Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамМерекелер

НАУРЫЗ – ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ІЗГІЛІК БАСТАУЫ

ҚҰРМЕТТІ

ІЛЕ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!!!

Баршаңызды бүкіл Шығыс халқына ортақ мейрам, ғасырлар қойнауынан бастау алып, ата дәстүрімізге айналған, сан түрлі ұлттардың бауырластығына арқау болған – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні, күн мен түннің теңеліп, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін Табиғат мерекесі!

Наурыз – жаңарған қазақ елінің кешегісі мен бүгінін, ертеңі мен болашағын жалғастыратын, жаңа бастамалар мен ізденістерге тың қадам жасайтын, жақсылыққа ұмтылатын, арман тілектерімізді айтып жаңаша жоспар құратын ерекше мерекесі.

Биыл Наурыз мейрамы ерекше форматта ұйымдастырылып, 14 наурыз күні «Көрісу күнін» атап өтумен басталды. Халық үшін бұл қастерлі әрі орны ерекше дәстүр болып табылады. 15 наурыз «Қайырымдылық күні» етіп белгіленді. Бұл күнді қоғамға қайырымдылық көрсету мәдениетін сіңіріп, жанашырлық пен өзара қол ұшын беру құндылықтарын қалыптастыру үшін ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арнадық. 16 наурызда төл мәдениетіміз бен ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттасақ, 17 наурыз «Шаңырақ күні» болып белгіленіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. 18 наурыз күні Ұлттық киімдерге арналып, аудан орталығында шеру өтсе, аудан мектептерінде, барлық мекемелерде қазақы ұлттық киімді насихаттауға бағытталған жұмыстар жүргізілді.

19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні аулалар тазартылып, аймағымыздың жасыл желекке кенелуі үшін ағаш отырғызылды. 20 наурыз «Ұлттық спорт күні» етіп белгіленді. Бұл күні барлық округтерде ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. 21 наурыз жалпы халық арасында бір-біріне деген сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау мақсатында «Ынтымақ күні» деп аталды. 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні ауданымыздың әрбір ауылында мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады.

Наурыз – ел тарихының айнымас бір бөлшегі, мәдениетіміз бен дәстүріміздің киелі бастауы. Жасампаздықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы, бабаларымыздың ақ батасы мен өнегелі дәстүрдің көрінісі көктем мейрамы – әз-Наурыз баршаңызға ырыс, несібе әкелсін. Жанұяларыңызға жылылық сыйласын.

«Наурыз» сөзі «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді екен. Жаңа күн – жаңалыққа, жақсылыққа толы болсын, ағайын! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз. Әр үйге Қызыр дарып, Бақ қонсын! Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Бағдат ҚАРАСАЕВ,

Іле ауданының әкімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button