Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамӨндіріс және кәсіпкерлікЭкономика

«ШИН-ЛАЙН» ТӘТТІ ШЫҢҒА ӨРЛЕУДЕ

Өткен аптада Алматы қаласы, Түрксіб ауданында орналасқан «Шин-Лайн» балмұздақ фабрикасына  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айгүл Сайфоллақызы Құспан мен Сергей Михайлович Пономарев келіп,  балмұздақ өндірісінің жәй-күйімен кеңі-рек танысты.  Жеке кездесуге Іле ауданынан арнайы делегат ретінде біз де қатыстық. Өйткені, компанияның негізгі өндіріс орны Іле ауданы Байсерке ауылдық округінде орналасқан. Мемлекеттік салыққа төленетін 2,5 млрд теңге де осы ауданға тиесілі. Кездесуде тұтынушылардың  тарапынан қойылатын талаптар, шикізат жеткізудің логистикалық сын-қатерлерін шешу, жаңа кадрлар даярлау, салалық мәселелер туралы бірқатар сұрақтар талқыланды.

Сапар аясында зауыт қонақтары «Шин-Лайн» балмұздақ өндірісімен танысты. Өндіріс толығымен автоматтандырылған және компьютерленген, өнімнің қауіпсіздігі адамның қатысуынсыз температуралық режимді сақтай отырып жүзеге асырылады.  Техникалық жағынан балмұздақ жасау аса күрделі, түрлі дәмдеуіштер, мысалы бірнеше қабатты глазурь дәмі бар балмұздақ,  шоколадты екі қайтара қолдана отырып әлемдік деңгейдегі балмұздақ дайындаулары таңдай қақтырады. Балмұздақ өнімінде маңызды орын алатын ингредиенттің бірі – сиыр сүті. Алматы облысы бойынша фермерлерден алынған сүтті арнайы көлікпен тасымалдайды екен. Сұйық күйінде аппараттарға құйылған сүт, екінші жағынан ұнтақ болып қолданысқа дайын түрінде шығып жатады.

«Шин-Лайн» компаниясында 2000-нан астам түрлі саланы игерген қызметкерлер жұмыс жасайды. Мысалы, бір балмұздақты шығару үшін азық-түлік технологы, физика маманы, химия маманы, экономист, зертханашылар, кондитерлер, маркетологтар, инженерлер, дистрибуторлар тағы басқа техникалық персоналдар атсалысады.

Кәсіпорында кадр тапшылығы күн тәртібінен түспейтін актуалды сұрақ болып қала береді.  Кәсіпорын ішінде алдағы уақытта іске асырылатын көптеген жобалар бар. Атап айтқанда, балмұздақтың сыртындағы «Қазақстанда жасалған» жазуын үлкейту, қазақы атаулар беру, сыртқы дизайнына қазақы нақыш қою сияқты жұмыстар атқарылады.

– Өндіріс көлемі мен экспорт жыл сайын өсіп келеді. Біз азық-түлік пен балмұздақ шығаруға арналған жаңа инвестициялық жобаны жарияладық, ішкі инвестор ретінде біз мемлекет тарапынан қолдаудың болатынына сенеміз, — деді «Шин-Лайн» ЖШС-нің бас директоры Владимир Пак қонақтарға.

– Бұдан басқа, біз сүт шикізатымен жұмыс істейміз, ал балмұздақ – қайта өңделген сүт өнімі десек те болады. Дегенмен, бүгінгі таңда балмұздақ өндірісінде АӨК дамыту шеңберінде басқа сүт өңдеушілер алатын жеңілдіктер жоқ (ЭҚЖЖ 10.51 – сүт, ал балмұздақ бөлек бөлінген — 10.52). Мен бұған назар аудара отырып, қажетті өзгерістер енгізілгенін қалаймын.

«Euromonitor International» – халықаралық зерттеу компаниясының мәліметінше, «Шин-Лайн» бір жыл ішінде нарықтағы үлесін 49 пайыздан жоғары асырып, арттыра алды. Компания бүгінде Қазақстан мен Орта Азия елдерінде тәулігіне 250 тонна көлемінде 120-дан астам балмұздақ түрін өндіретін №1 компания саналады. Ең танымал түрлер – «Бомба», «Полюстегі аю», «Bahroma» сондай-ақ балмұздақ пен кондитерлік өнімдер сегменттерінде орналасқан үздік «Золотая коллекция» «Гулливер», «Лесная Белочка», «Ключик Буратино», «Птичка» және «Красный мак» топтамалары бар.

Компания қайырымдылық акцияларына жиі қатысады. Жақында ғана Жаңа жылдық мереке кезінде тәтті сыйлықтары бар «Шин-Лайн» балмұздақтары толы жүк көліктері Алматы облысын аралап, Іле ауданы, Ащыбұлақ округінде орналасқан «Солнышко» және «Ковчег» балалар үйлерін, SOS «Алматы балалар ауылын», Алматы облысы білім басқармасының «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау облыстық орталығы» комуналдық мемлекеттік мекемелерін, «Жаңа Іле» облыстық қоғамдық қорын, психологиялық-педагогикалық кабинетін қамтып  тәттілерін сыйға тартты. «Шин-Лайн» компаниясының басшысы Андрей Шин «Балмұздақ, балаларға бақыттың нағыз дәмін сездіреді. Бала бақытты болса онда компания ұжымының еңбегі еш кетпеді деп білемін» — дейді.

«Шин-Лайн» балмұздағын еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, Орта Азияда Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдерімен қатар  Ресей, Беларусь  елдерінің дүкендерінде де кездестіруге болады. Сондай-ақ, өндірілген тауар Қытай мен Моңғолияға жөнелтіледі. «Шин-Лайн» экспорттық жеткізілімдері жаңа нарығының ішіне Грузия мемлекеті енді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы елімізде  балмұздақ экспорты 7,8 пайызға ұлғайған және бұл динамиканы нарық көшбасшысы «Шин-Лайн» компаниясы толықтай қамтамасыз етіп отыр.

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button