Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де
Кенен Әзірбаев – қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрді үзбей ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген әнші, жыршы, композитор. Әкесі Әзірбай, шешесі Ұлдар да әнші, домбырашы болған. Кенен атамыз 11 жасынан домбыраға қосылып, өз жанынан өлең, ән шығара бастаған. «Бозторғай», «Көкшолақ», «Бұлбұл», «Он алтыншы жыл» ,«Қайран елім», «Аттан» әндерін шығарып, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлаған. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып, айтысқа түскен, ән сайысына араласқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында мәдени-үгіт бригадасын құрып, ел аралап, халқымыздан шыққан батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеңісін жырлады. «Біз жеңеміз», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Төрт батыр» сияқты көптеген өлең, жырлар шығарды. 1950-1970 жылдары бейбіт өмірді, Республика табыстарын, замандастарын бейнелейтін өлең, терме, толғау дастандары туды. 150-дей ән толғап, оның өлеңін жазды. Оның әншілік, композиторлық болашағына әнші-жыршылардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды. Әсіресе, Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алған. Кенен Әзірбаевтің «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар» секілді әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналған.
Кенен Әзірбаев айтыс жанрына ерте араласып, Шалипа, Ләтипа, Кенеқожа, Әбдіғали, Бопипа, Есдәулет ақындармен айтысқан. Ол қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы, осы өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізуші тәлімгер-ұстаз да бола білді. Дастан жанрын жастайынан жырлаған. «Шөпке барғанда», «Құдалар», «Әли батыр», «Қырғызбай», «Кенебай-Кербез», «Бұрынғы өткен батырлар», «Жалғыз қаз». «Жамбыл – жыр» атты толғау, дастандары бар. Бұл шығармалары – ақынның эпикалық дәстүрге құрылған көркем дүниелері. Кенен Әзірбаев халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқаларын есінде мол сақтаған, оның айтуынан жазып алынған фольклорлық мұралар Қазақстан Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар орталығында сақтаулы.
Халық ақыны, күміс көмей әнші әрі композитор Кенен Әзірбаев 1884 жылы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында дүниеге келді. Ал 1957 жылы сол кездегі Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Киров колхозына көшіп барып, өмірінің соңына дейін осы елдімекенде тұрды. 1976 жылы 92 жасында қайтыс болды. Ақынның мәйіті, тұрған үйі, мұражайы осы жерде. «Кенен – екі облысқа ортақ ақын» дейтіні сондықтан. Қазіргі таңда бұл жер «Кенен ауылы» деп аталады.
Өткен сенбіде Алматы облысы Іле ауданындағы Кенен Әзірбаев атындағы №15 орта мектеп базасында «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығы, Іле аудандық әдістемелік орталығы және Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Іле аудандық филиалы бірлесіп Кенен Әзірбаевтің 140 жылдық мерейтойына арналған аудандық «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» атты мұғалімдер арасында «Шабыт» байқауын өткізді. Байқау ақтаңгер ақын, күміс көмей әнші әрі сазгер – бесаспап өнер иесі Кенен Әзірбаевтің шығармашылығын насихаттауды, аудан мұғалімдерінің шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тума талант, табиғи дарындарын анықтауды, ұстаздар қауымының поэзияға, әнге және төл өнеріміздің төресі айтысқа деген құштарлығын арттыруды, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге, дәйекті жеткізуге баулуды мақсат етті. Азулы ақындар мен күміс көмей әншілер сыналып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтайтын додаға ауданымыздың мектептерінде қызмет етіп жүрген мұғалімдер қатысып, бақтарын сынады.
Өнер бәйгесі «Ақындардың атасы алып Кенен, Сен жасайсың мәңгілік халықпенен» атты ақынның өлеңдерін жатқа оқу мен ақынға өлең арнау бағыты, «Құлағымнан кетпейді салған әні» тақырыбында Кенен Әзірбаевтің сөзіне жазылған әндерді немесе Кенен Әзірбаевтің өзі шығарған әндерді орындау және «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» атты аудандық ақындар айтысы сынды өнер түрлерін қамтыды. Себебі, Кенен Әзірбаев өзі ақын, өзі әнші, өзі сазгер әрі айтыста алдына жан салмаған жыр жүйрігі болғаны баршамызға мәлім.
Қазақтың ән өнерінде қалықтап, айтыстың асқақтап, өлеңнің өрісі кеңеюіне өзіндік үлесін қосқан, сан өнерді тал бойына жиған дара талант Кенен Әзірбаевтің мол мұрасын насихаттаған шараға ақынның қызы, асылдың тұяғы, «Алматы облысының Құрметті азаматы» Төрткен Кененқызы, Іле ауданының өнерін өрге сүйреген ақын, ардагер ұстаз Баян Топаркеліні, Алматы облысның «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы тілдерді оқыту, талдау, мониторинг бөлімінің басшысы меңгерушісі Дусанбаева Гүлмира Әбілқасымқызы, орталықтың оқытушысы Шыңғысбаева Ақжарқын Бейбітқызы, Іле аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі Каршалова Бақыткул Бектеновна, орталық оқытушысы Толегенова Балжан Жумангалиевна, Іле аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскері Молдагулова Ақмарал Құрманжанқызы, «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығы және аудан мұғалімдері қатысты.
Мәдени шараның шымылдығы әнмен түріліп, қатысушылар К. Әзірбаев атындағы №15 орта мектептің дарынды оқушылары ұйымдастырған концерттік бағдарламаны тамашалады. Шара барысында ақынның қызы Төрткен Кененқызы жылы лебізін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Биыл әкемнің 140 жылдық мерейтойын тойлауды Іле ауданы бастап отыр. Бұрын ақындар айтысы мен ән сайысы өтіп, оған республикалық айтыста жүлдегер болып жүрген ақтаңгер ақындар қатысып, көрермен қауымды жырға бөлесе, бүгін аудан ұстаздарының өнерін тамашалағалы отырмыз. Осындай дүбірлі той жасап, шақырғандарыңа алғысым шексіз» — деп ризашылығын білдірді. Т. Кененқызынан кейін сөз алған Баян Топаркеліні де Кенен Әзірбаевтің қазақтың ән өнерінде алатын орны ерекше екенін айтып, баба мұрасын насихаттауға келген қатысушыларға баптары мен бақтары қатар шауып, жеңіс тұғырынан көрінулерін тіледі.
Сайыс басталмас бұрын қатысушылар №15 орта мектептің мұғалімдері ұйымдастырған қазақтың мақал-мәтелдерін білуден білімдерін сынайтын арқан тартысқа қатысып, мақал-мәтелді көп білетін топ арқан тартыстың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, асық атудан жарыс ұйымдастырылып, әрбір атып құлатқан асықтың тасасында жасырылған сұрақтарға жауап беріп, ақынның өмір жолы, шығармашылығы жайлы білімдері сынға түсті.
Байқау шарттарына сәйкес, төрт бағыт бойынша сайыс өз деңгейін өткізіліп, жазба ақындар Кенен Әзірбаев атамыздың өнегелі өмірін, рухты жырларын өз шығармашылығына арқау етсе, ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысында үміткерлер Кенен Әзірбаевтің шығармашылығынан жатқа оқып, әділқазылар қатысушыларды жатқа білетін өлеңдерінің санына және мәнерлеп көркемдеп оқуына қарай бағалады. Ән байқауында әр мектептің үкілеп қосқан күміс көмей, жез таңдай әншілері сахнаны әнге бөлеп, сәнге бөлеп, Кенен ақынның әндері мен халық әндері домбыраның күмбірімен, эстрадалық жанрға салып қайта өңделген әндердің дүбірі мектеп ішін кернеді.
Байқаудың ең күрделі бағыты – ақындар айтысы. Айтыста ақындарға халқымыздың тілін, дәстүрін, тарихын және әдебиетін терең білетіндігі, Кенен Әзірбаевтың қазақ өнерін дамытудағы орны, айтысқа, сөз өнеріне, музыка жанрына қосқан үлесі, шығармашылығы жайлы сөз қозғауы керектігі мұқият тапсырылды. Негізгі тақырып – Кенен Әзірбаевтің өмірі мен шығармашылығы. Сондықтан, ақындар айтыста елдің бірлігіне, ұлтаралық татулыққа нұқсан келтіретін, конституциялық құрылымға қарсы айтылатын, жекелеген тұлғалар мен рулардың намысына тиетін, «педагог мәртебесі» заңнамасына қайшы сөздерге жол бермеуі керектігі қатаң ескертілді. «Айтыс – сөз барымтасы» болғандықтан, ақындар Кенен туралы өз білімдерін ортаға салғаннан кейін өзара шаппа-шап кезінде әр түрлі тақырыпты жырға қосты. Жалпы, айтыс – бірқатар талаптар мен шарттарға толық жауап беруі тиіс синхронды өнер түрі екендігін ескерсек, мектеп мұғалімдері арасынан шыққан айтыскерлердің айтыс тақырыбын жан-жақты жырлауда, сахнаға шығып-түскендерінен бастап, киген киімдері, ұстаған домбыралары, қыл аяғы саптаған сөздерінде де кемшіліктер болмады десек, ешкім сене қоймас. Бірақ, халқымызда «Көш жүре түзеледі» деген қанатты сөз бар. Бұл – аудандық деңгейде өткізіліп тұрған алғашқы ақындар айтысы. Алдағы уақытта ауданымызда кенжелеп дамып жатқан айтыс өнері көптеп ұйымдастырылып, ұстаздарымыз шәкірттерге үлгі болып, облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, топ жарады деп сенім артамыз.
Сайыс қорытындысына сай, «Ақындардың атасы алып – Кенен. Сен жасайсың мәңгілік халықпенен» атты көркемсөз оқу номинациясы бойынша К. Әзірбаев атындағы №15 орта мектептің мұғалімі А. Ешпан топ жарып, І орынды иеленсе, №55 орта мектептің мұғалімі А. Ауданова мен №44 орта мектептің мұғалімі Құмар Қуат ІІ орынды бөлісті. Ал, жыр мүшәйрасында Т. Айбергенов атындағы №48 орта мектептің мұғалімі Ж.Серікқызы І орынды қанжығасына байласа, К. Әзірбаев атындағы №15 орта мектептің мұғалімі М. Болатқызы, №50 орта мектептің мұғалімі М.Тұрсынқызы, №32 орта мектептің мұғалімі А. Аргимбаева ІІ орынды иеленді. Осы сайыста №7 орта мектептің мұғалімі Ж.Далбаңбай, №49 орта мектептің мұғалімі А.Чакиртова және №20 орта мектептің мұғалімі Б. Әуенай ІІІ орынға табан тіреді. «Құлағымнан кетпейді салған әні» Кенен Әзірбаевтың әндерін немесе халық әндерін аспапта, эстрадалық жанрда орындауға арналған байқауда №44 орта мектептің мұғалімі С.Мүбарак І орынға лайық деп танылып, жеңімпаз атанды. №7 орта мектептің мұғалімі Қ. Сайлыбаева мен №20 орта мектептің мұғалімі С.Құштар ІІ орын биігінен көрінсе, №54 орта мектептің мұғалімдерінен құралған топ пен К. Әзірбаев атындағы №15 орта мектептің мұғалімі Э.Үмбетжанова алғашқы үштіктің құрамына енді. Ақындардың суырыпсалмалығы мен тапқырлығы, табан астында жауап бере алатын алғырлығы, өрелі жыр құрай алатын шеберлігі сынға түскен «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» ақындар айтысында №52 орта мектептің мұғалімі Мамырбаев Дихан І орынды иеленсе, №38 мектеп-гимназиясының мұғалімі Әкімақын Айбек пен №3 орта мектептің ұстазы Қырғызалиев Ербол ІІ орынға табан тіреді. Ал, №42 орта мектептің мұғалімі Жатқанбай Ардақ пен №20 орта мектептің мұғалімі Жұмахан Алмат ІІІ орынды місе тұтты.
Байқауға қатысушыларды марапаттау рәсімінде Төрткен Кененқызы ақындар мен әншілерге, өлең-жыр жаттаған талантты ұстаздарға өз алғысын білдіріп, ұйымдастырушылар мен қатысушы ұстаздарға аналық ақ батасын берді. Баян Топаркеліні осы байқауда алған әсерін жырға қосып, «Кенен оқулары байқауы аудандық деңгейде қалып қоймай, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейге көтеріліп, ақын атамыздың рухы шат болсын» — деп, ағынан жарылды. Ұйымдастырушылар өз кезегінде ақын атамыздың көзі, ақын мұрасын жинақтап, халыққа ұсынушы, жанашыры Төрткен анамызға шапан жауып, қазақ халқының аттан жығылса да, салттан жығылмайтынын тағы да паш етті.
Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ