Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратКүрті ауылдық округіҚоғам

17 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ШЫҒЫН КЕЛТІРГЕН БРАКОНЬЕР БАЛЫҚШЫЛАР ҰСТАЛДЫ

Алматы облысында өндірістік көлемде заңсыз балық аулаумен айналысқан браконьерлер тобының әрекеті тоқтатылды. Жергілікті ішкі істер басқармасының мәліметінше, топ Іле ауданындағы Сорбұлақ көлінде қылмыстық әрекеттерін іске асырған. Браконьерлік топ құрамында 21 мен 45 жас аралығындағы он бір адам болғандығы анықталған.

«Олар тыйым салынған ауларды пайдаланып, балық ресурстарын заңсыз аулаумен айналысқан. Браконьерлерден үш тоннаға жуық тұқы балығы, су көлігі мен түрлі браконьерлік құралдар, сондай-ақ әртүрлі қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленді», — деді Алматы облыстық ІІД бастығы Бауыржан Әленов. Ұйымдасқан топ ауланған балықтарды сату мақсатында еліміздің әр өңіріне тұрақты түрде жеткізіп отырған. Істің жай-жапсарын анықтау барысында, тәркіленген балықтан мемлекетке 17 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілгені анықталды.

Қазіргі уақытта браконьерлік топтың үстінен заңсыз балық аулау мен атыс қаруын сақтау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, айыпталушылар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды: «Істі тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, сондай-ақ күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеру бойынша қосымша іс-шаралар жүргізілуде», — деп қосты облыстық полиция департаментінің басшысы.  Сорбұлақ көлінде бұндай заң бұзушылық әрекет бірінші рет тіркеліп жатқан жоқ. Бауыржан Аленовтің сөзінше, аталған көлде балық жиі ауланып, ұйымдасқан түрде  заңсыз әрекеттер жүргізіліп келеді.

Айта өтелік, Сорбұлақ – ТМД мен әлем елдері арасындағы үлкен жинақтаушы көл. Ол Алматы облысының Іле ауданында орналасқан. Тереңдігі 25 метр, ал ауданы 58 шаршы шақырымды құрайды. Су қоймасы Алматы, Талғар,  Қаскелең және Алматы облысының елдімекендерінің өнеркəсіптік жəне коммуналдық шаруашылығынан қалған ақаба суларын жинайды. Жердің табиғи кеңістігіне байланысты жинақталған су көлге айналған.

Сорбұлақ лас сулардың жиынтығы болғандықтан, оның құрамы түрлі токсинді заттардан тұрады. Сондықтан, бұл көлден балық аулауға және суын тікелей пайдалануға тыйым салынған.

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button