АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АЛАТАУ ҚАЛАСЫ ҚҰРЫЛДЫ
Кеше ғана «Алматы облысы Іле ауданының Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, оның атауы Алатау қаласы болып өзгертілді. Президентіміз Қ.Тоқаев Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы Жарлыққа қол қойды» — деген ақпарат тарағаннан бастап Жетіген тұрғындары қуанды. Бүгін Жетігенде Алматы облысының әкімдігі жиналыс ашып, өңірді одан әрі экономикалық дамыту туралы жоспарлары таныстырылды.
Десе де, қала статусының берілуі жайлы бұған дейін де тұрғындармен кездесулер өткізіліп, талқыланған болатын. Енді міне, Жетіген Алатау атауын алып, жаңа қалаға айналды. Президенттің Алатау қаласын құру туралы шешімі барлық бағытта дамуға бірегей мүмкіндік беріп, ішкі және халықаралық даму үшін жаңа көкжиектер ашады. Өйткені, аймақта халықаралық теміржол станциясы орналасқан. Алатау қаласында ойын-сауық және туризм орталығы, экспортқа бағдарланған сауда-логистикалық орталық болады. Туризімді де дамытуға лайықты, Қапшағай көлі де жақын орналасқан. Жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін туристік қызметтердің тұтас кластерін дамытуға болады. Маңызды мәселелердің бірі – тәуелсіз бюджеті болады. Кейінірек Іле ауданынан Ынтымақ, Жаңадәуір, Жаңаталап, Қоянқұс, Еңбек ауылдары, Қонаевтан Заречный мен Арна ауылы қосылады. Осылай аудан құрамынан қала шегіне сегіз елдімекен, 44 мың адам және 66.000 га аумақ өтеді. Бұл жаңа қаланың жалпы ауданы 88 мың гектарды құрайды, ал құрылған кездегі халық саны 52,7 мың болады. «Бұл өмір сүруге қолайлы жағдайлары мен тұрақты инфрақұрылымы бар әлемдік деңгейдегі заманауи қала болмақ», — деді бүгінгі брифингте Алматы облысы әкімінің орынбасары Рүстем Исатаев. Облыс әкімі өкілінің айтуынша, қаланың бас жоспары облыстың негізгі тас жолының бойында орналасқан төрт инновациялық ауданнан құрылған ақылды қала жүйесіне енеді.
Қала төрт аймаққа бөлінеді: Green disctrict – демалыс және туризм орталығы, Growing disctrict –экспортқа бағытталған сауда-логистикалық орталық, Golden disctrict – әлемдік деңгейдегі медицина және спорт білім беру орталығы. Сондай-ақ, Gate disctrict – бизнесті дамытудың халықаралық орталығы. Қонаев және Алатау қаласын жалғайтын қалалық жылдам автобус қызметі жүйесі және жерүсті жеңіл метрополитені болады.
Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамтуды ұлғайту, балабақшалар мен мектептер, емханалар мен өрт сөндіру деполарын салу жоспарлануда. Өнеркәсіптік кәсіпорындарға келетін болсақ, олардың қызметі машина жабдықтарына, құрылыс, химия және фармацевтика, металлургия, жеңіл өнеркәсіп тауарлар өндірісіне арналады.
Бағдат ШОЙБАС