Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратКеген келбетіҚоғам

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК

Кеген ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарыны тізбесін айқындау қағидалары

  1. Осы Кеген ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына (бұдан әрі — Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау тәртібін белгілейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

2) атаулы күндер — кәсіби және өзге де мерекелер;

3) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Алматы облысы, Кеген ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

4) ең төмен күнкөріс деңгейі – «Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Алматы облысы бойынша департаментi» республикалық мемлекеттiк мекемесi есептейтiн мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төменгі ақшалай кiрiс;

5) мереке күндері– Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

6) жан басына шаққандағы орташа табыс – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

7)  өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

8) уәкілетті орган – «Кеген ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімі» мемлекеттік мекемесі;

9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

10) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

  1. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде

жергілікті атқарушы органмен (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі — әлеуметтік көмек алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күндер және атаулы күндеріне ақшалай нысанда көрсететін көмек деп түсініледі.

  1. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 71-бабының

4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының

1-тармағы 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағы 2) тармақшасында,

12-бабының 1-тармағы 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

  1. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

  1. Мерекелік және атаулы күндерге әлеуметтік көмек бір рет келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

1) Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, бір рет 9 мамыр — Жеңіс күніне орай 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде және ай сайын 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

2) Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілерге, бір рет 9 мамыр — Жеңіс күніне орай 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде және ай сайын 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

3)  Майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына,  бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 30 (отыз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

4) Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 30 (отыз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

5) Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 30 (отыз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

6) Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 30 (отыз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

7) бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерiне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 30 (отыз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

8) Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және «Ленинградты қорғағаны үшiн» медалiмен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгiсiмен наградталған азаматтарға, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 18 (он сегіз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

9) Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 30 (отыз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

10) 1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 44 (қырық төрт) айлық есептік көрсеткішке дейін;

11) бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 44 (қырық төрт) айлық есептік көрсеткішке дейін;

12) қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 30 (отыз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

13) 1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 18 (он сегіз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

14) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 30 (отыз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

15) бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда), бір рет 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай 44 (қырық төрт) айлық есептік көрсеткішке дейін;

16) Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 44 (қырық төрт) айлық есептік көрсеткішке дейін;

17) Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 44 (қырық төрт) айлық есептік көрсеткішке дейін;

18) Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 44 (қырық төрт) айлық есептік көрсеткішке дейін;

19) Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 44 (қырық төрт) айлық есептік көрсеткішке дейін;

20) сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 44 (қырық төрт) айлық есептік көрсеткішке дейін;

21) Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 9 (тоғыз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

22) Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері; екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 18 (он сегіз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

23) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сонымен бірге 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға, бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 9 (тоғыз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

24) «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқан адамдарға, бір рет 16 желтоқсан – Тəуелсіздік күніне орай 30 (отыз) айлық есептік көрсеткішке дейін.

  1. Санаторий-курорттық емделуге әлеуметтік көмек заттай нысанда (Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес анықталған санаторий-курорттық мекемелерге жолдама) немесе ақшалай түрде (Қазақстан Республикасының аумағында санаторий-курорттық емделу үшін кеткен шығынды тиісті қаржы жылына бюджеттік есепті жасау барысында бекітілген жолдаманың құны мөлшерінде өтеу) мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмай, тегін көрсетіледі:

1) мәртебеcі «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабымен белгіленген Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

2) мәртебеcі «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабымен белгіленген басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

3) мәртебеcі «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының  6- бабымен белгіленген жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге;

  1. Әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:

1) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өрт оқиғасы орын алған мекен жайда тұрақты тіркеуде тұратын азаматтарға (отбасыларға) біржолғы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай:

оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда (растайтын құжат болған жағдайда) бір рет 200 (екі жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімі –үш ай.

2) өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтарға (отбасыларға) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің бір еселік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып:

бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде;

пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде;

3) өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтарға (отбасыларға),  жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай:

туберкулез ауруымен диспансерлік есепте тұрған адамдарға әлеуметтік көмек, ай сайын 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек ай сайын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде;

4) жан басына шаққандағы орташа табысы Алматы облысы бойынша ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста 70 пайыздық шектен аспайтын, балалары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын отбасыларға — ай сайын 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.

5) әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген, жан басына шаққандағы орташа табысы өтініш жасалған тоқсанның алдындағы Алматы облысы бойынша белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан аспайтын, отбасы құрамында Қазақстан Республикасының жоғары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімдерінде оқитын балалары бар аз қамтылған отбасыларға, табыстарын есепке алмай Қазақстан Республикасының жоғары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімдерінде оқитын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жылына бір рет – 500 айлық есептік көрсеткішке дейін, бюджетте көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде.

  1. Алушылардың жекелеген санаттары үшiн атаулы күндер мен мереке күндерiне әлеуметтiк көмектiң мөлшерi Алматы облысының жергілікті атқарушы органының келiсiмi бойынша бiрыңғай мөлшерде белгiленеді.
  2. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

Мақпал ШАДАН

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button