Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратДін және қоғамМерекелер

ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Мейірімді, Рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!

Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердің Раббысы болған Аллаһқа болсын! Сансыз салауаттар Оның елшісі, Пайғамбарлар Сардары Мұхаммедке салла-ллаһу алейһи уа салләм болсын! Мінекей, көптен сағындыра күткен Рамазан айы да келіп жетті.

Ұлы Жаратушының құлдарына тартқан теңдесіз сыйы болған Қасиетті Рамазан — сансыз сезімдер мен толып тасыған ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай құдайлық рақымдылық пен мейірімділікке толып, тасыған айы. Олай болса, басқа уақыттарда жасалған жақсылықтар мен сауаптардың екі еселеніп жазылар айы да осы – Рамазан.

Аллаһ Тағала рамазан айында дүние аспанына ахирет күнiне дейiн үкiмдерi, тiптi бiр әрiпi де өзгертiлмейтiн, пенделерге әрдайым қажеттi болған қасиеттi Құранды түсiрген. Мiне, осының өзi Рамазан айы Аллаһтың алдында ұлық мәртебеге ие, әрi сүйiктi айлардың бiрi екендiгiне дәлел.

Рамазан айының қасиеті жөнінде Ибн Аббас пайғамбарымыздан (с.а.у.)келтiрген хадисiнде: «Егерде менiң үмметiм рамазан айының iшiнде қандай қасиеттер бар екендiгiн бiлсе, онда жылдың барлығы рамазан айы болса екен деп үмiт еткен болар едi»,- дегенін жеткізеді. Сондай-ақ, Аллаһ тағала Мұса (ғ.с.)-ға: «Мен Мұхаммедтiң үмметiне екi қараңғылықты жоятын екi нұр бердiм»,- дедi. Мұса (ғ.с.): «Ей жаратқан ием, екi нұр деген не?», – деп сұрады.

Аллаһ Тағала: «Ол Рамазан айының нұры мен Құранның нұры», – деп жауап бердi.

Мұса (ғ.с): «Екi қараңғылық қайсы?», — деп сұрағанда, Аллаһ Тағала: «Қабыр қараңғылығы мен ахиреттiң қараңғылығы», – деп жауап берді. Міне, бұл бізге берілген Аллаһтың үлкен нығметі деп түсінуіміз керек. Ислам діні бес тіректен тұрады: Иман келтіру, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру және шамасы келген адамның қажылық жасауы». Осы бес парыздың бірі – ораза. Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Құранда Аллаһ Тағала былай дейді: «Ей, иман еткендер! Күналардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді». (Бақара сүресі, 185 аят)

Бұл аятта айтылғандай оразаның мақсаты – мұсылманды тазартып, тақуалық дәрежеге жеткізу. Тақуа дегеніміз – сақтану, қорқу, сиыну, Ұлы Жаратушының қорғанына кіру дегенді білдіреді. Ендеше тақуалық – Аллаһ Тағалаға бойұсыну, әмірлеріне құлдық ұрып, тыйғандарынан аулақтап, иманды, көркем мінезді, парасатты жан болып, Ұлы Жаратушыға қарсы келуден сақтану болып табылады.

Нәпсі – бойдағы құмарлық сезім. Жалпы, адам баласының толық адам шыңына жетуі мен көркем мінезді болуының негізі – нәпсіге ие болуында жатыр. Міне, осы нәпсіні жолға салуда аштық пен шөл өте үлкен рөл ойнайды. Бірақ бұл Аллаһ Тағала үшін болуы керек. Кісі өздігінен аш қалып, діттеген мақсатына жете алмайды. Өйткені, ораза – Аллаһ Тағалаға жасалатын ғибадат. Қасиетті хадисте Аллаһ Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен сусағандықтан шыққан ауыз исі мен үшін миск әтірінен де тамаша», — дейді.

Сондықтан да, ораза шынайы ниетпен Аллаһ ризалығы үшін ұсталуы тиіс. Себебі, оразада тек қана ішіп-жеуден емес, өсек-ғайбат айту, балағаттау сынды жаман қылықтардан да аулақ болу керек. Өйткені, ораза тек ішіп-жеуден емес, құлақ, көз, ауыз күналарынан да сақтану үшін ұсталады. Сол үшін құлшылық амалдарымызды көбейтіп, көбірек Аллаһты еске алып, Құран оқуымыз керек. Пайғамбарымыз салла-ллаһу алейһи уа салләм бір күні сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту жасады:

– Мен рұқсат етпейінше кешке ешкім ауыз ашпасын!

Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады. Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты. Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп:

– Уа, Расулулла! Екі қызым күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса, жақсы болар еді, – деп өтініш білдірді.

Алайда, рұқсат берілмеді.

Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады. Үшінші рет келгенде пайғамбарымыз салла-ллаһу алейһи уа салләм:

– Өкініштісі, олар бүгін ораза ұстаған жоқ. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбаттаған) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып тастасын, – деді.

Әлгі кісі мұны қыздарына айна-қатесіз жеткізді. Олар бұйрықты орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсып жіберді. Әлгі кісі келіп бұл жайды пайғамбарымызға (салла-ллаһу алейһи уа салләм) білдіргенде, ол:

– Құдіреті күшті Алла тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамағанда, тозақта күйдіретін от асаған болар еді, – деді.

Иә, тек қарынға ғана емес, тілге де, көзге де, аяққа да, қолға да ораза болса, сонда ғана ол нағыз ораза болмақ.

Аллаһ Елшісі (салла-ллаһу алейһи уа салләм) рамазан айы туралы тағы бір хадисінде: «Рамазан келгенде жәннат есіктері ашылып, дозақ есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді», сондай-ақ, «Шынында жәннатта бір есік бар, ол – «Райиан» деп аталады. Ол есіктен тек ораза ұстаушылар ғана кіреді», — деген.

Ахиретімізді жарық қылатын бұл айда көбірек Құран оқып, зекет беріп, Аллаһтың тыйған амалдарынан тыйылу мұсылмандығымыздың белгісі болмақ.

2024 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 640 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5745 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8536 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3400 (үш мың төрт жүз) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді

Дархан ТӘҢІРБЕРГЕН,

 Іле ауданының бас имамы

Басқа жаңалықтар

Back to top button