Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚазақстан жаңалықтарыҚоғамЭнергетический ауылдық округі

ЖАСТАРҒА ТАҒЫ БІР МҮМКІНДІК

Алматы облысы бойынша жастар кадр резервіне іріктеу ағымдағы жылдың 1 наурызынан басталады. Бұл туралы Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы аудандық әкімшіліктің үлкен залында өткен брифинг барысында айтылды. Жиынға Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Арсен Абзалұлы және резервте тұрған, не тұруға ынталы жастар қатысты.

Талантты жастарға пәрменді баспалдақпен көтерілуге мүмкіндік беретін бұл жоба – Президенттің бастамасымен 2019 жылы жасақталған. Оған 35 жастан аспаған және мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі бес жылдан кем емес азаматтар қатыса алады. Резервке енген жастар мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты қызметтерге тағайындалады. Жобаны ұйымдастырудағы басты мақсат – мемлекеттік билікке тың серпін әкелер жаңашыл көзқарастағы дарынды жастарға жол ашу.

Жастар кадрлық резерві екі жылда бір өткізіліп отырады. Жыл сайын жобаға қатысуға ынталанған жастардың саны артпаса, кеміген емес. Атап айтсақ, 2019 жылы – 13 мың, 2021 жылы – 22 мың, 2023 жылы – 31 мың жас буын кадрлық резервке қызығушылық білдірген. Өтінім берген жастардың барлығы мемлекеттік лауазымға бір дестен таңдалмайтынын да ескерген жөн. Іріктеуден өтпеген президенттік резервке қатысушылар жақын арада мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда түрлі лауазымда қызмет етуге мүмкіндік алады.

Елімізде қазіргі уақытта 367 резервші түрлі салада еңбек етуде. Оның 102-сі орталық мемлекеттік органдарда, 27-сі жергілікті атқарушы органда, 72 резервші ұлттық компанияда, 129 жекеменшік ұйымдарда, 32 резервші саяси лауазымдарда және үшеуі «А» корпусында қызмет етеді.

Аталған жобаға екі жыл сайын толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп отырады. 2024 жыл да бұл жаңашылдықтан шет қалған жоқ. Биылдан бастап, президенттік кадр резервтерінен бөлек, республикалық маңызы бар қалалардың өңірлік кадр резервтеріне де іріктеу басталмақ. Бұл бастаманың мақсаты – әр өңірдегі талантты жастар арасынан озық идеялы, прогрессивті жас көсшбасшылар тобын қалыптастыру.

Жоғарыда айтып өткендей, брифингте осы өңірлік кадр резервтерінің мүмкіндіктері мен талаптары қарастырылды.

Жиынға қатысушы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Арсен Абзалұлының мәліметінше, өңірлік резервке 4 бағыт бойынша, атап айтсақ, агроөнеркәсіптік кешен мен жер қатынастары, экономика-қаржы, цифрландыру және әлеуметтік сала бойынша 15 адамды қабылдау жоспарланған.  Аталған 4 бағыт бойынша іріктеудің мақсаты – әр салада қызмет ететін мамандардың әлеуетін жұмылдыру арқылы тұтынушы қажеттілігін өтеуге, алға ілгерілеуге әрекет ету. Бұл жайлы президентіміз жастар кадр резервінің форумында: «Еліміздегі бизнес, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина, білім және басқа да секторларда табысты еңбек етіп жүрген адамдар жеткілікті. Нақты нәтижеге ұмтылып, тұтынушының қажеттілігін өтеу үшін жұмыс істейтін осындай мамандардың әлеуетін жұмылдыру керек. Мемлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізуді жалғастырған жөн. Ол үшін жеке сектордан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке қабылдау ережесін анағұрлым еркін, жеңіл етіп жасау мәселесін мұқият пысықтау қажет», – деп айтып өтті.

Өңірлік кадр резервін іріктеуге 35 жастан аспаған, 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар жоғары білімді азаматтар қатыса алады.

Президенттік кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен өту қажет болса, өңірлік резервке іріктеу 5 кезеңнен тұрады. Кадрлық резервтің бірінші кезеңі – құжаттарды қабылдау. Екінші кезең – заңнаманы білуге жеке қасиеттерді бағалауға бағытталған тестілеу. Үшінші кезең – құзыреттерді бағалау. Төртінші кезең – комиссиядағы құрылымдық сұхбат және бесінші кезең – комиссияның отырысында резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығару.

Құжат қабылдау мерзімі 1 наурыз бен 31 наурыз аралығында onir.pkrezerv.gov.kz — жоба сайты арқылы, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қағаз түрінде не хабарландыруда көрсетілген электрондық пошта мекенжайына жіберу арқылы қабылданады.

Брифинг барысында байқаудан бөлек мемлекеттік қызметке тағайындалу әдісі бар екені айтылды. Егер үміткер жоғарғы оқу орнын грандпен үздік аяқтаса, оқу бағалауы 3,33- тен жоғары болса, онда ол ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдарға іріктеусіз баруға мүмкіндік алады.

Жиын соңында аудан әкімі Бағдат Қарасаев, бұл жобаның маңыздылығын атап өтіп,  ауданымызды көркейтер білімді де білікті мамандарды мемлекеттік қызметкер қатарынан көргісі келетінін білдірді.

«Адамды заманы билейді», — демекші, жас буынға жол салып жатқан осындай жобалардың көбеюі бүгінгі заман тізгіні келешек жастардың қолына берілмек дегенді меңзесе керек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button