Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМерекелер

АЛҒЫС АЙТУ – АСЫЛ ҚАСИЕТ

«1 наурыз – алғыс айту күні» мерекесі қарсаңында №7 орта мектепте «Шын жүректен алғыс айтамын» атты әдеби-сазды кеш өтті. Мәдени шараны Өтеген  батыр ауылдық округі әкімшілігінің, Іле аудандық «Қоғамдық келісім және даму» орталығының қолдауымен №7 орта мектеп ұжымы ұйымдастырды. Іс-шара округ әкімі Қ.Қ. Рахимов, аудандық «Қоғамдық келісім және даму» орталығының  төрайымы М.Т. Жабиева, Өтеген батыр ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы М.С. Сейдалиев,  Іле ауданының «Құрметті азаматы», Ауған соғысы ардагерлерінің жеке қайырымдылық қорының төрағасы Н.Л.Түймелиев, аудандық мәслихат депутаты Н. Сержанов, аудандық «Корей» ұлттық орталығының жетекшісі Ю.В. Магай қатысты.

Оқушылардың бойында бір-бірін қадірлеуді, ізгілікке, ұлтаралық татулыққа, рухани-адамгершілік пен елжандылыққа баулуды мақсат еткен игі шараны округ әкімі Қанат Қасымханұлы ашып, алғыс айту күнінің маңызы мен мәніне тоқталып өтті. «Қазақстан ұлы жұттан басталған зобалаңнан бастап, одан кейінгі Ұлы Отан соғысы сұрапылында туған жерлерінен үдере көшкен сан мың ұлысқа ортақ шаңырақ болды. Олар осы жерде өздеріне жайлы орта тапты, жанұялы  болды, өсіп-өнді. Мұндайда алыстағының өзі бауырың, туысыңа айналады. Біздің елімізге жолдамамен қызметке жіберілген қаншама партия, кеңес қызметкерлері болды. Олардың өзі Қазақстанды туған еліндей көреді. Жазған естеліктерінде қазақ даласын, ондағы адамдар туралы құрметпен еске алады» — дей келе, Жаратқан Ие біршаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халқымызды бірлігінен, татулықтан айырмауын тілеп, берісі округімізге, әрі аудан, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген, білім беру, денсаулық сақтау салаларында еңбек етіп, халықтың ықыласына бөленіп жүрген азаматтарға арнайы алғыс хатын табыстады.

Округ әкімінен кейін сөз алған Ю. Магай: «Сонау 30-жылдардың соңында үдере көшу саясаты құрбандарының бүгінде үшінші ұрпағы егемен Қазақ елінде өмір сүріп жатырмыз. Қиын-қыстау заманда ата-бабамызға қол ұшын берген қазақ халқына алғысымыз шексіз. Жан жарасы әлі де ұмытылар емес. Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді. Егер қазақ халқының қонақжайлылығы болмаса, біз де болмас едік» — дей келе, дархан көңіл қазақ халқының сол кездегі жомарттығы мен жақсылығын кейінгі ұрпақтарына да айтып отыратынын тілге тиек етті. Жастардың атынан, соның ішінде, мектебіміздің білім алушылары атынан 10 «В» сынып оқушысы Смирнова Алина сөз алып, ата-анасына, ұстаздар қауымына, аға буын өкілдеріне, мемлекетқұраушы ұлт қазақ халқына алғысын білдірді.

Мәдени шара мектебіміздің өнерлі шәкірттері ұйымдастырған концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, «Мұрагер» ансамблі Д.Нұрпейісованың «Тойбастар» және Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін орындап, домбыраның шанағынан күмбірлете күй төкті. Ал, мектебіміздің жас әншілері Ә.Советхан, К. Нильмайер, М. Доценко әуелетіп ән салса, «Жас полиция» және «Жас шекарашы» әскери-патриоттық сыныбының жігерлі ұландары тау халқының «Лезгинка» биін, 1 сынып бүлдіршіндері қазақша би билеп, көрерменді тәнті етті. Сондай-ақ, 7 «Ә» сынып жетекшісі Ш. Зәуренбекова оқушыларымен алғыс айту күнінің мәнін ашатын, құрттың қадірін түсіндіретін «Ажалдан арашалаған асыл тас» атты көрініс қойды.

Рас, сол жылдары бүкіл қазақ отбасы арып-ашып келген жандарды құшақ жая қарсы алды. Олардың ұрпақтары бүгінде ержетіп, есейді. Мұндайда алғыс айтқанды ұмытпаған абзал. Бүгінде олардың бәрі «Мың алғыс, қазақ халқына!» дейді. Біз осы «Алғыс айту» күнінің мереке есебінде  күнтізбемізге енгеніне  өте қуаныштымыз.

А. ЕРЖАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button