AMANATАлматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚазақстан жаңалықтарыҚоғамМәдениет

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР — ТӘРБИЕНІҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ

Елімізде ұлттық құндылықтар мен тәрбие мәселелері – басты назардан түспейтін сұрақтардың бірі. Жуырда Іле аудандық «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Bir Tolqynda» жобасы аясында «Ұлттық құндылықтар — тәрбиенің түп қазығы»  тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Шараға арнайы «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Қ. Байғоджаев қатысты.

Мәдени жиынға «Экономика және құқықтану» және «ПРОГРЕСС» политехникалық колледждерінің студентері, Іле аудандық аналар төрағасы Жабиева Мейрамгүл апамыз, Іле аудандық Аманат партиясының төрағасы Алмасбек Қожабекұлы қатысып, Наурыз мерекесінің ұлттық құндылықтары және ұмытылып бара жатқан салт-дәстүріміз дәріптелді.

Шара барысында Қ. Байғоджаев жастарды кітап оқуға білімдерін шыңдауға шақыра отырып, Ұлттық Құрылтайда президентіміз Қ. Тоқаевтың атап өткендей ұлттық киімдеріміз туралы да тілге тиек етті. Жастарымызды шетелдің сән салтанатына емес өзіміздің ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүруі керек екендігін атап өтті. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар ұлттық құндылық аясындағы тақырыптарды талқылап, салт-дәстүріміз жайлы кеңінен сөз етті.

Аналар кеңесінің төрайымы Жабиева Мейрамгүл: «Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше. Қазақтың салт-санасын жаңғырту еліміздің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы  мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, төл құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу – ұлттық идеяның негізгі бағыты. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өскелең ұрпаққа жеткізу біздің ата-бабалар алдындағы борышымыз деп білемін».

Шара қатысушылары бірлестіктің алдағы жұмыстары мен бастамаларына сәттілік тілеп, қоғамда ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында бірлесе жұмыстарды атқаратындықтарын жеткізіп, ұсыныс-пікірлерін айтты.

Өскелең ұрпақтың бойына бабалар аманатын сіңіру мақсатындағы өзектес шараларды алдағы уақытта да жалғастыратын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button