Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМәдениетМерекелерЭнергетический ауылдық округі

ДӘСТҮРЛІ ЖЫР МҮШӘЙРАСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Жылда дәстүрге айналған Мұқағали оқуларының аудандық кезеңі биыл 7 ақпан күні ақынның есімін абыроймен арқалап келе жатқан № 13 орта мектептің киелі сахнасында өтті. Жарысқа аудан мектептерінің 7-11 сынып аралығындағы жүзден жүйрік 95 жыр шабандоздары қатысып, өзара бақ сынасты. Байқау үш номинациядан тұрды.

«Айтып өткен ақында арман бар ма?» айдарында оқушылар ақын поэзиясынан жаттаған өлеңдер тізімін ұсынып, әділқазылардың нұсқауымен сол тізімдегі кез келген өлеңді жатқа оқыды. Ал, жыр эстафетасында қатысушыларақынның «Аққулар ұйықтағанда»,  «Райымбек! Райымбек!», «Алтай-Атырау» поэмаларын жатқа оқудан сынға түсті. Сайыскерлер шарт бойынша бірінің сөзін бірі іліп алып, поэманы мүдірмей жатқа айтып, поэманы жалғастыру шеберлігін көрсетті.

«Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» бөлімінде ақынжанды жастар ақиық ақынға арнаған өлеңдерін жатқа оқыды.

Жыр бәйгесінде қазақ тілі пәні мұғалімдері Абішева Гүлім Жеңісовна, Құмарбекова Нәзерке Құмарбекқызы, Дуамбекова Гүлжан Ақамовна, Жолдыбаева Арайлым Сережақызы, Сағындықова Әсел Сәдуақасовна, Орынбасарова Салтанат Нұрланқызы,  Арғынбаева Айна Манарбековна қазылық етіп, жас дарындардың өнерін сарапқа салды.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері Молдагулова Ақмарал Құрманжановна  жыр додасының шымылдығын ашып, байқауға қатысушы жастарға сахнада және өмір жолында сәттілік тіледі.

Үш номинациядан тұрған байқау бір сахнада емес, үш бөлек өткізілді. «Айтып өткен ақында арман бар ма?» бөліміне – 42 оқушы, «Жыр эстафетасы» бағытына – 20 оқушы, «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» атты жас ақындар сайысына – 33 оқушы қатысып, сынға түсті.

Сайыс қорытындысында қатысушылардың 45 пайызы, яғни 41 оқушы жүлделі орындармен марапатталды. Оның ішінде, «Айтып өткен ақында арман бар ма?» номинациясы бойынша №28 мектеп-гимназиясының оқушысы Қалқабай Аяулым, «Жыр эстафетасы» бойынша №38 мектеп-гимназиясынан Әбдіғаппарова Алтынай және «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» бөлімінде №13 орта мектебінің оқушысы Әбдібайқызы Әсемай бас жүлдені иемденіп, облыстық кезеңге жолдама алды.

Десек те, жыр сайысы ойдағыдай өткенімен, ойланарлықтай мәселенің дәнегін еккені жасырын емес. Біртуар ақынның біртұтас шығармашылығын жілік-жілікке  бөліп, жіктеуіміз байқаудың жүгін  жеңілдеткенімен, оқушы дарынын жұтаңдататыны байқалды.  Бұл бөлініс үміткердің бойындағы дарынын дәл бағалауға кедергісін келтіретін сыңайлы. Жарысты бақылап қарасаңыз, қатысушылардан жалын тұрмақ бәсекелестіктің жай ұшқынын аңдау қиын. Бір өлеңін оқып, не поэмасын жаттап, болмаса арнау арнап қана шектелетін сайыстан қандай бәсеке күтуге болады? Нағыз жыр сәйгүліктері жарысатын жыр додасының қазіргі көрінісі жабылар сайысына айналған іспетті. Ал мұндай майдаланудың себебі неде десеңіз, бұл өзгеріс оқушы қабілетінің деңгейіне сай жасалған дейді-мыс. Бұл ойымызды ұстаздар қауымы да құптап отыр.

Саралап қарасақ, ауданымызда 70 мыңға жуық оқушы бар, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша оқытатын ұстаздар саны – бес жүзден астам. Жәңгір ханның 600 жауынгермен жоңғардың 50 000 әскерін ойсырата жеңу қолынан келсе, ұстаздарымызға кемі 10 000 баланың оқуға деген құштарлығын оятып, бойындағы жалқаулық дертімен күресіп, қызығушылықтарын арттыру жолында жұмыс істеуге не кедергі? Баланың ыңғайына қарай иіле бергенше, сол баланы өзімізге қарай иілдіргеніміз абзал еді.

«Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді үйренген баланың болашағы прогресстік (өсу) емес, регресстік (құлдырау) сипат алары анық дүние. Сол себепті, ел ертеңін сеніп тапсырардай, білімді де, дарынды жастарды тәрбиелеуді ойласаңыз, екі адыммен шығатын дөңді емес, еңсерер биік тауды көрсетіңіз. Ол тауға бірінші мықтылар өрлейді, екінші талабы биіктер талпынады, артынша бәсекеге қабілетті жас ереді. Баланың  қабілетін  арттыру сонда кімнің үлесінде?

Біздің білуімізше, қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығын насихаттауға арналған жыр мүшәйралары дәстүрлі түрде өтіп тұрады. «Қабілетке қарай» деп қарайлай берсек, болашақта қара таппай қалмаймыз ба?

Бұрындары ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың оқулары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу, поэма жаттау, арнау, сұрақ-жауап сияқты маңызды бірнеше кезеңнен тұратын еді. Оған жауапты мектеп ұжымы сахнаның безендірілуі мен жарысқа келген балалардың жүріп-тұрысын жіті қадағалайтын. Жоғарыда аталған кезеңдердің барлығына жалғыз сайыскер қатысып, жыр додасының нағыз жеңімпазы іріктелетін. Сондай-ақ, әділқазы алқасының құрамына ұстаздармен қатар, кәнігі ақындарды немесе ақын шығармашылығының қыр-сырын білетін мамандарды да қосқан жөн шығар.

Көш жүре түзелер демекші, болашақта ақиық ақынның қос қанатындай болған поэма мен лирикалық өлеңдерін қатар жаттап, көпшіліктің ықыласына бөленер нағыз майталмандарды көреміз деген үміттенеміз.

Диана БАҚЫТҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button