Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамӨндіріс және кәсіпкерлік

ҚОҚЫС — ҚУАТ КӨЗІ

Іссапардың негізгі мақсаты – екі ел арасындағы кәсіпкерлік ынтымақтастық аясында Алматы облысына инвестиция тарту, достық қарым-қатынасты нығайту, туризмді дамыту.

Алғашқы күні делегаттар Түркия елінің бірнеше көшбасшы ірі кәсіпорындарын аралап, ең әуелі трамвай өндіруші «Durmazlar Holding» компаниясына барып, зауыттың тыныс-тіршілігімен танысты. Жаңа қала бой көтеретін, бұдан бөлек, индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақ құрылған Алматы облысына мұндай зауыттың керегі сөзсіз.

Ал облыс орталығы – Қонаев қаласында өндіріс ошақтарының жылдам дамуына сәйкес, кездесу барысында ауыр машина жасау және өндіру бойынша келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде, компания басшылығы зауыт салуға ниетті екенін жеткізді.

Содан кейін олар Бурса қаласының сауда-өнеркәсіп палатасының басқарма төрағасы Ибрагим Буркая және басқарма мүшелерімен кездесіп, панельдік радиатор шығаратын «Warmhaus» компаниясына ат басын бұрды. Зауытты аралап шыққан делегаттарға компания басшылары аталған саланы дамытудың оңтайлы тұстарын айқындап берді. Ендігі жылы осы мәселе бойынша Түркия елінен облысқа ірі компания өкілдері келіп, инвестиция жобасын тағы бір мәрте пысықтамақ.

Сондай-ақ, туризм саласы – ел экономикасының қарқынды салаларының бірі болғандықтан, «Алматы облыстық сәулет және қалақұрылыс басқармасы» өкілдері туризм бағытындағы Түркияның жетекші компания мамандарымен қала құрылысын жобалау, жоспарлау мәселелеріне тоқталып, ақылдасты.

Қазіргі таңда Алматы облысында қоқыс өңдейтін зауыттар саны аз, ал шикізат көп. Сондықтан өңірде аталған түйткілдің түйінін тарқату бағытында бірқатар шаралар қолға алынған еді. Ендігі кезекте біздің елдің делегаттары қоқыс өңдейтін «INEVA» зауытының да жұмысымен танысты. Мұнда арнайы реактор арқылы қоқысты газға айналдырып, кейіннен одан шыққан буды генераторға қосып, энергия өндіріледі. Алдағы уақытта Алматы облысында осы зауыттың баламасын тұрғызу үшін отандық «Taza Alem» және «INEVA» компаниясы арасында 19 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартуға келісім шарт жасалды.

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button