Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыДенсаулықҚоғамМерекелерЭнергетический ауылдық округі

АУЫЛ ҚАРТТАРЫ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНАДЫ

Белсенді ұзақ өмір сүру  – қарттарымызды әлеуметтік қолдауға арналған жоба. Энергетический ауылдық округі – Іле ауданында ең бірінші болып белсенді ұзақ өмір сүру орталығын құрған аймақ. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында ауылымыздың қариялары салауатты өмір салтын ұстанып, өздерінің денсаулықтарын нығайтады, спортпен шұғылдану арқылы өмірге деген құштарлықтарын арттырады. Сонымен қатар, үйде отырып қалмай, қарттарымыздың уақытын тиімді пайдалануға да бұл ұйымдардың тигізетін әсері мол. Биыл осы қоғамдық бірлестіктің құрылғанына бір жыл толып отыр екен. Осы орайда, Өтеген батыр ауылында орналасқан №7 орта мектепте Энергетический ауылдық округі «Белсенді ұзақ өмір сүру» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 1 жыл толуына орай мерекелік кеш өтті. Мәдени шараны Іле аудандық мәслихатының төрағасы Абилова Роза Михайл кызы ашып, бірлестік мүшелерін бір жылдықтарымен құттықтады. Р. Абилова өз сөзінде үнемі салауатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік еткен қарттар осындай жақсы істерімен жас ұрпаққа үлгі болатындықтарын айта келіп, осылай жарқырап жүре берулеріне тілектестік білдірді. Р. Микайл кызынан кейін сөз алған  ауданымыздың ардагері, Энергетический ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейдалиев Мақсат та ұйымды алғашқы мерейтойымен құттықтап, округ әкімі Қ. Рахимовтың арнайы алғыс хатын табыстады.

«Белсенді ұзақ өмір сүру» ұйымының жетекшісі Гейм Любовь Дмитриевна, осы ұйым мүшелерін скандинавиялық серуендеуге, әр түрлі спорттық жаттығуларды жасауға үйретіп жүрген тренері Фамичева Елена Евгеньевна да кезекпен сөз алып, бірлестіктің жұмыс барысымен, мүшелерімен таныстырып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.

Шара барысында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ директоры Сакташева Жания Көпжүрсінқызы сөз алып, Алматы облысы әкімдігінің 2023 жылғы 10 қаңтардағы №6 қаулысымен «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-нің  белсенді қолдауымен Есік қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру  орталығы» КММ құрылғанын атап өтті. Бұл орталық зейнеткерлік жастағы адамдарды белсенді мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге әлеуметтендіруді, олардың физикалық денсаулығының ұзақтығын арттыруды, аға буын өкілдерінің бос уақытын, әрбір қарт адамның қажеттілігі мен құндылығын дамытуды көздейді. Қазіргі таңда орталықта 334 зейнеткер тіркеліпті. Жания Көпжүрсінқызы «Орталықта әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-білім беру, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-сауықтыру, әлеуметтік – бос уақыт, әлеуметтік-мәдени сынды 18 бағыт бойынша сабақтар мен белсенділіктер бар. Бұл бағыттар бойынша күйзелісте жүрген қарттарға психологиялық қолдау көрсетіліп, оларды дене еңбегін жасау арқылы, сауықтыру жұмыстарын жүргізу арқылы терапия жүргізіп, рухани-физиологиялық белсенді болуға жетелейді. Сондай-ақ, йога, емдік гимнастика, аква-аэробика, скандинавиялық серуендеу сынды салауатты өмір салтын ұстануға арналған шаралар да атқарылады» — дей келе, орталықта атқарылған жұмыстар жайлы жан-жақты ақпарат беріп, осындай қоғамдық орталықты Іле ауданында да ашуға ниетті екендерін ашып айтты. Егер аудан әкімдігінен қолдау тапса, біздің ілелік ардагерлеріміз де заңды ғимараты бар, жан-жақты бағдарлама негізінде жұмыс істейтін қарияларға арналған қоғамдық бірлестіктің емдеу-сауықтыру орталығында ем алып, демалып, өзара қауқылдасып, еңбек терапиясымен айналысып, бір жасап қалар еді. Ал, ол орталық заңды түрде ауданымызда ашылғанға дейін Ж. Сакташева ілелік «Белсенді ұзақ өмір сүру» қоғамдық бірлестігін өздерімен бірге жұмыс істеуге, орталықтың негізгі жұмысымен танысып, бірге мәдени орындарға, музейлерге саяхат жасауға шақырды.

Салтанатты кеште мектебіміздің оқушылары ардагерлер алдында өз өнерлерін көрсетіп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 1 «В» сынып оқушысы Нильмайер Кристина қазақша «Егеменді Қазақстан» әнін шырқады. Ал, мектебіміздің жас әншілері, «Жұлдыз» вокалдық тобы «Первым будь всегда» әнін, 2 «Ғ» сыныбының оқушылары Сергазы Әдемі мен Серікбек Сезім «Мамочка милая» әнін нақышына келтіріп орындады. Біздің жас ұландарымыз да өнерден құралақан еместігін көрсетіп, 7 «Ж» сынып оқушысы Разахунов Арафат «Мой Казахстан» әнімен көпшілікті сүйсіндірсе, 9 «Б» сынып оқушысы Советхан Әлібек ана туралы ән салып, тыңдаушылардың көңілінен шыға білді.

Өз кезегінде Әлібек Нұрғожа атындағы ардагерлер халық ансамбілі «Белсенді ұзақ өмір сүру» бірлестігін мерекелерімен құттықтай отырып, кеш қонақтарына арнап әуелете ән салып, ел мерейін өсірді.

 

А. ЕРЖАНОВ,

№7 орта мектеп  директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Басқа жаңалықтар

Back to top button