Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБілім және ғылымҚоғамМерекелер

ПАРАСАТТЫЛЫҒЫМЕН ТАНЫЛҒАН АРДАҚТЫ ҰСТАЗ

Амантаева Ғалия Дауылбайқызы – 1959 жылы 25 желтоқсанда Алматы облысы, Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылында  дүниеге келген. Ол 1966-1976 жылдары Жаңадәуір ауылындағы №5 орта мектепте білім алады. Мектеп қабырғасында жүргенде алғыр, білімге құштар Ғалия қыз үлгілі тәртібімен  мақтаулы шәкірттердің бірі болады. 1976 жылы  Алматы қаласындағы Алматы Шетел тілдері педагогикалық институтына оқуға түседі. Ғалия Дауылбайқызы институтта «неміс және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып, 1981 жылы жоғары оқу орнын бітіреді.

Амантаева Ғалия Дауылбайқызы өзінің ең алғаш еңбек жолын 1981 жылы Алматы облысы Іле ауданы Жаңадәуір ауылындағы өзі білім алған киелі қара шаңырақ №5 орта мектебінде неміс тілі пәнінің мұғалімі болып бастады. Ол жерде қаймағы бұзылмаған, іргесі сөгілмеген ортаға түсті. Бүгінде өмірден озып кеткен сол кездегі мектеп директоры Құрманғожаев Болатжан ағайдың тәрбие мектебінен өтті. Алғашқы ұстаздық қызметінде Жаңадәуір ауылының сол кездегі тұрғындарының көбі неміс ұлты болған және көрші Жаңаталап ауылынан да келіп оқитын неміс ұлты балаларына дәріс берді.

Ғалия Дауылбайқызы өзінің оқыған мектебінде өзіне алғаш неміс тілінен сабақ берген Кучер Николай Данилович (дүниеден озды) пен Далабаева Әбдібала Қарқабатовнамен қызметтес болды. Білімді де, алғыр жас маман көзге түсіп 1983 жылы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

Ұрпаққа үлгі өнеге беретін адам бойындағы асыл қасиет Ғалия Дауылбайқызының бойында Жаңадәуір топырағында дарыды. Жаңадәуір ауылы оны тәрбие мектебінен өткізді, өсірді, өркендетті, даналық мектебіне бастады.

Жүрегі жалынды отқа, ойы жаңашыл ұмтылысқа толы қабілетті жас маман 1985 жылы Іле аудандық комсомол ұйымының хатшысы болып сайланды. Комсомол хатшысы болып жүріп дарынды, ісіне адал Ғалия Дауылбайқызы 1988 жылы Қазақстан Компартиясының Іле аудандық идеология бөлімінің нұсқаушысы болып қызмет етті.

Ал 1999 жылы қоныс аударуына байланысты Өтеген ауылындағы №7 орта мектепке ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Жаңа жұмыс орнында да еңбек жолында өзінің ізденімпаздылығымен, тиянақтылығымен, жауапкершілігімен көзге түсіп, №7 орта мектебінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып 23 жыл қызмет атқарды. Ауданда «Жалпыға бірдей оқумен қамту мәселесіне байланысты мектепшілік құжаттарды жүргізу» бойынша іс-тәжірибесі таратылып, «Үздік директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары» номинациясының иегері атанды.

2000 жылдан 2020 жылға дейін аудандық Білім бөлімінің және облыстық Білім басқармасының «Жалпыға бірдей білім беру» саласында мектептерді зерделеу комиссиясының мүшесі болып келді.

Бүгінде  осы  №7 орта мектепте табан аудармай 25 жыл еңбек етіп, әр түрлі байқауларға, ғылыми конференцияларға, пәндік олимпиадаларға шәкірттерін қатыстырып, жас ұрпақтың дарынын ашу жолында аянбай тер төгіп келеді. Осы орайда, «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген ұлы Абайдың сөзі ойға еріксіз оралады. «Расында, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі – оқушының болашақ азығы. Шәкірттеріне жақсы ұстаз болып, болашаққа дұрыс бағыт-бағдар бере білген  ұлағатты ұстаздың оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми жоба конкурстарының, пәндік конкурстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары атанып, үлкен өмірге қанат қағып құралып кетіп,қайта келіп алғысын білдіріп жатқан шәкірттерінде шек жоқ десек, артық айтқандық емес», — деп Ғалия Дауылбайқызының әріптестері ауыз толтырып айтып отыр.

Ғалия Дауылбайқызы  қандай қызметті атқарса да жанын салып еңбек етіп, көшбасшылығымен, қайсар мінезімен, адалдығымен, әріптестермен тез тіл табыса алатын ерекше қасиетімен, рухани тазалығымен, еңбекқорлығы және кәсіби біліктілігімен басқа жандарға үлгі бола білді. Үнемі білімін толықтырып, ғылым-білім саласындағы жаңалықтарға тосырқамай, жаңашылдыққа ұмтылып, заман ағымына ілесе алған Ғалия Дауылбайқызы бүгінгі таңда білікті маман болуымен қатар сан түлекті түлеткен, бірнеше жас мамандарға тәлім-тәрбиесін көрсеткен, дем беріп, қанаттандырған ардагер ұстаз.

Атамыз қазақ «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деген ғой. Ғалия Дауылбайқызы 43 жылдық ұстаздық қызметінде қажыр-қайраты мен біліктілігі арқасында 2015 жылы Алматы облысы Білім басқармасының Құрмет грамотасын, республикалық «Өрлеу» Білім-Ғылым порталының арнайы мадақтамасы мен  «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері атанды. Ал, 2016 жылы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты басшысының мадақтамасын, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру Академиясының Құрмет грамотасын, Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының грамотасын қанжығалап, өзінің біліктілігін тағы бір дәлелдеді.

Ғалия Дауылбайқызы ұстаздықпен қатар елдің қоғамдық дамуына, аудан мен облыстың саяси-әлеуметтік, қоғамдық істеріне белсене араласып, өзін ел болашағына бей-жай қарамайтын азамат ретінде көрсете білді. Соның нәтижесінде, 2017 жылы Қазақстан Республикасы «Жеті өнер» шығармашылық орталығы басшысының марапатына  лайық деп танылды. Сондай-ақ, ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісіне қосқан ерен еңбегі үшін  «Рухани жаңғырудың жарқын жолы –  өскелең ұрпақты ұлттық құндылықта тәрбиелеу» тақырыбындағы педагог қызметкерлердің бірінші   республикалық съезінің делегаты болып, 2019 жылдың 16 ақпанында «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталса, 2021 жылдың 19 сәуірі күні «Білім беру саласының үздігі» медалін төсіне тақты. 2019 жылы «Педагог қызметкерлердің І- республикалық съезд делегаты» болып, төсбелгісімен марапатталды.  Ал, 2021 жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Тәуелсіз Қазақстанның дамуына, азат елдің еркін ойлы ұрпақтарын тәрбиелеуге қосқан үлесі мен ұстаздық ұлы жолда атқарған айрықша еңбегі еленіп,  «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалінің иесі атанды.  2022 жылы Бауыржан Момышұлының «Батыр Шапағаты» медалімен марапатталған. 2023 жылы Ел бірлігін нығайтып, Жаңа Қазақстанды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Алтын адам» номинациясымен марапатталды.

Ғалия Дауылбайқызы  – өзінің біліктілігі мен еңбекқорлығының арқасында біршама асуларды асып, ел алғысына бөленіп жүрген нағыз шебер маман. Өзі қызмет ететін білім ошағының қызметкерлері де, ата-аналары да  Ғ. Амантаеваның өз ісіне ұқыппен қарайтынын, балаға білім мен тәрбие беру ісінде асқан жауапкершілікті жан-жүрегімен сезініп, тыңғылықты жұмысістеп жүргенін тілге тиек етеді. Ғалия Дауылбайқызы білім саласының қызметкері ретінде ғана емес, жалпы адамдық тұрғысында өзінің кісілік келбеті мен қайырымдылыққа құштар жан екенін әрбір ісімен дәлелдеп келеді.  Қызметте де өмірде де өзінің қарапайымдылығымен, іскерлігімен, жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен, мейірім толы жүрегімен айналасына сыйлы, өз ортасында зор беделге ие боп жүрген Ғалия Дауылбайқызы төңірегіндегі адамдарға қамқорлық танытып, мейірімін шашып жүретін қайырымды жан. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Ғалия Дауылбайқызы өзі қызмет ететін мектептегі ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, жетім, жартылай жетім, аз қамтылған отбасынан шыққан оқушыларға үнемі көмектесіп, мектеп формасымен, оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, өз қатарынан қалмай лайықты білім алуына жағдай жасап жүреді. Одан бөлек, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы кезінде тек өзі жақсылық жасаумен шектелмей, әріптестерін де осы игі іске жұмылдырып, олардың да жақсылық жасап, жүректерінің нұрға бөленіп, сауапқа кенелуіне мұрындық бола білді. Бұл – Ғалия Дауылбайқызының жоғары адамгершілігінің, имандылығының көрсеткіші ретінде ел-жұртқа көмектесуді, қайырымдылық жасауды өзінің өмірлік ұстанымы етіп, тапқанын қарақұстай басып жемей, сұңқардай шашып жейтін мейірбан жан екенінің белгісі.

Бүгінде ұжымда – абыройлы, беделге ие болған тәжірибелі, үздік маман ретінде артына жас мамандарға жол нұсқаушы-көшбасшы. Ғалия Дауылбайқызы өнегелі еңбегі мен тындырымды ісімен  және қарапайым да парасатты мінезімен  танылған кемел адам.

Аяулы ұстазымыз Ғалия Дауылбайқызына 8 наурыз ақжаулықты аналар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Жұмысына шығармашылық шабыт, қажымас қайрат, биіктерден көріне беруіне тілектеспіз.

Бағдат ШОЙБАС, Карима ДАУТХАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button