ТОҚПАНОВ САЛҒАН СОҚПАҚ ҮЗІЛМЕЙДІ
Театр – мәдениет пен өнердің ошағы, сан өнердің тоғысатын киелі ордасы. Әрбір адам театрға барып, қойылымдарды көріп, жан дүниесі рухани кемелденіп, көңілінде жүрген кейбір түйткілдердің жауабын содан іздеп, жан тыныштығына бөленіп, ішкі менімен үнсіз тілдеседі. Театр адамды күлдіріп тұрып, жылататын, жылата отырып қуанта алатын мекен. Ел ішінде «Театр киімілгіштен басталады» деген тәмсіл де бар. Бұл пікір адамдар өздерін театрға келу арқылы рухани тәрбиелейтінін, тіпті театр талғамына сай киіну мәдениетін де реттейінін, көрермен мәдениеті туралы астарлы ұғым жатқандай. Мәдени-рухани құндылық, эстетикалық тәрбиені де осы театр сахнасынан ұғынасыз. Сондықтан да болар, театр өнері саф өнерге баланады.
1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды «Халықаралық театр күні» (World Theatre Day) деп бекітті. Жыл сайын көктем мезгілінің алғашқы айында бұл мерекені Халықаралық Театр институты мен дүниежүзіндегі театр қауымдастықтары, кез келген елдің мәдениеті көрініс тауып, тарихынан сыр шертілетін киелі сахнаның арғы жағы мен бергі жағындағы қызметкерлер де кәсіби мерекесі ретінде атап өтеді.
Халықаралық театр күні – бұл театр қайраткерлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, күллі өнерсүйер қауымның мерекесі. Ұлы өнердің ұлықталар күні. Деректерге сүйенсек, тұңғыш театрлық қойылым біздің дәуірімізге дейін 2500 жыл болған. Алғашқы театрлық ойын Мысырда қойылыпты. Оның сюжетіне мысыр аңызының образдары – Осирис құдайының хикаялары енді.
Театр күні мерекесі қарсаңында Іле ауданы А. Тоқпанов ауылындағы №42 орта мектепте Асқар Тоқпанов атындағы мектеп театры ашылды. Театрдың ашылуына Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері Иманғали Әсет Иманғалиұлы, А.Тоқпановтың жиені Байтугелов Дулат Маратханович, аудандық Білім бөлімі жанындағы әдістемелік кабинеттің әдіскері Молдағұлова Ақмарал Құрманжанқызы, ақын, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, ардагер ұстаз, А. Тоқпанов ауылы аналар кеңесінің төрайымы Топарова Баян, «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығының мүшелері қатысты.
Мәдени шара №42 орта мектеп фоесіне ілінген Асқар Тоқпановтың «Carpet art» әдісімен кілемге салынған суретінің лентасын қию рәсімімен басталды. Ашылу салтанатында аудандық Білім бөлімінің әдіскері А. Құрманжанқызы сөз алып, жиылған жұртты театр күнімен құттықтап, №42 орта мектеп ұжымы мен шәкірттерінің республикалық «Әбіш оқулары» байқауында сахналық қойылым бағыты бойынша жүлделі ІІ, ІІІ орын иеленіп, ауданымыздың мерейін өсіріп, мәртебесін арттырып жүргенін тілге тиек етті. Ал, ақын Б. Топарова КазЦИК ауылының Кеңес үкіметінен келе жатқан атауы өзгеріп, А.Тоқпанов ауылы атанып жатқаны өлгенімізді тірілтіп, жоғалтқанымызды қайта тапқанымыз екенін атап өтті. Сондай-ақ, «А. Тоқпанов ауылындағы №42 орта мектепке Атымтай Қисановтың немесе Асқар Тоқпановтың, ал Жайнақ ауылындағы №31 орта мектепке Торғын Тасыбекованың аты берілсе, тұлғаларымызды жас ұрпаққа дәріптеудің бір үлгісі болар еді. Асқар ағамыз туралы сөз қозғағанда оны Шиликемер ауылында туған дейді. Негізінде ол кісі А.Тоқпанов ауылында (бұрынғы №10 ауыл) дүниеге келген. Қазіргі А.Тоқпанов ауылы бұрын Шиликемер ауылына қарасты №10 ауыл деп аталған. Сондықтан, алдағы уақытта осы олқылықты түзетіп, Асқар ағамыздың өмірбаянын жазғанда өз туған ауылын көрсетіп жазса екен» — дей келе, Асқар Тоқпановтың өмір жолына шолу жасап, ауыл тарихына тоқталды.
Театр күніне арналған мәдени кешке қатысушылар мектеп кітапханашысы Сайфуллина Гауһар ұйымдастырған Асқар Тоқпанов бұрышына қойылған өнер қайраткерінің отбасылық, әріптестерімен бірге түскен суреттерін, ол кісі туралы әр жылдары жазылған мақалаларға шолу жасап, өнер иесінің өмірімен танысты. А.Тоқпановтың жиені Дулат Маратханович фотосуреттер арасынан өзінің анасының суретін көріп, отбасылық суретке түскен туыстары жайлы сағынышты естелігімен бөлісті. Г. Сайфуллина бұл естеліктерді арнайы іздеп М. Әуезов атындағы драма театрдан, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясынан сұрастырып, А. Тоқпановтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалым Аман Құлбаевтың жеке мұрағатынан тауыпты.
Мәдени шара №42 орта мектептің әуен залында жалғасын тауып, Асқар Тоқпанов атындағы мектеп театрының ресми ашылу салтанаты өтті. Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері Иманғали Әсет Иманғалиұлына, театрдың көрер-мендерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы Есенжанова Гүлзия Сәрсенқызына, Іле ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Б. Көкенұлына, А. Тоқпановтың жиені Байтугелов Дулат Маратхановичке сөз беріліп, Асқар Тоқпановтың өмір жолы туралы бейнеролик көрсетілді.
Шара барысында сөз алған Ә. Иманғалиұлы театр майталманы Асқар Тоқпановтың ұстаздық ұлы жолда салған соқпағы қазіргі таңда қазақ режиссурасына даңғыл жол боп қалыптасқанын, қазақ театр өнерінде есімдері алтын әріппен жазылған мықты өнерпаздар мен режиссерлар «Тоқпановтың тоқпағынан шыққандар» екенін тілге тиек етті. Ал өзі А. Тоқпановтың немере шәкірті болғанын (шәкіртінің шәкірті) мақтанышпен айтып жүреді екен. Ал, Бақытжан Көкенұлы «Мен сіздерді ең алдымен театр күнімен құттықтаймын. Осы орайда ауданымызда құрылған Ақши халық театры облыстық, республикалық байқауларда жеңімпаз атанып, өнер биігінен көрініп жүргенін мақтанышпен айта аламын. Театр – халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. Сол себепті, ұстаздар мен оқушылардан мектеп театры құрылып, оқушыларды эстетикалық тұрғыда тәрбиелеп жатқан ұжымға алғысымыз шексіз» — дей келе, мектеп театрына Асқар Тоқпановтың аты берілгені ауылымыздан шыққан дарынды тұлғаның қазақ мәдениетіне сіңірген зор еңбегін жастарға насихаттаудың озық үлгісі деп баға берді. Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері атанған Асқар Тоқпановтың жиені Байтугелов Дулат Маратханович нағашысын ұлықтап, мектеп театрына атын беріп жатқаны кейінгі ұрпақ атасының елге сіңген еңбегін бағалап, өнерге деген, өнер иесіне деген құрмет екенін айтып, шексіз алғысын білдірді.
Іс-шарада Асқар Тоқпанов атындағы мектеп театрының жетекшісі, №42 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Есболова Гүлсара Әмірқұлқызын сөзге тартқан едік. Г. Әмірқұлқызы «КазЦИК ауылының атын қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, көрнекті педагог, профессор А.Тоқпанов атымен аталуы мектебіміздегі театрдың ашылуына негізгі түрткі болды. «Мектеп театры» жобасын енгізудегі мақсат – білім алушылардың шығармашылығын дамыту, балалардың бойына рухани қазынаны сіңіру және елжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, баланың сөйлеу мәнерін жақсарту, көпшілік алдында өзін ұстай білу, жан-жақты дамуына ықпал жасау. Болашақта мектебіміздің мәртебесін көтеретін, отбасы мәдениетін көрген, ізгілікке тәрбиеленіп келе жатқан тазалық пен адалдықты бойына сіңіретін білім алушылардың «Асқар Тоқпанов атындағы мектеп театрына» көп үлесін қосатынына сенім білдіремін», — дей келе «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында қолға алынған ірі жобалардың бірі – мектеп театры екенін атап айтты.
Мәдени кеш мектептің өнерпаз оқушылары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласып, әуелете ән шырқалып, мың бұрала би биленді. Сонымен бірге, Асқар Тоқпанов атындағы мектеп театры өз репертуранынан «Тұранбике ханшайым» пьесасынан үзінді қойып, көрермен қауымды тәнті етті. Көрермендер оқушылардың әртістік қабілетіне, образ сомдау шеберліктеріне ризашылықтарын білдірді.
Театр күніне арналған игі шаралар аудандық Білім бөлімінің әдіскері Молдағұлова Ақмарал Құрманжанқызы жетекшілік ететін «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығы халықаралық театр күні және 1 сәуір күлкі күні мерекесі қарсаңында театр саңлағы, қазақ режиссурасының атасы, Іленің дарынды ұлы Асқар Тоқпановтың құрметіне ұйымдастырған «Дейді екендер дейді екен» атты сатира жанрына арналған байқауымен өз жалғасын тапты. Байқау сатира жанры және театр өнеріне деген қызығушылықты арттыруды, оқушылар мен ұстаздар арасында кенжелеп келе жатқан сөз өнері мен театр өнерін жандандыруды мақсат етеді. Өнер байқауында қатысушылар «Ара – ара болсын, шаққан жері жара болсын» номинациясында сатиралық өлеңдерді мәнерлеп, нақышына келтіріп оқып, «Тоқпанов салған соқпақпен» атты бөлімде ұстаз — шәкірт труппасы болып қазақтың тұңғыш кәсіби режиссеры, театр педагогы-профессор, Қазақ КСР-нің Халық әртісі, ауданымыздың тумасы — Асқар Тоқпанов сахналаған пьесалардан 5-7 минуттан аспайтын үзінді көрсетті.
Білікті де білімді ұстаздардан құрылған қазылар алқасының шешіміне сай, байқауға қатысушылар Білім бөлімі басшысының І, ІІ және ІІІ орын грамоталарымен марапатталды. Сатиралық жанрдағы шығармаларды мәнерлеп оқу, қойылым қоюға арналған байқауға, мектепте құрылған жас өнерпаздар театрының өнерін тамашалап, біз өнер саңлағы, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, қазақ театр педагогикасының негізін қалаушы Асқар Тоқпанов салған соқпақтың үзілмей, даңғыл жолға бет түзегенін байқадық. Өнерлерің өрге жүзсін, жас талаптар!