Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМәдениетМерекелер

АЙТАЙЫН ДЕГЕНІМ НЕМЕСЕ ӘНШІ АПАЙЛАР…

Әйел әлемі шексіз. Дана халқымыз қай кезде де қыз баланы әсем гүлге теңеп, инабатты нәзік жанға балаған. Әйел адамды – ана, бойжеткенді – қалыңдық, қызды – қонақ деп білген. Бірінші жақсылықты кімге жасау керек дегенде – анаға, екінші жақсылықты да анаға, ал тіпті үшінші жақсылықты да анаға жасау керектігін бүгінгі күнге дейін ұрпаққа аманат ретінде айтып келеді. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен қазақ аналары қай кезде де отбасының шырағы, бірлік-берекенің ұйытқысы және мейірімділіктің үлгі-өнегесі болған, бола да береді. Сондай-ақ, қазағым келінді – ибалы, абысынды – адал, енені – көреген, заманы бірді – сырлас, азаматтың асыл жарын сенімді серікке теңеп отырған. Олардың табиғаты мен талғамы, өмірге, ағайын-туыс, бала-шағасына деген ұстанымы, көзқарасы, бізге еркектерге қарағанда, әлдеқалай жоғары екенін мойындауымыз керек.

Айтайын дегенім, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – демекші, кезінде еліне еңбегі сіңген, қазіргі таңда зейнеткермін деп қарап отырмай, қоғамдық жұмысқа белсене араласып, ізгілікті істердің ұйытқысы болып жүрген және өздері имандылық жолына түсіп, айналасына қайырымдылығын аямайтын ардагер аналар аз емес. Олар айтар сөзін, жасаған істерін, өзінің қара басы күн көрісі үшін емес, өз Отанымызға, туған халқымызға, өзінің отбасылық мүддесімен үйлестіре отырып, соңымыздағы келешек өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Келе жатқан аналар мейрамы – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сол кісілердің аты аталып жатса, бір жағынан ел-жұрт біліп отырар еді, екіншіден стимул болары сөзсіз.

Жанымыздағы талай ана-әйелдер ер азаматтар көтере алмайтын жауапкершілігі мол ауыр жүкті көтеріп жүргенін көріп жүрміз. Мысалы, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Жәбиева Мейрамкүл, аудандық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Байпақбаева Бағдат, аудандық кітапхана директоры Бұдүғұлова Қарлығашты айтсам-ақ жеткілікті шығар. Әйел адамның болмысы тым нәзік, алайда рухы биік, жаны төзімді, «қырық шырақты» жаратылыс иесі.

Яғни, әйел табиғаты сырға толы. Олардың бірі – кез келген жұмыстың ебін тауып, ұйымдастыра білетін басшы болса, бірі – қолынан өнері тамған ісмер, енді бірі – жұртты аузына қаратқан әсем дауыс иесі. Арамызда жүрген асыл аналар – апа, қарындастарымыз туралы, олардың өмір жолы, атқарған қызметі мен қоғамға сіңірген еңбегі жайында том-том кітап жазу да артық болмас еді. Ана болғасын, түн ұйқысын төрт бөліп, мұздай бесік таяна отырып, перзентіне махаббат пен мейірімін төге білген, сәбилерін жан жылуы мен шарапатына бөлей алған аналардың бойындағы асыл қасиеттерін қалай дәріптесек те перзенттік борышымызы ақтай алар екенбіз?  Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анасынан тарайды. Ана болу — әрбір нәзік жанның бүкіл өмірін арнаған рухани күш пен ерен еңбек. Әсіресе, ұстаз-аналардың өзін де, өз баласын да қоя тұрып, өзгенің баласын аялайтын қасиетін ерлікке пара-пар дер едім. Ұзақ жылдар өмірін шәкірттерді біліммен сусындатып, тәлім-тәрбие берген, бүгінде құрметті еңбек демалысындағы Пошанова Несіпкүл, Отарбаева Күнсұлу, Керейқұлова Ботан, Нәбиева Төлеусара, Бекмұхамедова Сәуле, Жұрынова Баян сынды апайлар әлі де қатардан қалған жоқ.

Тағы бір айтайын дегенім, жоғарыдағы аталған кісілер мен Шақыбаева Серіккүл, Байдилдинова Сәуле, Дасимова Ырыскүл, Абилова Күлдариға, Сариева Өрік, Әбділдә Күләнипа – барлығы, Іле ауданының орталығы Өтеген батыр ауылында, асылдың сынығы, Алматы облысының Құрметті азаматы Төрткен Кененқызының ұйымдастыруымен құрылған асыл аналар ансамблінің әншілері. Қазіргі кезде Әлібек Нұрқожа атындағы халық ансамблі атағы бар. Ансамбльдің ән қорындағы көптеген халық әндері, атақты сазгерлер мен әуесқой композиторлардың әндерін нақышына келтіре орындап көрерменнің көзайымы болып жүр. Ансамбль жиі гастрольға шығып, Алматы облысының барлық аудандарында концерт беріп, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленуде. Ардақты аналар! Сіздерді ер жігіттер қауымының ең жақсы көретін мейрамы – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Көктемдей құлпырып, ән қанатында самғай беріңіздер!

               Ғ. Сүйіндіков,

Ардагер энергетик

  Өтеген батыр ауылы

Іле ауданы

Басқа жаңалықтар

Back to top button