Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыДенсаулықҚазақстан жаңалықтары

МӘМС – ДЕНСАУЛЫҚҚА САЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

2017 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілді. Медициналық қызметті қолжетімді етуге бағытталған бұл бағдарламаның қазіргі ахуалы қандай? Осы сауал аясында Іле аудандық орталық аурухананың алғашқы медициналық санитарлық көмек бөлімінің басшысы Сулейменова Лязиза Алькеновнамен сұқбаттасқан едік.

− Лязиза     Алькеновна      МӘМС       жүйесі       туралы  айтып   өтсеңіз.
− Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылы 1 қаңтарда іске қосылды.  Бұл жүйе адамдарға медициналық тексерістерді тегін өтуге мүмкіндік береді. Азаматтар сақтандыру қорына ай сайын жарна төлеу арқылы, емханада диагностикалық қызметтерге, портал арқылы жоспарлы түрде емдеу, күту және оңалту шараларына жүгіне алады. Сонымен қатар, коронарография,коронарлық шунттау, трансплантология сынды қымбат оталарды сақтандыру арқылы тегін өтуіне болады. Сақтандыру қорына жарна, жұмыс істеушінің еңбекақысынан ұсталады. Ал жеңілдігі бар 15 санатқа кіретін адамдар мемлекет тарапынан бұл медициналық қызметті тегін өтеді.

− Жарна төлеуден босатылған бұл топқа қандай адамдар кіреді?

− МӘМС бойынша мемлекет есебінен сақтандырылған бірқатар халық санаты бар. Олардың сақтандыру қоры  мемлекет қаражатынан толықтырылады. Оның ішінде: балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері; ҰОС ардагерлері мен мүгедектері; мүгедектер; жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар; интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар, сондай-ақ техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО-дан кейін білім алып жатқан тұлғалар бар. Бұдан өзге, жарна төлеуден бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар; зейнеткерлер; әскери қызметкерлер; арнаулы мемлекеттік қызмет жұмыскерлері; құқық қорғау органдарының жұмыскерлері; ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер; уақытша ұстау оқшаулағыштары мен тергеу оқшаулағыштарындағы азаматтар босатылады.

Аталған тұлғалар мемелекет тарапынан медициналық көмекті тегін алуға құқылы. Ал сақтандыру мәртебесі жоқ науқастар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне жүгіне алады. Ол жедел жәрдем шақыру, профилактикалық тексеріс, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, дәрігерге алғаш жүгіну, туберкулезді диагностикалау және халыққа қауіп төндіретін жұқпалы ауруларды емдеу Алайда науқастың әрмен қарайғы тексеріс шаралары өз қалтасынан төленеді.

− Биыл МӘМС бойынша төленетін жарнаның мөлшері қанша?

− МӘМС бойынша Жалдамалы жұмысшы жалақысынан 2 пайыз, ал жұмыс беруші 3 пайыз төлемін төлейді және сол арқылы жалдамалы жұмысшы тегін медициналық көмекке жүгінеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар  бір айлық көрсеткіштің 5 пайызын төлейді. Бұл жуықтап алғанда 4 250 теңге көлемін құрайды. Ал жеңілдігі бар азаматтар медициналық қызметті мемлекет есебінен алады. Бұл қызметтерге практикалық және зертханалық зерттеулер, ультрадыбыстық, ренгент, КТ, МРТ, кейбір қосымша фибросканингтер, коронарография жатады-мұның бәрі МӘМС аясында тегін жүргізіледі.

− Сақтандыру мәртебесінің бар-жоғын қайдан көруге болады?

− Сақтандыру мәртебесін әлеуметтік медициналық сақтандыр қорынан (fms.kz), egov.kz электронды үкімет порталынан (жеке кабинет «Денсаулық сақтау» бөліміне), жеделхат Saqtandyru-Bot каналы мен Qoldau 24/7 мобилді қосымшасынан көре алады .

− МЭМС қызметін төлеуден бас таруға бола ма?

− Бұл міндетті медициналық сақтандыру деп есептелетіндіктен, жұмыс істейтін азаматтар бұл жарнаның құнын төлеуден бас тарта алмайды.

− Егер жұмысшы жұмыс орнынан шығып қалған жағдайда, арасын суытпай ауруханаға жүгінсе, тегін медициналық көмекті пайдалана ала ма?

− Егер адам жұмыстан шығып қалса, жеңілдік санатына жатқызылмаса, сақтандыру қорынан автоматты түрде жалақыдан жарна аудару үдерісі тоқтайды. Бұл аралықта науқас емханаға жүгінсе, оның мәртебесі сақтандырылмаған деп шығады. Сәйкесінше, ол тегін медициналық көмекке жүгіне алмайды. Сақтандыру мәртебесін қайтару үшін өзін-өзі жұмыспен қамтушы азамат ретінде 5 пайыздық жарна төлеуі қажет болады.

− Егер науқас сақтандыру мәртебесінің жоғын ауруханаға жүгінген сәтте білсе, ол сол мезетте жарнасын төлеп, МӘМС-ті қолдана ала ма? Әлде бұл үдеріс ұзақ уақытты қажет ете ме?

− Екінші деңгейлі банктер арқылы жарнаны төлеу өте ыңғайлы әрі тез жүзеге асады. Әсіресе, күнделікті қолданып жүрген Kaspi қосымшасы арқылы ақша бірден қабылданады. Төлем түскеннен кейін араға ұзақ уақыт салмай сізде сақтандыру мәртебесі қайта тағайындалып, тексеріс қызметтеріне бұрынғыша жүгіне бересіз.

− Егер тұтынушы бір жыл ішінде медициналық көмекке жүгінбесе, оның сақтандыру қорындағы жарнасы сақтала ма? Алдағы уақытта оны қолдану мүмкіндігі бар ма?

− Егер тұтынушы медициналық көмекке жүгінбесе, Ол аударымдар медициналық сақтандыру қорында жинақтала береді. Мұнда қаржы өзге  қымбат тексерістерге немесе сақтандыру мәртебесі бар басқа науқастарға төленеді. Әр азамат өзі үшін төлейді.  Бұл тұста жылына қанша шегерім жасалды, жинақталған сомаға басқа тексеріс қызметтеріне жүгіне ала ма деген жағдайлар ескерілмейді.  Егер ол сақтанушы мәртебесіне ие болса, оның шегерім санына қарамастан, кез келген диагностикалау және емдеу шараларынан өту мүмкіндігі бар.

−        Егер тұтынушы 1 жыл көлемінде төлеп, бір айын төлемеск онда науқас сақтандыру мәртебесінен автоматты түрде айырылады дедіңіз. Бұл қаншалықты дұрыс шешім деп ойлайсыз?

−        Әрине, халықтың бұл тұста айтар наразылығы бар. Десек те,  міндетті медициналық сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген. Сондықтан біз ай сайынғы салықтарды қалай төлесек, медициналық сақтандыруды да осы қағидат бойынша солай төлеуіміз қажет деп есептеймін. Себебі бұл инвестиция біздің денсаулығымызды сақтауға салынып жатыр. Оған қоса, бірізділікте жасалмаған төлем – сақтандыру қорының қаражатын есепке алу кезінде қиындық туғызады.

− Науқастардың МӘМС бойынша емханаға жүгіну үдерісі қалай жүзеге асады? Қандай да бір құжат жинау талап етіле ме?

− МӘМС бойынша тексерілу барысында науқастан тек жеке куәлік қана сұралады. Сол арқылы оның сақтандыру мәртебесі тексеріледі. Онымен қоса, емханамыз «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесімен бірлесе жұмыс істейді.  Сол арқылы  біз оның бекітілуін тексереміз. Науқас МӘМС шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігінінің хаттамасында көрсетілген тексерулер мен ем-шаралардан тегін өтуге құқылы.
Естуім бойынша, интернационал және өзге қала түбінде шайқасқан арадгер жауынгерлер жеңілдігі бар топқа жатқызылмаған. Бұл рас па?

− Өкінішке орай, Интернациолист жауынгерлер Ұлы Отан Соғыс ардагерлерімен теңестірлігенімен, МӘМС-тің жеңілдіктер санатына кіргізілмеген. Сондықтан бұл соғыс ардагерлері барлық медициналық тексерісті ақылы өтуіне тура келеді. МӘМС жүйесі алғаш қабылданғанда біз бұл сұрақты талқылаған едік. Бірақ нәтижесіз. Бұл мәселе мемлекет деңгейінде шешімін табу қажет деп есептеймін.

− Ауруханаға медициналық сақтандыру бойынша жүгінетін науқастар бар ма? 

− Біздің емханаға жүгінген он адамның сегізі осы МӘМС бойынша қаралады. Дәрігердің алғашқы қабылдауы, жалпы тексеріс, терапевт, педиатр ТМККК шеңберінде жүреді. Ал одан кейінгі жіті тексеріс шаралары МӘМС шеңберіне жүзеге асады. Науқасты зертханалық тексеруге, рентгенге, МРТ-ға, кейбір ультрадыбыстық зерттеу қызметтеріне жіберу тегін жүзеге асырылу үшін сақтандыру мәртебесі қажет. Сондықтан одан әрі әрекет ету үшін науқас сақтандырылған немесе жоғарыда аталған санаттарға кіруі қажет. Егер жоқ болса, онда ол бұл қызметтерді ақылы түрде өтуіне тура келеді.

− Қаралғандардың қатары қанша?

− Сақтандыру бойынша ауруханамызда қанша адам тексерілетінін айту өте қиын. Себебі, күніне қаралымға  600-700-ге жуық адам келіп кетеді. Медициналық сақтандыру бойынша ең көп жүгінетіндердің санаты — балалар мен зейнеткерлер. Біздің Іле ауданы бойынша сақтандырылмаған  азаматтар көрсеткіші 20-22%  шегінде. Әрі бұл медициналық сақтандырудың ең алдымен өздеріне қажет екендігін түсіндіру қажет деп есептеймін. Себебі, қосымша тексерулер қажет болған жағдайда, олар тегін медицинаға жүгіну үшін 1 жыл төлемеген пайыздық жарнасын сол мезетте толық төлеуі қажет болады. Ал 4250 теңгені 12 айға шаққанда қомақты сома шығады.   Сақтандырылмаған жағдайда бағдарлама оны тегін медициналық қызмметке қабылдамайды. Сондықтан, бұл тұрғындар өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде МӘМС-тің ай сайынғы жарнасын төлеп тұрғаны абзал.

− Бұл жүйенің жай-жапсарын білетін адам ретінде, осы бағдарламаға қатысты ойыңызды тыңдасам деп едім.

− Міндетті медициналық сақтандыруды енгізген кезде,  медицина әлдеқайда алға жылжыды. Науқастардың қолдану аясы тар болған қымбат тексерістерге, қазір қолы жетіп отыр. Бірнеше тексерістерден өту, нақты диагноз қоюға және асқынуы мүмкін дерттің алдын алуға мүмкіндік береді. Мәселен, бұған дейін МРТ құны 14-тен 28 мың теңгеге дейін болған.  Жылына бұл процедура бір немесе екі рет өтуілуі тиіс. Диспансерлік есепте тұрған пациенттер қажет болған жағдайда МРТ-ні әр үш ай сайын өтеді. Сондықтан, қымбат тексерулерді ескере отырып, науқастар МӘМС шеңберінде өз қалтасынан емес, сақтандыру қоры есебінен өтетіні тиімділігін байқатады.

− МӘМС бойынша науқас барлық ауруханаларға жүгіне ала ма?

− Көбіне сақтандыру бойынша науқастар өзінің жергілікті тұрғын мекемесіне жүгінеді. Егер тіркелген ауруханада керекті қызметтер болмаса, науқастың таңдауымен аурухана басқа емханаларға жібереді. Басқа мекемеде дәл осы сақтандырумен тегін медициналық көмекке жүгінеді.

− Бұл сақтандыру жүйесін ел асқанда  қолдануға бола ма? 

− МӘМС және ол бойынша төлеген жарналарымыз шетелде жүрмейді. Онда олар ерікті медициналық тексеруден ақылы түрде өтуі қажет болады.

− МӘМС жүйесінің болашағы бар ма? 

− Әлбетте. Біз бұл бастаманы жалғастыруымыз керек. Көптеген дамыған елдердің тәжірибесінде міндетті медициналық сақтандыру бар. Сол себепті мен барлық азаматтарды міндетті түрде медициналық сақтандыруды төлеуге шақырамын.

− Сөз соңында айтар ойыңыз болса, тыңдап отырмсын?

− Маман ретінде ең алдымен сіздерге денсаулық тілеймін. Сақтандыру мәртебеңіз болса да, болмаса да жыл сайын профилактилық тексеруден өтуіңізді сұраймын. Денсаулық ең алдымен адамның өзіне керек. Ал оны сақтауға мемлекет тарапынан жағдайлар жасалып жатса оны неге қолданбасқа?
−              Сұқбаттасқаныңыз үшін рақмет!

Басқа жаңалықтар

Back to top button