Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМерекелер

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫН АНАЛАР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Әйел бақыты қызметімен емес, отбасы бақытымен өлшенеді. Көктемдей құлпырған аналар бір  отбасының ғана емес, тұтас елдің ұйытқысы. «8 наурыз-Халықаралық әйелдер күні мерекесіне» орай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев  Іле ауданына ат басын арнайы бұрып, Төрткен Кененқызын аналар мерекесімен құттықтап, гүл шоғын табыс етті. Төрткен Кененқызы ардагер ұстаз, әншi, Қазақстан Республикасының «Халық ағарту iсiнiң үздiгi», «Мәдениет қайраткерi» белгiсiнiң иегерi. Өткен ғасырда өмiр сүрген, есiмi елге белгiлi атақты жырау, әншi, композитор Кенен Әзiрбаевтің қызы. Әке мұрасын сақтап, оның жолын қуған, асылдың сынығы.

Мерекелі кездесуде Төрткен апамыз қонақтарды ыстық ықыласпен қабыл алып, Кенен атамыздың жырларының тарихын кеңінен әңгімелеп берді. Емен-жарқын отырыста облыс әкімі Марат Елеусізұлы да жүрекжарды тілегін айтты . Ол:  

Тарихымызда бір отбасына ғана емес, тұтас елге үлгі-өнеге көрсеткен ардақты аналарымыз жеткілікті. Сіздің де өскелең ұрпаққа көрсеткен өнегеңіз үшін және қазақ өнерінің  асыл мұрасына айналған Кенен ата жырларын қаз қалпында жеткізгеніңіз үшін мың алғыс. Қазақта «Ана алақанының аясы, ақ шынардың саясы» деген мақал бар. Биік шынар ағаштай саяңызда үбірлі-шүбірлі болып отбасыңызбен ұзақ бақытты ғұмыр кешіңіз. Ана бақытты болса, онда тұтас ел бақытты болады! Бүгінгі жылы сөздер де, құрмет те тек қана Сіздерге арналады. Жүзіңізден күлкі, жүректеріңізден махаббат, көңілдеріңізден шаттық пен қуаныш кетпесін! Мерекеңіз құтты болсын! – деді.

Кездесуде Төрткен апа:

Әкемнiң шығармашылығын бала кезден бiлiп, жаттап өстiм. «Қарағым, өнер жолына барарсың, бармассың, бiрақ менiң дүниелерiме ие бол. Құлағыңа құйып ал, керектiсiн жазып ал» деп отырушы едi. Зеректеу болсам керек, үйреткендерiн қағып алатынмын. Әсiресе, әндерiн көп үйреттi. Өз аузынан 60-70 шақты әнiн үйрендiм. Домбыра тартуды да тез меңгердiм. Әке өсиетiне адал перзентпiн деп ойлаймын. Әкемнiң бұған дейiн жарияланбаған, ешбiр кiтапқа енбеген өлеңдерiн жинастырып, «Аңыздар сыры» кiтабын шығардық. Мәдениет министрлiгi шығарған томдықтарға құрастырушы болып өлеңдерiн, бiраз шығармаларын енгiздiм. Өз тарапымнан әкем туралы «Екi Кенен тумайды» атты естелiктер, мақалалар, ғылыми зерттеулер, өлеңдер жинағын көпшiлiкке ұсындым. Мұраларын көзiмнiң қарашығындай сақтап, қажет кезiнде сұраған адамдарға берiп отырамын — деді.

Айта кетейік жақында ғана Алматы облысы мәслихатының шешімімен Іле ауданындағы Покровка ауылын Кенен Әзірбаев ауылы болып өзгертіп, Төрткен Кененқызына «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын берген болатын. Осылайша қазақ өнерін өрге сүйреген асылдың сынығы елдің қошеметіне бөленді.

Жылы кездесуден кейін құрметті қонақтар Төрткен Кененқызымен естелік суретке түсіп, ақ батасын алды.

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button