Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамМерекелерЭнергетический ауылдық округі

НАҚТЫ ТАҢДАУ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

2023 жылы елімізде Мәжіліс және Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы тың лекпен өткізілді. Елімізде 1995 жылы 9 желтоқсанда Парламент Мәжілісінің алғашқы сайлауы өтіп, 30 жылға жуық уақыт ішінде халық өз таңдауын жасап келеді. 1 ақпан – дүниежүзілік сайлау күніне орай, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап іздеп, Іле ауданының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ахмет Ербол Бауыржанұлымен сұхбаттасқан едік:
– 2023 жылы 19 наурызда өткен сайлаудың ерекшелігі – бірмандаттық сайлау округтерінің құрылуы. Оған қандай себеп болуы мүмкін?
– Мемлекет басшысының саясатымен 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлаумен өткізіп жатыр. Ауданымыздың өзінде әкімдердің 60 пайызы тікелей халықтың таңдауымен сайланды. Тек Ащыбұлақ, Байсерке, Энергетический және КазЦИК ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау ғана жанама түрде жүзеге асты. 2024 жылы Ащыбұлақ және Байсерке, ал 2025 жылы Энергетический, КазЦИК ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы жоспарда тұр. Бұған дейін аудан әкімдерін депутаттар сайлаған болса, уақыты келе бұл құқықты халықтың өзі иеленетін болады. Менің ойымша, Республика халқы ауыл әкімдерін тікелей сайлауға дайын. Біз бұл үрдіске келдік.
Ал бірмандаттық сайлау округтеріне келер болсақ, 2023 жылдың 19 наурызында ҚР Парламент Мәжілісі және Мәслихатының сайлауы өтті. Оның ерекшелігі – жоғарыда аталған екі сайлау жүйесі де қатар жүргенінде. Естеріңізде болса, 2021 жылы облыс халқына 3 бюллетен беріліп, дауыс беру партиялық тізіммен жүзеге асырылды. Парламент мәжілісіне, Алматы облысы мен Іле ауданы бойынша мәслихатқа депутаттар партиялық тізіммен өтті. Былтырғы ерекшелік – бірмандаттық сайлау округтерінің қайта құрылуында. Бірмандаттық сайлау округтері арқылы Қазақстан Республикасының кез келген азаматы депутаттыққа өзінің кандидатурасын ұсына алады. Қажетті құжаттарын тапсыру арқылы, ешқандай партия тізіміне кірмей-ақ, сайлауға түсуге құқылы. Ауданымызда 94 сайлау учаскесі, 30 округтік сайлау комиссиясы қызмет атқарады. Атап айтқанда, 3 сайлау комиссиясы облыстық мәслихат депутаттарын, ал қалған сайлау комиссиялары аудандық мәслихат депутаттарын сайлауға құрылған.
– Сайлау науқаны кезінде түрлі тәуелсіз бақылаушылардың арнайы әлеуметтік желісі мен топтары сайлаудың әділ өтуін бақылап, белсенділік танытады. Жасырын емес, жарияланған кей ақпараттарды оқып, «Сайлау әділетті өтті ме?» деген сұрақ туындайды. Осыған қатысты пікіріңізді айтып өтсеңіз. Екі-үш жауаптан салған сайлаушылардың даусы есептеле ме?
– Республикалық сайлау кезінде ЕҚЫҰ-ның тәуелсіз байқаушылары міндетті түрде елімізге табан тірейді. Өзге елдердегі шетелдік байқаушылар елімізге келеді. Одан бөлек, біздің ауданымызда облыстық деңгейде тіркелген ұйымдар бар. Сайлауға байқаушы ретінде қатысуға болады. Ол үшін облыстық сайлау комиссиясының аккредитациясынан өту керек. Бұл – 2023 жылы енгізілген жаңашылдық. Өткен сайлауда аккредитациядан өткен қоғамдық ұйымдар сайлауға байқаушы ретінде қатысты. Бақылаушылардың жұмысы – сайлау жүйесінің әділ және ашық өтуін қадағалау. Соңғы жылдары сайлау жүйесінің дамуына, жиі өтуіне байланысты халықтың көзі ашылды. Сайлау комиссияларын оқыту жұмыстары жиі жүргізіліп жатыр. Ал, 2-3 кандидат белгіленген сайлау бюллетендері жарамсыз деп танылады. Ешбір кандидаттың дауыс санына қосылмайды.
– 2021 жылғы ҚР Парламент Мәжілісі және Мәслихат депутаттарының сайлауында сайлаушыларға 3 бюллетень, ал 2023 жылғы сайлауда 5 бюллетеннен берілді. Бұл жаңашылдықтың енгізілуіне не түрткі болды деп ойлайсыз?
– Атап өткенімдей, 2021 жылғы сайлау тек партиялық тізіммен өтсе, 2023 жылғы өткен сайлауда ҚР Парламент Мәжілісі партиялық тізім және бірмандаттық сайлау округтері бойынша, облыстық мәслихат депутаттары да партиялық тізім және бірмандаттық сайлау округтері бойынша, тек аудандық мәслихат депутаттары бірмандаттық сайлау округтері арқылы сайланды. Сол себепті де 5 сайлау бюллетені берілді.
– Сайлаушы сайлау күні өзге мекенде болса, дауыс беру қалай жүзеге асады? Егер сайлаушы сайлау күні нақты қай мекенде болатындығын білмесе, дауыс бере ала ма?
– Сайлау күніне 16 күн қалғанда және сайлау күнінен бір күн бұрын сағат 18:00-ге дейін есептен шығару куәліктері беріледі. Мәселен, 19 наурызда өтетін сайлауға ақпан айының соңғы күнінен бастап есептен шығару куәлігі ұсынылады. Есептен шығару куәлігінде қай жерге баратындығы жазылмайды. Мен куәлікті алып, Астанаға баруды жоспарладым делік, бірақ аяқасты Қостанайға жол тартсам, есептен шығару куәлігі жарамды саналады. Мен Қостанай қаласынан дауыс бере аламын.
– Осы тұста сайлау форматын жаңа деңгейге шығару, яғни цифрландыру үдерісі мүмкін бе?
– Сайлау процесін цифрландыруға келер болсақ, бюллетенмен дауыс беру дүниежүзінің барлық мемлекеттерінде жүзеге асырылады. Өзге елдерге қарайлайтын болсақ, сайлау бюллетені, агитациясы, сайлау науқаны, жалпы алғанда сайлаудың жүргізілу жүйесі бәрімізде бір. Дегенмен, цифрландыру сайлауға дейінгі үдерістерге жүргізілсе де, сайлау күнгі науқанның барлығы қағаз жүзінде өткендігін, өз басым дұрыс деп есептеймін. Сол кезде дауыс беру әділ әрі шынайы өтеді. Бұл тұста сайлаудың ең басты қағидасы – ашықтық.
– Сайлауға түскен кандиттар өзін барынша көрсету үшін түрлі агитациялық жұмыстар жүргізіп, белсенді түрде жаңалық беттерінде жарқырап жүреді. Түрлі бағдарламалардың бастамалары ұсынылады. Сол кандидат сайланғаннан кейін оның берген уәделері қандай деңгейде орындалып жатқанын қадағалайтын, не бақылайтын арнайы бөлімшелер бар ма?
– Аумақтық сайлау комиссиясының ең басты жұмыстарының бірі – кандидаттар тіркелгеннен кейін олардың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге жағдай жасау. Яғни, баспа жұмысын білетін орындар жергілікті әкімдік қызметімен бірлесе отырып, сол орындарды бекітеді. Дегенмен, кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарының мазмұнына комиссия араласпайды және оған кепілдік бермейді. Бұл тарапта, егер кандидат партия атынан ұсынылса, Саяси партияның есептік кездесулерінде халық өзі сұрауына болады. Әр депутат өзінің есептік кездесулерін міндетті түрде өткізіп отырады.
– Жылдан жылға сайлауға қатысушы халықтың белсендігі бәсеңдеп барады. Халықтың ойынша, сайлаудың нәтижесі дауыс берілсе де, берілмесе де бесенеден белгілі.
– 2023 жылдың орта есебі бойынша, өткізілген сайлаудың барлығын қоса есептегенде сайлаушылардың қатысуы 73,4% құрады. Республика деңгейі бойынша қалалы өңірлерге қарағанда, облыстағы халықтың сайлауға қатысу көрсеткіші жоғары. Мәселен, былтыр ҚР Парламент Мәжілісі және Мәслихаты сайлауында дауыс беру бойынша алғашқы орындарда Жетісу, Түркістан облыстары тұрды. Ал белсенділігі ең төмені Алматы қаласы болды. Алайда, сайлаушылар санының азаюын өз басым билікке деген сенімсіздіктен емес, қалалық өңірдегі жұмысбастылықтың есебінен дер едім. Негізінен сайлау учаскілері таңғы 07:00-де ашылып, кешкі 20:00-ге дейін үзіліссіз қызмет атқарады. Яғни, дауыс беруге барынша жағдай қарастырылған. Бұл тұста халық тарапынан немқұрайлық та болуы мүмкін. Ал облыстарда сайлаушылардың басым болуына келер болсақ, ертеректе сайлау ауылдық өңірлерде мереке ретінде есептелген. Сол үрдіс күні бүгінге дейін ауылдық мекендерде сақталған. Тіпті, өз ауданымызда ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілгенде, сол учаскілердің маңында жәрмеңке іспетті шаралар ұйымдастырылған.
– 1 ақпан – дүниежүзілік сайлау күніне орай өз әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз?
– 2019 жылдан бері сайлау комиссиясында қызмет ететін азамат қатары тұрақталды. Қазіргі таңда ауданымызда 817 азамат сайлау комиссияларының мүшесі. Олардың бәрі мәслихат шешімімен бекітілген.
– Сайлау комиссияларында қызмет етіп, еліміздің саяси өміріне белсене араласып, қоғамның дамуына атсалысып жүрген азаматтардың еңбегі жемісті болуын, қызмет жолында биікке өрлей беруін тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әр сайлауды заңбұзушылықсыз, оқыс оқиғасыз жасқы өткізуге тілекшіміз. Сайлау күні құтты болсын!
– Әңгімеңізге рақмет!

Диана БАҚЫТҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button