Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамМәдениетӨнер

БАЛДӘУРЕН – ҰЛЫ ДАЛА БОЗТОРҒАЙЛАРЫ

Қазір біздің қоғамда көптеген адамдардың ойында бірашама сұрақтар жауапсыз қалатыны бар ғой. Мысалы: «Сіз өзіңізге артылған міндетті қаншалықты орындай аласыз?»,  «Ісіңіздің нәтижесі адамзатқа пайдалы ма?», «Тәрбиелілік орны, оның құндылығы қандай дәрежеде?», «Ең соңында тәрбиені, ілімді кімнен алдыңыз?» — деген сұрақтар жиі мазалайды. Сұрақ көп болғанымен жауабы мардымсыз болады. Соңғы сұрақтың жауабын іздеп көрейік. Қалған алдыңғы екеуі өзі шешіледі. Біздің газет талай талантты, дарынды, еңбекқор жандардың куәгері болып келеді. Газет бетінде қаһармандарымызды бағалап немесе сын да айтып жатқандар бар. Сынға ілікпейтін жалғыз кейіпкерлеріміз олар – ұстаздар. Өзгенің баласын өзінің баласынан артық көретін жаны жайсаң жандар сынға ілікпейді екен. Бүгінгі таныстырғалы отырған өнер иесі де ұстаздар қауымынан. Байсерке ауылындағы  №28 мектеп-гимназиясының ұстазы,  отбасында адал жар, аяулы ана,  ұрпақ әкелуші,  ұрпақ тәрбиелеуші болса, мектепте – шығармашыл мұғалім,  жаңашыл ұстаз Гапбасова  Гүлжазира Жәнібекқызы туралы шағын ақпаратты ұсынамыз. Гүлжазира, жоғарыда айтылған сұрақтардың соңғысына нақты жауап бере алатын жан. Оның тәрбиелеп жатқан күміс көмей бүлдіршін әншілері қазір үлкен сахнаны бағындыру жолында еңбек етіп, оқу оқып жатыр. Ауданымыздағы кез келген ауқымды іс-шараларда байсеркелік «Балдәуренсіз» ешқандай концерт өткен емес. Қашан көрсең үкілі бүлдіршіндерін ертіп, топтың ортасында мен мұндалап алыстан-ақ көрініп тұрады. Ал, сахнаға шыққанда концерттің шырайын келтіріп ән салғанда құдды Ұлы даланың төсінде емін-еркін сайрап тұрған бозторғайлары еркіңнен тыс есіңе түседі.

Гүлжазира Жәнібекқызының өзі туралы сұрағанымызда: «Мен  ұстаздық жолға және  өнер жолына келуім кездейсоқтық емес, бала күнімнен ұстаз болуды армандап өстім. Өйткені, әкем мен анам  өнерден құр алақан адамдар емес еді. Кішкентай кезімде отбасымызбен жанұялық ансамбліміз  болды, анам мектепте  оқушылар ансамблін құрып, сол ансамблдің әншісі болып өстім.  Әкем де, анам да ұстаз, анам музыка пәні мұғалімі болды. Ендеше, ана сүтімен  бойыма дарыған өнердің арқасында, анамның әні мен күйінің нәтижесінде «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» — дегендей, мен де осы ұстаздық жолды, өнер жолын таңдадым.  Әкемнің «Болашағыңа  кім кездеседі, ғұмырлық серігің сені қолдай ала ма, түсінетін адам болса жақсы», — деген сөзіне  қарамастан  Қостанай  қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің музыка факультетіне түсіп, оны 1999 жылы тәмамдадым. Содан бері ұстаз болып келемін» — деді.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей,   желтоқсан айының басында  №28 мектеп оқушыларынан құрылған «Балдәурен» вокалдық тобы  республикалық «Мен де жұлдыз боламын» — атты байқауға қатысып, 1-орынды иеленіп, Туркия еліне жолдама ұтып алды. «Балдәурен»  тобының қоржынында жалғыз бұл байқау ғана емес, Халықаралық, республикалық, облыстық бірнеше байқаулардың жүлдегерлері. Бүгінде «Балдәурен» тобы мектепішілік, аудандық, облыстық іс-шаралардың  көркіне айналған. Топ құрамында кіші топ, орта топ және үлкен топ оқушылары бар. Топ туралы жетекшісі Гүлжазира Жәнібекқызы былай дейді: «Алғаш мектепке келгенде «Самғау» вокалдық тобын құрдым. Ол топ мүшелері Майра Ілиясованың «Жұлдыз боламын» концертінде Қазақстан эстрада жұлдыздарымен бірге өнер көрсетті. Халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері болды. Одан кейін Құсайын Аяулым қазір«Ayau»  деген атпен жеке өнер көрсетіп жүр, Қуанышбай Рахима, Аталық Жайна, Толқын Анель студент атанып, өнер жолында жүр. Сондай-ақ,  «Балдәурен» вокалдық тобының құрамы жыл сайын кішкентай әншілермен толықтырылып отырады. Кейін «Балдәурен» деген атқа тоқталып, топ атауын өзгертпеуге шешім қабылдадық. Тек құрамы балалардың жасына қарай топқа бөлініп өзгеріп, отырады», — дейді.

Өнерлі де талантты ұрпақ тәрбиелеу жолында кейіпкеріміздің еңбегі зор. Бүгінде осы «Балдәурен» тобының құрамында болып, мектеп қабырғасынан ұшқан талай шәкірттері үлкен сахналарда өнер көрсетіп, түрлі телевизиялық жобаларға қатысып  жүр. Шәкірттерінің алды  Құрманғазы атындағы Қазақ  Ұлттық  консерваториясында білім алып жатса, енді біреулері П.И.Чайковский атындағы колледж студенттері. «Бұлақ көрсең, көзін аш»  демекші, баланың дарыны мен талантын көре біліп, әр шәкіртінің бойынан бір жарқыраған жұлдыз тауып, сол жұлдыздың жарқырауына үлкен үлес қосып жүрген Гүлжазира Жәнібекқызы шәкірттерін өнерге баулып, оларды үлкен сахналарға қанат қақтырып,  жол сілтеуде еш жалыққан емес.  Үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретін ұстаз өнерпаз оқушыларының  репертуарына да үлкен мән береді. «Балдәурен» тобының репертуарында Қазақстан композиторларының  әндерімен қатар, халық әндері де бар. Бір ерекшелігі, топ мүшелері ешқандай музыкалық білімі болмаса да  әндерді бір емес, бірнеше дауыста орындайды. Балдәуреннің балалары әлі талай өнердің биік шыңын бағындыра алады деп сенеміз. «Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш боп қаланып,  ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны» деп білетін өнерлі ұжымға  алдағы уақытта толағай табыстар мен  шығармашылық жеңістер тілейміз.

Б. ТОҚАНҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button