Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыАщыбұлақ ауылдық округіБілім және ғылымҚоғамМәдениет

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ОЙЛАҒАНДАР ДӘСТҮРІН ҰМЫТПАЙДЫ

 

Өтеген батыр ауылындағы №24 лицейде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында «Ұлттық мүдде. Ар-ұждан. Талап» тақырыбында аудандық семинар өтті. Семинар жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеуді мақсат етіп, сол мақсатқа жету үшін ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығын жан-жақты ашып көрсете алды.

Семинар мектеп дәлізінде қонақтарды күтіп алып, ұлттық ойындарды ойнатумен басталды. Қонақтар асық, бестас секілді ойындарды ойнап, өздері таңдаған сұрақтарға жауап беріп, тәрбие бағыты, ұлттық мүдде туралы білімдерін ортаға салды.

Семинар басталмас бұрын лицей психологы С.К. Бөлекбаева қатысушыларға жағымды көңіл-күй сыйлап, жайлы психологиялық ахуал қалыптастыру мақсатында «Сәлемдесу» ойынын ойнатып, «Алғыс айту – парызым» тақырыбында психологиялық тренинг өткізді. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің әдіскері Зарина Бақытжанқызымен  бір адам өмірінің мәні туралы тренинг ұйымдастырылып, бос ыдысты арман-тілектерімен толтырды. Ең әуелі бала кездегі армандарын айтқанда құм салса, одан кейін жастық шақтағы армандарын айтқан кезде ұсақ түйіршіктерді, кейін қазіргі тұлға боп қалыптасқан сәттеге армандарын айта отырып, бос ыдысқа ірілеу домалақ шарларды салды. Сол армандардың орындалуы адамның өз қолында екені, оған жету үшін қажымас қайрат пен тәуекелге бел буу керектігі де айтылды. Адам өскен сайын армандары да ұлғайып, өзекті бола түсетіні тренинг барысында нақты көрініс тапты.

Мектеп психологынан кейін сөз алған мектеп директорының орынбасары Г.Т. Райымбекова «Ұлттық мүдде. Ар-ождан. Талап» тақырыбы бойынша нормативтік құжаттармен, лицейде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында атқарылып жатқан жұмыс жүйесімен таныстырды. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығаруды мақсат еткен басқосуда мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.К.Нусупалиева мектепте білім алушылармен бірге қолға алынған «Қолөнер шеберханасы», «Қазақ: ұлттық мүдде. Ар-ождан. Білім», «Жас экологтар мен туристер академиясы» секілді жобалар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Тәрбие құндылықтары арқылы қатысушылар қызыл шаңырақ, көк шаңырақ, сары шаңырақ, жасыл шаңырақтар арқылы 4 бағыт бойынша кабинеттерге бөлінді. «Қазақ: ұлттық мүдде. Ар-ождан. Білім» жобасы бойынша бесікке салу дәстүрі көрсетіліп, бескке салу ырымдарын жасап, әжелеріміз баланы бесікке бөлеп көрсетті. Ал  білікті мамандар Н. Кистаубаева мен Ә. Нұрманбетова «Талапты ұрпақ – ел болашағы» атты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу  мақсатында коучинг өткізді. Сонымен қатар, А.Д. Абданова, Г.Т. Умарова Ар» ұғымының адамгершілік құндылық ретінде мәнін ашу, ұят, ар, намыс туралы түсінік беру, сыпайы қарым-қатынас жасау іскерліктерін дамыту, ұяты бар, арлы  бала  болуға тәрбиелеу мақсатында «Арыңды жасыңнан сақта» атты шебер сынып ұйымдастырды. Шебер сыныпта «Додекадр» әдісі бойынша сәлемдесіп, «Қазақ үй» әдісімен үш (ар, ұят, намыс) топқа бөлді. Қатысушылар «Сәттілік шеңбері» әдісі арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған сұрақтарға жауап берді.

Мәжіліс залында  Ж.Диас, Д.Д.Алипова «Даналық мектебі» жобасы аясында «Асқарым бар өте биік «Әке» деген» тақырыпта шеберлік сыныбын өткізді. Қызыл түсті таңдаған әкелер асық ойынының түрлері, ойнау әдістері, баланың дүниетанымына пайдасы туралы жан-жақты мәлімет берді.  Жасыл түсті алған әкелер «Әке мен бала» көрінісін қойды. Көк түсті киіз үйді таңдаған әкелер қазақтың қолөнері жайлы, қамшы өрудің әдісін көрсетті, өрімнің түрлерін айтты. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Қазақтың қолөнері – ұлттық мұрамыз, халық қазынасы. Ұлттық қолөнеріміз халықтың этикалық, эстетикалық, мәдени дәстүрін көрсетеді. Қазақ халқының таза, табиғи материалдардан жасалатын қолөнер бұйымдарын бүгінгі таңда №24 лицейдің ұлағатты ұстазы, үлгілі әке Бармешов Бейімбет Курманович дәріптеп келеді. Атап өтсек,  қазақтың ұлттық өнері қамшы өруді өз ұлы Құрман Заңғардың бойына сіңіре білген әке, болашақта күллі қазаққа ұмытылып  бара жатқан қолөнерімізді қайта жаңғыртады деген үміттеміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button