«Мектептегі құқықтық тәрбие жұмысын үйлестіру»
«Балам бол, басқа бол — бәріңе заң біреу –ақ »
Жүсіп Баласұғұн
Ел болып еңсемізді көтеріп, ұлт болып ұйысқан кезімізден қолға алар ісіміздің бірі – зиялы, көзі ашық азаматтары бар саналы қоғам қалыптастыру. Болашақ мемлекетіміз ұрпақтар сабақтастығынан туындайтын болғандықтан, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз мәселе. Бүгінгі жастар өз халқының рухын сіңіріп тәрбиеленіп өспесе, ел келешегі бұлыңғыр болмақ. Өйткені, ұлттың барша мұрасы жастарға аманат етіледі. Жастар оны көзінің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізбесе, ұлт болашағына қауіп төнбек. Ал ұлт болашағына кепіл болар бүгінгі қоғамдағы басты талаптардың бірі – құқықтық тәрбие.
Ғасырлар бойы адамзат баласы қоғамдағы құқық бұзушылық себептерін анықтап, оны жою жолдарын қарастырып келеді. Бүгінгі күні де бұл мәселе бұрынғыдай соншалық күрделі, әрі қарама-қайшылықты. Оның өзектілігі еш күмән тудырмайды. Құқық бұзушылық әрқашан болған. Қалай болғанда да, қылмыскерден зардап шегетіндер аз болуы үшін құқықтық сауатты арттыруды, құқықтық жауапкершілікті көтеруді мектептен бастаған жөн. Оқу ордаларындағы құқықтану сабақтары заңның әліппелерін ғана емес, өз мүддесін қорғау үшін азаматтар қандай күштік құрылымдарға, қандай арызбен баруы керектігін меңгерте алса тиімді. Сонда ғана қоғамдағы қылмыс та, қиындықтар да азаяр еді.
Осы орайда Алматы облысы Білім басқармасының ұйымдастыруымен, Алматы облысы Іле ауданы Қосөзен ауылы №50 орта мектепте «Мектептегі құқықтық тәрбие жұмысын үйлестіру» тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинардың мақсаты: Білім беру ұйымдарындағы құқықтық тәрбие жұмысын үйлестіруде әдістемелік қолдау көрсету. Семинарға облыстың әр өңірінен 124 адам келіп қатысты.
Мектепке облыс өңірлерінен келген қонақтарды Алматы облыстық әдістемелік кабинеттің әдіскері Сатаев Исатай Иманғалиевичтің, аудандық білім бөлімінің әдіскері Бақытжан Зарина Бақытжанқызының алғы сөзімен қарсы алып, «Даналық мектебі» клубының төрағасы Шекер апаның берген батасымен бастап кеттік.
Семинарға келген қонақтар мектебімізге саяхат жасады. Саяхаттау барысында қонақтар технология пәні мұғалімі Төлендиев Бауыржан Төлебайұлының бастамасымен жасалынған «Эколайф» жобасының ашылу салтанатының тұсауын кесу құрметі құрметті қонақтарға берілді. «Эколайф» жобасының мақсаты: оқушылардың бойына экологиялық тәрбиені дарыта отырып, туған өлкенің табиғатын тани білуге, ғылыми-жаратылыстану көзқарастарын, экологиялық ойлауларын, азаматтық жауапкершілікке, ұлт жандылыққа тәрбиелеу. Ерекше білімді қажет ететін, қолдау тобына кіретін оқушылармен, тәртіп бұзуға бейім балалармен жұмыс жүргізу мақсатында ашылған «Педагогикалық-психологиялық қолдау» кабинетімен және 2023 жылдың 22 қыркүйегінен Республика көлемінде жұмысын бастаған «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» таныстырылды. Орталықтың жалпы мақсаты: балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселесі бойынша мектептің ата-аналарымен қарым-қатынасын күшейту, сондай-ақ берекелі отбасы мәдениетін дамыту.
Одан әрі мектебімізде «ПЖК» тобы мектеп оқушылары арасында құқықтық тәрбиені насихаттау және жасөспірімдер арасында қаңғыбастық, қараусыздық, құқық бұзушылық пен қылмысты, жол қауіпсіздігін қаперде сақтау барысында жүргізілген жұмысы таныстырылды.
Мектептің ата-аналарымен қарым-қатынас күшейту, дамыту мақсатында ауданымызда «Даналық мектебі» клубының жұмыстары жүргізілуде. Клуб аясында мектебімізде «Аналар мектебі» , «Аталар мектебі» өз жұмысын жоспарға сай жүргізуде. Келген қонақтарды өзге ұл өкілдерінен құралған ақ жаулықты әжелеріміз әсем әнмен, ыстық бауырсағымен қарсы алса, Ақсақалдар алқасының төрағасы Қалихан атамыз барша қонақтарға ақ батасын берді.
Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында жасалған «Киіз үй – тәрбие бастауы» жобасы бұған дәлел екендігі айтылды. Жобаның мақсаты: ата-бабамыз қолданған ұлттық бұйымдары мен салт-дәстүрін , мәдениеті мен өнерін насихаттап, оқушыларымызды ұлттық тәрбие бұлағынан сусындата отырып тәрбелеу . Өзге ұл өкілдері балаларынан құралған оркестр «Ерке сылқым» күйімен қонақтарды жақсы көңіл күйге бөледі. Әкелер мектебінің белсенді өнерпаздары Ернат, Ринат есімді азаматтар өз өнерін паш етті.
Семинар-практикум аясында Іле ауданының мектептерінен келген директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары «Мектептегі құқықтық тәрбие жүйесін үйлестіру» барысында аудан көлемінде жүргізіліп жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Алматы облысы әдістемелік орталық әдіскері Сатаев Исатай Иманғалиевич қорытынды сөз сөйлеп , алғысын білдірді.
Сөз соңында айтарым, мемлекеттік және халықаралық деңгейге сай, бәсекеге төтеп бере алатын, жан-жақты, құқықтық сауаты жоғары ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі қоғамның басты талабы екені сөзсіз. Өскелең ұрпаққа құқықтық білім беру, құқықтық сана қалыптастыру, жауапкершілікті арттыру міндеттері сіз бен біздің қолымызда. Осы жолда аянбай еңбек етейік. Мектебіміздің осы жобаларына ауызбіршілікпен ат салысқан ұстаздарыма, ата-аналарға және мектеп ұжымына үлкен алғысымды білдіремін!
№50 орта мектептің директоры
Байтымбетова Шолпан Орынтайқызы