып жататыны. Халықтың ерекше құрмет тұтып сыйлайтыны.

Сондай ел өміріне айтарлықтай үлесін қосып артына жақсы ізін қалдырған басшылардың бірі, «Кіші Жалаңаш» атанып кеткен Көлбастау ауылында біраз жыл басшылықта болған Ақай Нүсіпбеков атамыз болатын. Ақын Омар Шораяқов былай деген екен: Жастық, мәңгі тұрмайсың, кетесің шығып уыстан, Ақырында кісіні шал етесің құрысқан…

Жылжыған жылдармен ілесіп бүгінде сол ағаларымыз егде тартты. Көбі дүниеден озған. Иманды болсын!… Көзі тірілері қазір отбасының ғана қамын ойлайтын, қолындағы бірді-екілі мал басына алаңдайтын қарапайым да шаруақор жандарға айналған. Мүмкін олар да кезінде мәңгі бақи осылай ел басқарып қаламыз деп ойлаған да шығар?!…

Өмір бойы жастықтың ауылында жүре береміз деген де болар, бәлкім?!… Кім білсін?!… Олар мүмкін уақыт дегеннің бір орнында тұрмайтынын білсе де оны мойындамаған шығар?!…

Қымбатты фейсбуктік достарым, ардақты аспантаулық жерлестерім! Жыл сайын Республика көлемінде дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген «Кегенім, бір өзіңе болдым ғашық» атты жоба биыл өзінің кезекті концертін аудан халқының сұрауы бойынша жылдағыдай Алматыда емес туған жеріміздің төрінде өткізбекші. Нарынқол мен Кеген өңірінен шыққан өнер майталмандары мен Алмат Исаділ сынды ақындары көрікті мекенде бас қоспақшы.

Алла жазса мен де бармақшымын. Осынау жоба барысында біздің жандүниемізде, санамызда рухани сілкініс болатыны сөзсіз. Рухани жаңғыру дегеніміздің өзі туған жерге деген сүйіспеншіліктен тұрады.

Яғни туған жерінің тарихы мен мәдениетін, өнері мен әдебиетін танып-білген әр адамның туған жерге деген сүйіспеншілігі артады. Қарап отырсақ біздің еліміздің әрбір сүйем жері тұнған тарих. Сол тарихты білген әрбір жан рухты болады.

Ал рух бар жерде намыстың болатыны ақиқат. Намысты жанның туған жерін сүйетіні тағы шындық. Біз рухани жаңғырудан бойымызға нәр жинап, санамызды қайта жаңғыртып қайтатынымыз сөзсіз. Осы орайда «Көлсайдай» көрікті мекені бар өңірде өтетін ән мен жыр мерекесі біздің патриоттық сезімімізді оятып, еліміз бен жерімізге, өнерімізге деген сүйіспеншілігімізді арттыратын болады.

Бойымызға рух сыйлайды. Тіпті Көлбастаудың қарағайлы таулары мен үнсіз жатқан маң далалары, сайсаласы мен қырларының бойына қан жүгіретіні айдан анық.

Ендеше желтоқсан айының 13-ші жұлдызы күні сағат 14.00-де Ақай Нүсіпбеков атындағы Көлбастау ауылындағы Мәдениет үйінде өтетін кештің қадірлі қонағы болыңыздар!!!…

Туған жеріміздің көркейіп өсуі үшін, оның жарқын болашағы үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей елі мен жері үшін тер төгіп жүрген ардақты жерлестерімізді — жоба авторларын қолдау мақсатында осынау кештің тілекші қонағы бола отырып сүйікті туған жеріміз туралы әнді бірге шырқайық!… Келіңіздер!… Көріңіздер!…

 

Ақсәуле Әбдіхалыққызы, жазушы, Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі

05.12.2023 жыл. Алматы қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button