Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыАщыбұлақ ауылдық округіБасты ақпаратБілім және ғылымҚоғам

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ҰЛТТЫҚ ҚАЗЫНА

Алматы облысы, Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылдық округі, Көкқайнар ауылы, №53 орта мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінде наурыз айының басында «Ұлттық құндылықтар – ұлттық қазына» атты облыстық семинар өтті. Ұлттық құндылықтарды оқу-тәрбие жүйесіне енгізудегі табысқа жету жолын айқындады, тәжірибе алмасуды бірлескен жұмыс нәтижесін көрсетуді мақсат еткен семинар «Табыс» траекториясы форматында өтті.

Рухани мұраны, тәрбие саласының бағыттарын насихаттауды мақсат еткен шараға облыстық Білім басқармасының бас маманы Ізбасар Айжан Кәрібайқызы, Алматы облысының аудандық, қалалық білім бөлімінің тәрбие саласына жетекшілік ететін әдіскерлері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, журналист тарихшы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, актер Әсет Иманғали, «Іле таңы» газетінің тілшісі, аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Б. Чойбасов, Іле аудандық қоғамдық келісім мен аналар кеңесінің төрағасы М. Жабиева  қатысты.

Семинар мектеп дәлізінде оқушылардан құралған домбырашылар оркестрінің күмбірлете күй тартуынан бастау алып, әп дегеннен рухани мұрамызды, ұлттық рухымызды көтеретін ұлттық колоридімізді насихаттауды мақсат еткенін аңғартты.  Сондай-ақ, дәліз бойына қазақ халқының Тас дәуірінен бергі тарихына шолу жасап, көне түркі кезеңіне өтіп, хандық дәуірден сыр шертіп, ашаршылық зардабы мен қуғын-сүргіннің қасіретті күндерін еске салып, Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік көрсеткен аталарымызды дәріптеп, кешегі Желтоқсан құрбандарының өр рухына тағзым етіп тәуелсіздікке жету жолымызды бір сәтте көз алдымыздан өткізді. Сонымен қатар, Республика көлемінде текемет, сырмақ брендін қалыптастырып жүрген, Ащыбұлақ ауылынан шыққан кәсіпкер Батырханова Айнұр Қабышқызы өз шеберлерінің жасаған бұйымдарымен, ұлттық мәдениетті жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында атқарып жүрген игі істерімен таныстырып өтті. Ал, №36 орта мектептің оқушысы, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жоба конкурсының облыстық кезеңіне қатысып, «Ұлттық қолөнердің тұрмыстағы маңыздылығы. «Сүйек пен жүннен жасалған бұйымдар» тақырыбында жоба қорғап, ІІ орын иеленген жас ізденуші, ұлттық өнерді насихаттаушы жас дарын Асетқызы Аруназ өзінің жасаған бұйымдарымен таныстырып, олардың адам өміріндегі маңызы туралы сыр шертті.

Семинар-форумның ресми ашылу салтанатында облыстық Білім басқармасының бас маманы Ізбасар Айжан Кәрібайқызы сөз алып, бұл семинардың жас ұрпақты тәрбиелеуге қосар үлесінің зор екендігіне, Іле ауданы облысымздағы білім саласында, тәрбие жұмысын жүргізуде озық аудандардың бірі екендігін тілге тиек етті.  «Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше. Қазақтың салт-санасын жаңғырту еліміздің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында ұлттық құндылықтардың  маңызы зор» — дей келе, ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы  мен өмірлік қажеттіліктен туындап отырғанын атап өтті. Айжан Кәрібайқызының айтуынша, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, төл құндылықтар мен жалпы-адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлт-жанды тұл¬ғаны тәрбиелеу – ұлттық идеяның негізгі бағыты. Ал, ұлттық идея – қазақ халқы тудырған моральдық нормаларда және ұлттық құндылықтарда бекітілген патриоттық тәжірибені меңгеру, ұлттық этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тану, тарихты құрметтеу арқылы іске асырылады.

Иә, ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы – тілі, діні, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы. Бабаларымыз ұрпағын елжанды, ұлтының ұлылығын ұлықтайтын азамат етіп тәрбиелеуде ана тілінің нәрімен сусындатып, жүрегіне ізгіліктің дәнін сепкен, ана сүтімен бойымызға дарыған тілді шұбарламай, таза күйінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген, елге қалтқысыз қызмет етуді ойлаған асыл ерлеріміз жеке басының мүддесінен халық мүддесін жоғары қойған.

2023-2024 оқу жылында тәрбие саласындағы ең басты өзгеріс – еліміздің барлық өңірінде оқу орындары өңірдегі құрылымдармен бірге жас ұрпақты тәрбиелеуге негізделген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» құрылғандығы. Бұл бағдарлама «Ұлттық мүдде», «Ар-ұят» және «Талап» атты ұш құндылықты жас ұрпақтың бойына сіңіруге негізделген. Семинар кезінде Іле аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскері Бақытжан Зарина Бақытжанқызы қонақтарды үш құндылыққа негізделген шараларға қатысуға шақырды.

Семинар-форум барысында  №36 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К. Ж. Шамғұнова мен №19 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А. Б. Кульжанов «Ұлттық мүдде: Кеше және бүгін»  тақырыбы бойынша, №39 гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Н. Бөбетаев «Ар-ұят: адамгершілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі» атты тақырыпта, №21 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К.Ж.Кегенбаева, №12 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары С. К. Пернебекова, А. Н. Сартбаева, №13 М. Мақатаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С. Б.  Кузембаева «Талап: Талап, еңбек, терең ой…»  тақырыбында өз тәжірибелерімен бөлісіп, шеберліктерін көрсетті.

«Ұлттық тәрбие, ұлттық рухтың негізі» тақырыбында кездесуде Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Иманғалиев Әсет Иманғалиұлы қатысып, ұлттық рухты көтеру жолында атқарылатын игі істер жайлы өз пікірін білдіріп, қонақ кәде ретінде домбырамен әсем ән шырқап, қатысушылардың көңілін бір серпілтіп тастады. Алматы облысы, Іле ауданы, Жетіген ауылының №3 орта мектебінің тәрбие саласында қызмет атқарып жүрген қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі және педогог-ұйымдастырушы Сембаев Нуржан Тілеуғазыұлы  Әсет Иманғалиұлымен сыр-сұхбат жүргізді.

Екінші құндылық «Ар-ұят» мәселесі бойынша да көптеген пікірлер айтылып, Іле ауданындағы мектептерде «Ар-ұят» құндылығын жас ұрпаққа сіңіруде атқарылған жұмыстар сараланды. Адамның жеке басы дегеніміз — оның кісілігі. Ал, кісілік дегеніміз – адамның абыройы, беделі, дәрежесі. Бұның бәрінің ұйытқысы – әдептілік. Ендеше, адам өзінің өмір сүру салтын, ғұмыр кешу жолын осы әдептілікке негіздеуі керек. Әдептілік адамның жеке құлқын жолға қояды, оны қоғамға пайдалы адам етіп шығарады. Бұл тұрғыдан алғанда адамдардың коғамдық өмірі осыған байланысты болып келеді. Яғни, қоғам жеке адамдардың жақсы болуын қалайды. Ал, адамды жақсы ететін – әдеп. Бізде «ар» сөзіне ғылыми тұрғыдан қандай анықтама беріледі? «Шәкәрім» энциклопедиясында А. Тоқсамбаева: «Ар — адамгершілік сана, этика — философиялық категория. Адамгершілік қазақ халқында адам бойындағы жақсы қасиеттердің жиынтық мағынасын білдіретін ұғым – өлшем болса, Ар оның шығу тегі, бұлақ бастауы. Арды адам бойындағы жақсы қасиеттердің өлшемі, адамгершілік санасы деуге негіз бар», — дейді. Демек, жас ұрпақ «Ар» ұғымын жете түсінсе, ой-санасымен түйсіне алса, онда ұятты, ибалы, иманды ұрпақ тәрбиелей алатынымызға тағы да бір көз жеткіздік.

«Талап» құндылығының мәнін ашуға бағытталған бөлімде ұйымдастырушылар Абайдың «Толық адам» ілімі мен Б.Момышұлының ерлік, қайсарлық, талаптылық туралы нақыл сөздері негізінде балалардың талап  құндылықтарын арттыру, зияткерлік ойын, жоба жұмысы арқылы тәжірибе алмасуды басты назарға алды. Шара барысында сөз алған №21 орта мектептің тәрбие саласының маманы К.Ж. Кегенбаева: «Қазақ даналығында «Елу жылда ел жаңа» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі уақыттың өзгешелігі адамзаттық өркениеттің тегермеші тез жүріп келеді. Осындай уақыт жағдайында мемлекет пен жеке адамды, тарих пен ұрпақты біріктіріп отыратын күш – ұлттық  сана, ұлттық идея және ұлттық идеология механизмі. Бүгінде жастарға ең қажетті нәрсе – ол ұлттық тәрбие» — дей келе, тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмеушілік қоғам тарапынан жастар тәрбиесіне салғырт қарау, кейбір шектен шыққан әдепсіздік пен арсыздықтың көрініс беруіне алып келіп отырғаны  шындық екенін баса айтты. Сонымен қатар, №13 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Кузембаева қонақтарға «TALAP-TAIM» атты зияткерлік ойынын 3 топқа бөліп өткізсе, №12 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Пернебекова  «Жоба жұмыстары» тақырыбымен «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында атқарылып отырған жобалардың  нәтижесімен таныстырып, «Асық ойыны» мен «Тұлпар» макеті арқылы табысқа жетудің тиімділігін көрсетті.

Семинар-форумның қорытынды бөлімінде облыстық білім басқармасы бас маманы Айжан Кәрібаевна мен №53 орта мектебінің директоры Нұрмұхамет Өмірбекұлы Қыстаубаев, форумға қатысқан қонақтар ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған семинар форумға, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бойынша ауданымызда  атқарылып жатқан  жұмыстарға  жоғары деңгейде баға берді. Семинарда іс- тәжірибесімен бөліскен мұғалімдер облыстық Білім басқармасы басшысының арнайы алғыс хатымен марапатталды.

З. БАҚЫТЖАН,

Іле ауданы Білім бөлімінің әдіскері

Басқа жаңалықтар

Back to top button