Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратДін және қоғамҚоғамМерекелер

ҚҰРМЕТТІ ІЛЕ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ! ҚЫМБАТТЫ ЖЕРЛЕСТЕР!

Баршаңызды Қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Рамазан – адамзат баласын татулық пен бейбітшілікке, мейірім мен ізгілікке үндейтін қадірлі ай. Бұл айда ораза ұстау – мұсылмандық шарттың бірі әрі рухани жаңару мен тазарудың бірден-бір көзі.

Ораза – адамзат баласын сабырлыққа тәрбиелеп, бардың бағасына жетіп, әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтарға қайырымдылық жасауға шақыратын қасиетті парыздың бірі.

Мен аудан халқын мейірімді болуға, ізгілікке, сауапты істерді молайтуға шақырамын! Елдің, жердің, шаңырағымыздың амандығын бір Жаратушыдан дұға тілеп, жақындарымызға жанашыр болайық. Ауырып жатқан адамдарыңыздың халін сұрап, қол ұшын беруге асығайық!

Ата-бабамыз Рамазан айын ерекше ыждағатпен қарсы алып, әр күнін мәнді өткізуге тырысқан. Бұл берекелі мезетте араздасқан жандар татуласып, сырқаттанса көңіл сұрап, көптен көріспеген туыстар бір дастарқан басына жиналған. Бізге де бабалар салған сара жолдан үлгі алу маңызды.

Бірліктің бесігі, татулықтың тірегі болған аудан жұртшылығын Рамазан айын лайықты қарсы алып, құрметпен өткізеді деген сенімдемін.

Отыз күн оразада мұқтаж жандарды қолдап, жауапкершілікпен орындауға шақырамын!

Ардақты ағайын! Үлкен тәрбие мектебі, рухани кемелденуге бастайтын Рамазан айында жасаған амалдарыңыз бен ізгі ниеттеріңізді Алла Тағала қабыл еткей. Әрбір отбасына амандық, толағай табыс, ырыс пен ынтымақ тілеймін!

Бейбітшілігіміз бен берекелі өміріміз ұзағынан болып, есендік пен саулықта келесі Рамазан айына аман жетуге тілектеспін!

Ізгі ниетпен,

Іле ауданының әкімі

Бағдат ҚАРАСАЕВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button